Nege тілшісі математик ғалымнан ертең өтетін Ұлттық құрылтай отырысына қандай ұсыныспен баратынын сұрады.
– Асқар Серқұлұлы, Ұлттық құрылтайға өз келісіміңізбен кірдіңіз бе?
– Осыдан екі-үш күн бұрын әңгіме болған. Одан кейін не болғанын білмеймін. Мүмкін, кірген шығармын онда.
– Жақында референдум өтті. Жалпы, «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатқан биліктің талпынысына қалай қарайсыз? Аты өзгергенмен, заты өзгереді ме?
– Еврей халқында «Құдайдың атын атай берме» деген тәмсіл бар. Яғни, қасиетті сөзді, қасиетті ұғымды орынды-орынсыз айта берме дегені. Құдайға құрметіңді сөзіңмен ғана емес, ісіңмен көрсет дейді. Ондай үрдіс қазақта да болған.
Мен үшін Жаңа Қазақстан деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші, сөз бен істің жақындығы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жалқы ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді. Орындалмаса, мылжың ел болып қаламыз.
Міне, осы үшеуін алып қарағанда, президент Тоқаевтың ісі дұрыс бағытта келе жатыр. Шынымды айтсам, бұл кісіге ішкі симпатиям бар. Сондықтан да бұл ұсынысты қабылдадым. Әрине, мұндай әңгімелер бұрын да болған. Ұлттық кеңес деген болды.
Жалпы, мен айтатынымды айтып жүрмін. Президент пікірімді қабыл алды. Өзім көп емес, ғылым-білім, қоғам, тіл жөнінде үш-төрт көлемді мақала жаздым. Соны оқыған екі-үш-ақ адам бар. Соның бірі – Қасым-Жомарт Тоқаев. Мен оны анық көрдім.
Фото: Ақорда
Өткенде бір кездесуге шақырған. Латын әліпбиі, ғылым-білім жөнінде әңгіме қозғалды. Сонда мен де шарт қойдым. Ақордаға бірінші рет тақта алып келді. Әріптерді, сөздерді тақтаға жазып-сызып көрсеттім. Ол кісі де алдын ала дайындалған екен. Президент те келісетін және келіспейтін жағын айтып, жазды. Шынымды айтайын, осы үрдіске тәнті болдым. Өйткені, талай басшыны көрдік қой. Көбінесе ұран, айқай сөз, диалогтан гөрі монолог көп болатын. Бұл кісінің ерекшелігі – сөзді тыңдай біледі және одан қорытынды жасай біледі екен. Соны байқадым.
Өзімнің айтып жүрген екі-үш мәселе бар ғой. Соның ең маңыздысы, қазақ – технократты ел болу керек деген. Соны бірінші болып қолдаған – Тоқаев. Және қолдап қана қоймай, бірден бұйрық шығарып, нақтылап қойды. Байқасам, бұл кісі менің пікірімді қайталап жүр. Бұл мен айтпасам, ол көңіл бөлмейді деген сөз емес. Бірақ екеуміздің ойымыздың байланысы барын байқадым. Әйтпесе, мен бұл мәселе туралы «Қазақ ел болам десе, ең алдымен технократты мемлекет болу керек, қазақ жаңа фабрика, зауыт салу керек, мұның бәрі жаңа технологияға негізделуі керек, онда қазақ балалары жұмыс істеуі керек. Сонда ғана тасымыз өрге домалайды» деп баяғыдан айтып жүрмін ғой.
– Президент «технократты елге айналуымыз керек» деген пікіріңіз бойынша нақты қандай істерді қолға алғанын айта аласыз ба?
– Ол тек қолдап қана қойған жоқ, жарлық шығарып, жүзеге асырып жатыр.
Бірінші, техникалық университет ашамыз деді. Ресейлік техникалық оқу орындарына түсетін балалар үшін грант санын көбейтеміз деді. Бұған «Болашақ» бағдарламасының қатысы жоқ. Бізде «Болашақ» бітірсе, бәріне жұмыс беру керек деген әңгіме бар. «Болашақты» оқығандарды жеңілдікпен жұмысқа алатын олар мүгедектер ме, екіқабат әйелдер ме? Оны білімі және білігімен дәлелдесін. Әңгіме – Ресейде, Алматыда, АҚШ-та оқығаныңда емес. Қазақстанда да оқып, өзін көрсетіп жүрген мамандар бар.
Біз Жапония сияқты көлік, жаңа технологиялық құралдар, АҚШ сияқты Apple өнімін шығарғандай нақты тірлік жасауымыз керек қой. АҚШ-та ең үлкен салық төлеуші – Apple компаниясы. Ал бізде – шікизат өндіретін мұнай-газ компаниясы. Қазаққа тек шикізат қана сатқан тиімді. Ақшаны ұрлап, тығып, қашу керек. Болды.
Қазаққа жаңа инженер, жаңа программист керек. Қазақ атом электр станциясын салып, өзі басқару керек. Сол сияқты президент: «Satbayev University – Қазақстандағы техникалық білімнің флагманы, жалғыз ұлттық ғылыми-техникалық университет. Сондықтан ол жаңа техникалық университеттер үшін ғылыми-өндірістік базаға айналуға тиіс», – деді. Міне, нақты шаралар деген осы. Сонда ғана қазақтың мәртебесі көтеріледі. Ал қала мен көше атауын өзгертемін деген елдің болашағы жоқ. Ертегі, аңызбен алға шығамыз деген – бос қиял. Соны түсінуіміз керек.
– Біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұрпақты жалған ұран мен жағымпаздыққа, бойкүйездікке үйретіп алдық деп ойламайсыз ба?
– Қаңтарда көтеріліс болды. Соған қатысқандардың 99 пайызы – қазақтың 20 мен 30 арасындағы жастары. Олар Тәуелсіз дәуірден шыққан балалар. Бәрі мәңгілік ел деген сөзді жаттап, рухани жаңғыру дегенді күнде миына құйғандар. Сөйтсек, ол сөздің бәрі олардың санасында әшейін қызыл, көпірме сөз болып сіңіп қалған екен ғой.
Сол жастар президент ғимаратын өртеді. Егер қазақ ырымына, заңға келсек, бұл – өте жабайы құбылыс. Айтуға ыңғайсыз нәрсе. Өйткені, әр елдің өз символы болады. Мысалы, елтаңба, әнұран десек, бұл қатарға президент сарайы да кіреді. Бұл «шаңырақты құлатты» деген ұғыммен пара-пар. Жастар осындай әрекетке неге барды? Олар тәуелсіз ел тәрбиелеген балалар ғой. Демек, сөзіміз бен ісіміз алшақ болып тұр. Енді сөз бен істі жақындату керек. Жалқы ұмтылыс қажет. Басқа жолды көріп тұрғам жоқ. Ертең Ұлттық құрылтайда сөз берсе, осы мәселені ашық айтамын.
Көрегенді саясат, мәңгілік ел, рухани жаңғыру – бәрі бос сөз. Мен ондай сөзді түсінбеймін. Бәлкім, біреуге, сізге керек шығар, білмеймін. Мысалы, нақты нәрсені ұстап, иіскеп көруге, тістеп көруге болады. Ал рухани жаңғыру дегеннің не екенін түсінбеймін. Оны ұйқас, поэтикалық образ ретінде қабылдаймын. Бірақ заң категориясы ретінде қабылдай алмаймын.
Кеше көшеге шыққаның бәрі рухани жаңғыруды сіңірген балалар. Оның бәрі өзіңді көзбояушылық, ақымақ ретінде көрсету. Бізге осыдан арылатын уақыт келді. Нақты категориямен жұмыс істейтін заман туды. Мен осыны айтпақшымын. Қазаққа бұл сөз ұнай ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ тыңдайтын адам болса, айтамын. Он жылда бір адам – Тоқаев тыңдады ғой. Бәлкім, екі адам тыңдар. Үш адам болса, одан артық керегі жоқ. Соның өзі маған жетеді.
Фото: tengrinews.kz
– Бұдан басқа қандай ұсыныспен барасыз?
– Бұрын бізде «Білім және еңбек» деген журнал болатын. Қазір жоқ. Жалпы, Қазақстанда ғылым мен білімге шақыратын бірде-бір журнал жоқ. 2015 жылы «OYLA» деген журнал 7 жылдай шықты. 0-ден 20 мың тиражға жеткен. Оның 13 мыңы – орыс тілді оқырман, 7 мыңы – ағылшын тілді, қазақ оқырманы 13 қана болыпты. Ешкім жазылмаған. Сол журнал жабылып қалды. Ресейдің ММУ-ін бітірген қазақтың төрт баласы шығарды. Қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік біледі. Үш тілде бөлек-бөлек шығарды.
Бұл журнал қазақтан шыққан франшиза еді. Осыны АҚШ, Ресей сатып алып отыр. Бірақ барлық мақаланы қазақтың жігіттері қадағалайды. Қазір газет, интернет сайттарын қарасаң, қате өріп жүр. Ал мына журналда қате таппайсың. Редактор мақаланы бір ай қарайды. Алайда, қазақ редакциясы жабылды. Себебі, сұраныс жоқ. Ұят, намыс деген сөзді осы жерде айтпағанда, қашан айтамын? Бұл нені көрсетеді? Балаға кәмпит берсең, тілі ойылады, тісіне құрт түседі. Қазақ қоғамы жылтыр, көпірме сөзге, ертегіге үйір ғой. 30 жыл бойы солай келдік. Оны өзгертеміз деген ой да болған жоқ. Ертең осы журналды қайта ашу жөнінде ұсыныс айтамын. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болсын десек, техниканың, технологияның тілін меңгеруіміз керек. Техникалық ойлау жүйесі қалыптасуы қажет. Қазақ неге жазылмайды?
Келесі жылы 14 адам, арғы жылы 15 адам жазылса, соның өзі үлкен жетістік. Маған мың, миллион деген керек емес. Бір, екі деген сан маңызды. Сөз бен істің алшақтығы мың шақырым емес, бір метр болуы керек. Мысалы, әлеуметтік желіні қарасаң, қазақты ең көп толғандыратын қай сұрақ дейсің ғой. Бірінші – көше атын өзгерту, екінші ауылдың атын ауыстыру, үшінші – біреуге ескерткіш қою немесе құлату. Тағы біреуі бар – «пәленшенің мерейтойы аталып өтпеді» деген.
Егер әлеуметтік рейтингті бағалағыңыз келсе, «Шыңғыс хан – қазақ емес» деп жазып көріңізші. Бір сағатта ашуға булыққан мың комментарий жазылады. Сосын «Ом заңы мен Кулон заңының айырмашылығы неде?» деп жазып көріңіз. Бір жылда бір комментарий жаза ма екен?
Міне, бұл қазақ үшін ойландыратын мәселе. Билік қана емес, халықтың өзі де жаңалыққа ұмтылып, менталитетті бұзатындай тірлікке көшу керек. Оның орнына айтатын әңгіме – қирату, бұзу, атын өзгерту. Содан өмір тамаша болып кететін сияқты. Бұл – болмайтын әңгіме. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейміз. Қазақ өтірік айтпайды деген сөз ғой. Бірақ ылғи өтірік айтады. Өйткені, өтірік қанына сіңіп қалған. Демек, бұл ойлау жүйесінен арылуымыз керек.
– Халық жаңалыққа ұмтылу үшін жағдай жасалуы керек шығар...
– Жаңаөзендегі көтеріліс неден шықты? Газ қымбаттап кетті деді. Сөйтсек, Қазақстанда газ шығаратын зауыт жоқ. 1980 жылы салынған зауыттың 90 пайызын күрделі жөндеуден өткізу керек екен. Ал елімізде мұнай өңдейтін төрт зауыт бар. Бірақ бірде-бір мұнай өнімін өндірмейді. Германиядағы 20 зауыт мұнайдан түскен өнімнен пластик, құбыр, шампунь, т.б. өндіреді. Демек, қазақ ісімен де мықты ел боламын десе, тек шикізат қана шығармай, өнім шығаратын зауыт салу керек.
Қазақстан бүкіл зауыт-фабрикасын қиратып бітті. Алматыда АДК комбинаты болды. Қаланың жартысын солар салды. Қазір қайда? Оның орнында сауда орыны. Ертең жер сілкінсе, АДК салған үйлер тұрады, кейінгі салынғандар қирап қалады. Одан бөлек АХБК болды. Ол да сауда орнына айналды. Сонда қазақтың мақсаты не? Азаннан кешке дейін сауда жасап, қала мен көшенің атын өзгертумен өмір сүру ме? Бұл дұрыс емес. Халық жақсы, үкімет жаман деген сөз болмайды. Халық қандай болса, үкіметі де сондай. Демек, екеуі де өзгеруі керек. Яғни, кез келген адам өзіне сыни көзбен қарауы қажет.
– Ғылым-білім мәселесіне жаныңыз ауырып жүрген ғалымсыз ғой, министрліктің екіге бөлінгенін құптайсыз ба?
– Білмеймін. Меніңше, осы министрлер кабинетінде мықты екі министр бар. Олар – Бағдат Мусин, екіншісі – Асхат Аймағамбетов.
Олар несімен мықты? Екеуі «Болашақты» бітірмеген. Қазақстанда өмірге кеп, осында оқыған. Қазақ менталитетін жақсы сіңірген. Сонымен қатар өз кәсібін шебер біледі. Мусин – СДУ-ді бітірген өзімнің студентім. Аймағамбетов – Қарағандыда оқыған. Шын мәнінде, екеуінің де сөз бен ісінің арасында алшақтық байқалмайды.
Ал министрліктің бөлінгеніне келсем, жаңа министрлікте соншалықты алып бара жатқан жұмыс жоқ. Оның пайдасын қазір көріп тұрғам жоқ. Бірақ жас жігіттің ісіне қарап көрейік. Жастарға орын беріліп жатыр. «Ақыл – жастан» дейді. Бірақ жастықтың бір кемшілігі бар, ол – өтеді де шығады. Мен де 20 жасымда осындай әңгіме айттым, қазір басқа әңгіме айтам деген сияқты ғой. Сондықтан әзірге баға беруге асықпайын.
– Жалпы, білім саласын басқарған министрлердің ішінде жанашырлықпен нақты жұмыс істегендері бар ма?
– Жақсыбек Құлекеев, марқұм Шәмшә Беркімбаева да кезінде бірталай мәселені шешті. Қазір Асхат Аймағамбетовтің жұмысын оң бағалаймын. Түк істемеген министрлер де бар. Олардың атын атамай-ақ қояйын.