Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш қайраткерлері діндар болған жоқ - Болат Мүрсәлім

22:13, 19 наурыз 2024 403

Алаш қайраткерлерінің дінге көзқарасын арнайы тақырып етіп зерттеген ғалымды кезіктірмедім. Бәлкім, бар шығар. Алаш қайраткерлері деген де тұтас монолит емес, әрқайсысы жеке-жеке тұлға. Сонда да, кейбір мәселелерді айта кетейік.

«Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» дейді Ахаң. 1918 жылы Қоқан қырғынынан қашып жүріп ұсталғанда, Мұстафа Шоқай «Кімсің?» дегенге, «Әлмисақтан мұсылманмын» деп жауап береді. «...Осы үш түрдің бәрі біздің шариғаттан, Інжілден, Будда оқуынан, Л.Н.Толстой философиясынан табылады» деп жазады Әлихан. Яғни, Алаш қайраткерлерінің мұсылманшылығына күмән келтіруге болмайды.

Бірақ. Олар сол кездегі сәлдесі дағарадай шаласауат қожа-молдаларды әбден сынаған. Олардың дүмшелігін, өтірігін түйреп өтпегендері аз.

Ал, қазақ ұлт-азаттық қозғалысы саяси сахнаға шыққан уақытта Алаштың алдында дінді араластыру-араластырмау мәселесінде үлкен таңдау тұрды. Сол кезде Әлихан Бөкейханов қазақ даласында екі: не діни бағыттағы, не кең мағынада алғандағы батыс үлгісіндегі саяси қозғалыс пайда болуы мүмкін деп жазған еді. Солай болды да.

Алаш қайраткерлері батыстық үлгіні таңдады. Дін мемлекеттен бөлек болсын деп, Әлихан Кадет партиясынан шығып кетті. Елде ар-ождан, сөз бостандығы, жиылыс жасау еркіндігі болсын деді. Дін, ар-ождан мәселесі адамның ішкі, интимді дүниесі деп санады. Яғни, алаштың ұстыны – либерал құндылық. Олар алты миллион қазақтың қорғаны, дінінің де, ділінің де панасы болды, бірақ олар діндар болған жоқ.

Ол замандағы тарихи контекст пен қазіргі тарихи контекст бөлек. Сол себепті, Алашты қандай да бір дауларға, әсіресе діни мүдде көздеген дауларға сала берген мүлдем жөн емес.

Алаштанушы, журналист Болат Мүрсәлім

Facebook парақшасынан

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар