Ресейдің Орынбор облысынан келе жатқан су Батыс Қазақстан облысына 20 сәуір күні келеді деп болжанып отыр. Бұл туралы жергілікті Uralsknews.kz басылымы жариялады.
Осыған байланысты, Жайық өзеніне жақын орналасқан облыстың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуацияланып жатыр. 102 шақырым аумаққа бөгеттер орнатылды.
Батыс Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар автожол арқылы 1 судың өтуі және 22 жол төсемін су шайып кетуі бақылауда.
Көлік қатынасы жоқ 9 елдімекен бар (Қаратөбе ауданы: Қособа, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары, Шыңғырлау ауданы: Ақтау ауылы).
Жергілікті масштабта 6 төтенше жағдай жарияланды (БҚО, Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандары).
Саяжайлардағы 2 994 үйді су басты.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі сақталуда.
Жайық өзені бойынша судың келуі 3000 м3 /сек.
Соңғы уақыт ішінде БҚО-дағы Жайық өзені деңгейінің өзгерісі:
Ресеймен шекарадағы Январцев ауылы тұсында – +8 см көтерілген;
Орал қаласында – +1 см
Көшім ауылы тұсында – 0 см
Тайпақ ауылы тұсында – +1 см.
Орал қаласы тұсында Жайық деңгейі 7 метрден 84 см асты. Қауіпті деңгей – 850 см.
БҚО-да Жайық өзенінен шамамен 1 км3 су алуға қабілетті Жайық-Көшім сағалық суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды.
Атап айтқанда, Жайық-Көшім су қоймаларының каскады 92 млн м3 суды, лиманды суару жүйесі – 335 млн м3, көл – 420 млн м3 сыйдыра алады. Қаразен өзеніне 50 млн м3 су, ал Қамыс-Самара көлдеріне – 100 млн м3 су жіберу жоспарлануда.