Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әкім келгенде үйіне кіргізіп, қайтқан соң қуып шыққан. СҚО әкімі көзбряушылықпен айналысып отыр

09:29, 05 қаңтар 2024 256
Өткен жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез НҰРМҰХАМБЕТОВ Петропавлдағы «Береке» ықшамауданында 600 пәтерлі 6 үйдің кілтін иелеріне салтанатты түрде табыстаған. Бірақ...

Әкім пәтер кілттерін табыстағанда арындай сөйлеп, бүй деген: «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент тұрғындарға баспана қолжетімді болуы керек деп атап өтті. Жыл соңына дейін облыс орталығында 22 көпқабатты үй тапсырылып, 2 мыңнан аса отбасы жаңа қонысқа ие болады».

Бірақ әкім табыстаған коммуналдық үйлер әлі күнге дейін бос тұр. Өйткені тұрғындар өз пәтерлеріне өздері кіре алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр.

«Қараша айында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен хабарласып, жетпей тұрған құжаттарды түгендеуді, анықтамаларды әкелуді сұраған. Оның ішінде балалардың тууы туралы, неке қию немесе ажырасу туралы құжаттар бар. Біз сұрағанның бәрін тез арада жинап бердік. Содан кейін кезегімізді білдік. Мен № 10 болып тұрдым, маған сен алып үлгересің, бірінші үйден пәтер беріледі деп сендірді. Хабарды күт деді. Жаңа жылға дейін баспананың берілетіндігін айтты. Тіпті арнайы чат құрып, оған біздің санатқа жататын 88 адамды қосты. Бірақ содан бері тым-тырыс, бір хабар жоқ», — дейді «ҚазАқпарат» агенттігіне түсініктеме берген Оксана ТЫТЕНОК.

Әкім келгенде тұрғындарды пәтерлеріне кіргізіп, әкім кеткен соң оларды қайтадан қуып шыққан сыңайлы.

Бұл туралы жергілікті тұрғын Наталья СЕНЧИНА былай дейді:

«Толық емес отбасы» ретінде пәтер кезегінде тұрдым. Сол күні бізге пәтер кілтін берді, ішін кіріп көрдік, содан кейін бізді шығарып, есігін қайта құлыптап қойды. Неліктен әлі күнге дейін пәтерімізге кіре алмай отырғанымызды түсінбеймін, нақты себебін ешкім айтпайды. Біресе келісімшарт жоқ дейді, енді бірде комиссия қабылдамады деп айтты. Пәтерлерде жарық та, жылу да бар, газды да қосуы тиіс еді. Әкімдіктегілер жарықты уақытша берді" дейді.

Жетім ретінде тіркеліп, екі бөлмелі пәтер аламыз деп үміттенген жандар да алданып қалғанын біліп, сан соғып отыр.

«Кезекте 18-болып тұрдым. Балам екеуімізге 18 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Алдында екі бөлмелі береміз деген. Кейін әкімдіктің 217-кабинетіне барып білдім, құжаттары жоқ, сондықтан әзірге қоныстана алмайсыңдар деп айтты», — деп мұңаяды Әйгерім ШУҚАНОВА.

Жалға берілетін 6 коммуналдық үйде 600 пәтер бар. Оның 120-сы «жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар» санатына жататындарға берілуі тиіс болған.

Облыстың экс-әкімі Айдарбек САПАРОВТАН «мұраға» қалған бұл үйлер жоспар бойынша осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілуі керек еді. Алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен әлі күнге дейін қаңырап тұр.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта қоныстанушылардың тізімдері нақтыланып жатыр. Әкімдіктегілерге тізімді анықтау қиынға соғып жатқан көрінеді. Пәтер кезегінде тұрғандарды табу қиын-мыс.

Петропавл қаласының әкімдігі кезекте тұрғандардың тізімін жаңартып жатқандығы қараша айында белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура облыс орталығында тұрғын үйді бөлу кезінде көптеген заң бұзушылықтарды тапқан.

Қала әкімінің орынбасары Қалия ТҮРЕНОВА мұны ТКШ бөлімінде кадрлардың жиі ауысумен түсіндірді. Оның айтуынша, тізімдерді нақтылайтын арнайы түгендеу тобы да құрылған.

Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл санатқа тұрғын үйдің мемлекеттік қордан заңға сәйкес 20% үлесінің орнына небәрі 11% ғана алғанын анықтады.

Ведомство жетім балаларды баспанаға мұқтаждар тізімінен себептерін көрсетпей алып тастаған. Осындай 1 360 дерегі анықталыпты.

Тіпті 2021 жылы пәтерді төрт жылдан астам күткен Петропавл тұрғыны, жетім Александр РЯБУХА оны қайтыс болған адам ретінде кезектен шығарғанын кездейсоқ білген. Қала әкімдігі мұны техникалық ақаулықпен түсіндірді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезектілігі туралы ақпаратқа сәйкес Петропавл бойынша кезекте «жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатына кіретін 1 817 адам тұр.

Қысқасы, құрылысы біткен үйлер тұр, олардың қағаз жүзіндегі иелері де белгілі, бірақ олар жергілікті олақ шенділердің кесірінен пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр.

Ғауез Нұрмұхамбетов өткен жылы қыркүйекте ғана СҚО әкімі болып тағайындалды. Бірақ бұл оны жауапкершіліктен құтқармайды. Пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстадың ба – пәтерлерді иелеріне бер. Көзбояушылық жасап, халықты сенделтіп қоюдың не қажеті бар?

Әлде Ғ.Нұрмұхамбетов «қағаз үйлер» таратуды бұған дейін қызмет еткен жері – Қостанай облысы әкімдігінен үйреніп келген бе?..
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар