Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Алаш» сөзінің түп мағынасы қандай? - Ұлт көсемі жазып кеткен құнды дерек

22:09, 04 сәуір 2024 488

Қазақтың асылы турасында жалпы жұрт арасында бірсыпыра ертегілер бар болса да халық оған рас екен деп иланып жүрген жоқ. Қазақтың мектеп, медресе һəм школда оқып шыққан жастары қазақтың асылын анық біліп жете алмаса да, əйтеуір асылы түрік нəсілінен екендігіне анық иманады.

Ақылы мол, зейіні толық қара шаруаның да бірсыпырасы осыны қоштайды. «Қазақ пен ноғайдың түбі бір» деген сөзді һəр бір қарияның аузынан есітуге болады. «Өзбек өз ағам» деген мақалды һəр бір қазақ біледі. Бірақ, қазақтың өзге түрік қауымдарынан қай заманда айрылып,қалайша бөлінгендігі турасында анық мағлұмат жазылған жоқ болғанға көре сол арасы кішкене көмескі болып тұр.

Қазақтың бір сыпыра аңқау адамдарында «Анас саһабаның нəсіліненбіз» деген, қырғызда «Акаше саһабаның нəсіліненбіз» деген ауру бар. Бұл ауру тым-ақ күшті көрінеді. Тарихтан қандай мықты дəлел келтіріп «Анас» деген сөздің асылсыз екендігін ыспат етсек те оған инана қоймайды. Анаске жармасушылардың айтатын қара дəлелі мынау:

1) Қазақтың ұраны «Алаш»… Алаш – Анастан, Анас Анстан өзгерілген сөз дейді;
2) Араб көшпелі жұрт еді, Анас баласы болғандықтан қазақ көшіп-қонып тіршілік қылуды арабтан алыпты дейді;
3) Қазақ меһманпаз, қонақасыға мырза жұрт. Меһманпазлық араб халқының ғұрпы еді. Анастың нəсілінен болмаса қазаққа мырзалық қайдан келіпті дейді.

Мінеки, ақылға да ұнамайтын, тарихқа да симайтын осындай дəлелдерді жастанып, адасып жүрген талай адам бар көрінеді. Бұл дəлелдердің ақылға да һəм тарихқа да симай тұрғаны мынау:

Қазақтың «Алаш» атанған хиджретден (Мұхаммед Əлейх ас-Саламның Меккеден көшіп Мəдинеге барып кірген күнінен – т.б.) алты жүз жыл өткен соң, Шыңғыс хан тұсында болды. Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сараарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һəр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һəр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісі» («отечественник» – т.б.) деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:

Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;

Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, – дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісі мағынасында. Жəне қазақта «Алаш келе ме; Алаш келе ме» деген бір мысал сөз бар. Сондағы Алаш – шетелдің кісісі, Алаш – отан кісісі мағынасында болады.

Сол күнде Жошы ханға «Алаш» деп лақап қойылды. «Алашы – алаштың басшысы» («голова отечества» – т.б.) мағынасында болады. Қазақтың «Алаш Алаш болғанда; Алаш хан болғанда» деген ескі сөзі сонан қалған.

Бұл турада сөздің өзінен кейін жазбақшымыз. Бұл орында Алаштың «Анастан» алынбағандығын көрсету үшін ғана қысқаша жазып, осы менен қоя тұрамын.

Түрік баласы.

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №7

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. VIII том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар