Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш зиялылары - ұлт тарихындағы алғашқы реформаторлар буыны

21:35, 28 наурыз 2024 739
Тағдыр оның маңдайына жаңа сапа және ілгерішіл мазмұндағы қазақ ұлт-азат­тық қозғалысының жетекшісі болу мін­детін жазған екен. Осы ретте мынадай бір жағдайды еске алмасқа әддіміз жоқ. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы Балқашқа құятын Тоқырауын өзенінің бо­йында өмірге келді. Соның алдында ғана, яғни 1865 жылдың көктемінде Балқаштың оңтүстік шығыс іргесінде Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов дүниеден озды. Оның ең соңғы жазған ғылыми еңбегі «Сот реформасы туралы жазбалар» деп аталады. Сыни ұстаным тұрғысынан жазылған бұл еңбегінде ол «христиан және отырықшы орыс тұрғындары үшін даярланған өзгерістік шаралар» «менің Отанымда» сол күйінде енгізілетін болса, онда одан «ешқандай да жағымды нәтиже болмақ емес» деген тұ­жырымға келеді. Бұл ұлы ғалымның империя құрамындағы елінің ендігі жағдайына араша түсуі ғана емес, сонымен бірге сезік­тене қарауы да еді.
 
Өмірге Шоқанның ізін ала келген Әлихан Нұрмұхамедұлы 1867-1868 жылдардағы орыс әкімшілігі енгізген басқару жүйесі жағ­­­­дайында ер жетіп, есейді де, ресейлік рефор­малық шаралардың түбінде қазақ елін біржола жоюмен аяқталатынына көз жет­кізіп, жаңа сапа және мазмұндағы қа­зақ ұлт-азаттық қозғалысын бастау ісін қол­ға алды. Оқыған білімді азаматтары сау­сақ­пен санарлық сол тұстағы қазақ қоғамы жағдайында бұл өте ауыр іс болатын. Оның бұл бастаған ісін замандас серігі Ахаң ке­зінде: Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай! – деген өлең жолдары арқылы бағамдаған еді. Шоқан Шыңғысұлы сияқты, Әлихан Нұр­­­мұхамедұлы үшін де ресейлік билікке қатысты негізгі іргелі мәселе өкіметтің қазақ қоғамында жүргізген реформалық шаралары мен басқару жүйесінің ішкі мазмұны еді.
 
Түптеп келгенде, ұлттың тағдырын шешетін осы екі фактор-тын. Сондықтан, Әлихан Бө­кей­ханның көзқарастық ұстанымы мен әрекеті өзінен бұрынғы қазақ ойшылдары мен саяси қайраткерлері (К.Қасымұлы, И.Тай­­манұлы ж.б.) қызметінің жаңа тарихи жағдайдағы жалғасы болатын. Осы ретте Ә.Бөкейхан мен оның се­­­рік­­­терінің көзқарас ұстанымындағы мы­на­дай ерекшеліктерді бөліп атаған жөн. Шоқанның өмірі мен қызметі орыс билігінің қазақ қоғамына терең бойлап еніп келе жатқан мезгіліне тұс келсе, Әли­хан Нұрмұхамедұлының кемеліне келген шағы патшалық басқару жүйесінің дағдарыстық кезеңіне енуімен сипатталады.
 
Егер Шоқанның ғұмыры ерте қиылмағанда қазақ қоғамының жағдайына байланысты Ә.Бөкейхан жасаған тұжырымға, сөзсіз, ол дағы келетін еді. Шоқанның замандас жақын досы Г.Потаниннің Алаш қозғалысының бас­шыларымен пікірлес қана емес, ұлт мәсе­лесінде олармен бір ұстанымда болуы осы пікірге негіз бола алады. Сонымен, Әлихан Нұрмұхамедұлы, ол бастаған буын ұстанымындағы бүгінгі қа­­­зақ қоғамы үшін ең басты құндылық деп нені айтамыз? Басқаша айтқанда, бү­гінгі қазақ Алаш деп езіле еске алғанда оның сана­сында не тұрады? Ол, әрине, алаш­тық зиялылардың қазақ қоғамына байланысты реформаторлық ұстанымы, қазақ қоғамында заман сұранысына лайық түбегейлі өзгерістер жүргізу әрекеті еді.
 
Яғни, ХХ ғасырдың басындағы алаштық, ұлт­тық зиялылар буыны ұлт тарихындағы алғашқы реформаторлар буыны болатын. ХІХ және ХХ ғасырларда қазақ қоғамын реформалауға (модернизация) байланыс­ты өзара қарсы келген екі ұстанымды көре­міз. Бірі қазақ қоғамына байланыс­ты Ресей билеушілерінің көзқарасын білдіруші М.М. Сперанский мен П.А. Сто­лыпин ұста­ны­­мындағы реформалар. Бұл бағыттағы көздеген мақсат қазақ елі мен жерінің бар­лық мүмкіндіктері мен ресурстарын өз мүддесіне жарату, осы жолда қа­зақ халқын орыстандыру арқылы өзіне сіңіріп алу болды.
 
Ресей реформаторлары қазақ мем­­лекеттілігін түп-тамырымен жоюды, мемлекетшілдік идеясын қазақ санасынан біржола ысырып тас­тауды, қазақ жерін біржола орыс билігінде қалдыруды көздеді. И.Сталин өкіметі тұсында бұл саясат өзінің шарықтау шегіне жетті. Әлихан Бөкейхан бастаған алғашқы ұлттық зиялылар буыны ресейлік отарлау сая­сатына шектеу қою, қазақ жерінің бү­тіндігін, қазақ ұлтының бірегейлігін сақтау, осы мақсатта ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту жолын ұсынып білім мен ғылымға сүйеніп аталған мүдделерге қол жеткізу үшін бел байлап, білек түрініп күреске шықты.
 
Әлихан Бөкейханға Алла тағалам екі бірдей қасиетті, яғни білім мен мінезді молынан берген тұлға еді. Патшалық билік тұ­сында-ақ ол бүкіл қазақ жұрты мойын­даған саяси қайраткер дәрежесіне көтерілді. Оның халық арасындағы беделін байқаған замандас ағасы Бақытжан Қаратаев Оралдан жазған хатында (30.ІХ.1910 ж): «Сүйікті Әлихан! ...Қазақта ауызбірлік жоқ, бет-бетімен кеткен, оқығандары болса өз жұртын қадір тұтқанымен, бас қосып пай­далы іс бітіруге құлықсыз, бір-бірінің қыз­метіне қызғанышпен қарайды, яғни олар да өзара алауыз. Қазақ арасы дүйім елдің ықыласы мен сеніміне ие оқыған азаматқа тапшы. Тек сен ғана, халықтың ықыласына бөленген. Тек сенің ғана ел үшін қызмет жасадым деп айтуға хақың бар», – деп жазды.
 
Сонымен, қоғам өмірін реформалауға бай­­ланысты Әлихан Нұрмұхамедұлы жа­саған тұжырымдарға қысқаша тоқталып өтейік.
 
1-ден, Ә.Бөкейханның дәлелді атап көрсеткеніндей «жердің көп-аздығына қара­май, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан, ия егін салған... Қазақ жері мал кін­дігі, мұнда бұрын қандай жұрт жүрсе мал баққан. Жерінің ерекшелігіне қарай бейімделіп, мал өсіруді негізгі кәсібіне айналдырған жұрт жалғыз қазақ емес. Австралиядағы ағыл­­­шын жұрты, Швейцария елі де осы тиім­ді мал шаруашылығымен айналысып отыр». Әлекеңнің пікірінше, мал басын асылдандырып, тиімді мал шаруашылығына көшу қазаққа да жат емес.
 
2-ден, Ә.Бөкейхан алдымен патшалық биліктің, кейінірек кеңестік биліктің қазақ елін ешқандай да даярлықсыз тез арада оты­рықшы тұрмысқа аудару жобасына үзілді-кесілді қарсы шықты. Ең алдымен, деп жазды ол, қазақ «өз жерін құнттап ұстап» оның асты-үсті байлығын өз кәдесіне жарата білуді үйренуге тиіс. Олай болмаған күнде ол жердің берекесі қолынан іс келетін шебердің қанжығасында кетеді. «Өз жеріне өзі қызмет қылмай, іске жаратпай, жер закон арқылы менікі» дегендік «атадан қалған көп қазынаны басқан жаман бала сипатында емес пе? Бұл ақымақ сорлы қайда баратыны кәрі-жасқа мағлұм емес пе?». Әлихан Бөкейхан сол мезгілде-ақ қазақ жерінің кең және бай екенін, бұл жағ­дайлардың елдің игілігіне жағымды әсер ететінін жақсы түсінген.
 
Сонымен бірге, ол болашақта әрбір ұлттың байлығы жерінің кеңдігі және қазба берекесінің молдығымен өлшенбейтінін, ертең-ақ білім мен озық технологияға ие жұрттың алға шығатынын анық байқаған. Ол «жүйріктік – ақылда, ұсталық – жаһидшілікте» дейді. «Мал бағып, малының артынан еріп көшкен қазақ сияқты халық байлық, қазына мал кіндігінде деп біледі. Қазынаға қуат беретін адам ақылы, адам қолы, адам жаһиты екенін білмейді». Әлекеңнің түсінігінде тек заман сұранысына лайық өзгеру жолында тұрған халық қана ертеңіне сенімді.
 
Өкінішке қарай, қайраткердің бұл пі­кіріне екі билік те көңіл аударған жоқ. Кез келген теориялық ұстанымдардың дұ­рыс немесе қате екендігінің жалғыз өл­шемі – практика. Әлихан Бөкейхан мен оның серіктерінің саяси күресінің қазақ мүддесінен алшақ емесін көп ұзамай-ақ советтік шындықтың өзі-ақ көрсетіп берді. И.Сталин орнатқан диктатуралық режім­нің жүргізген реформалық шара­ларының нәтижесінде қазақ халқы бұрын-соңды бол­маған ашаршылықты басынан кешірді, өзінің жартысына жуық бөлігінен айырылды. Сталиндік билік қазақтың ұлттық интел­лигенциясы мен саяси басқарушы тобына, сондай-ақ дін қызметкерлеріне қарсы пер­­­манентті жазалау шараларын жүргізіп, алғашқы және келесі буын саяси элитаны, ық­палды дін адамдарын әлеуметтік және саяси күш ретінде жойды.
 
Қорыта айтқанда, Ресей империясы кө­лемінде большевиктер партиясы орнатқан диктатуралық билік жүйесі сырттан таңылған социалистік идеяның ресейлік нұсқасы қазақ халқы үшін қисапсыз мол азап әкелді. Бізді бүгін Әлихан Нұрмұхамедұлы бас­­таған зиялылар буынының көздеген мақ­сатына неге жете алмады деген сауал мазалайды. Бұл сауалға жауапты мынадай екі жағдайдан іздеген жөн. Біріншіден, ащы болса да тарихи шындықты мойындауға тура келеді, алаштық буын күрес алаңына шыққанда соңындағы елі оны қолдауға дәрменсіз еді. Ұйымдық тұрғыдан да, ма­­­териалдық тұрғыдан да қазақ халқы өзі­нің бас­таушы тобына көмек көрсетуге даяр болмай шықты.
 
Екіншіден, шама­мен 2008 жылдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымы АҚШ-тың қар­сылығына қарамастан жергілікті ха­­лық­тардың құқы туралы декларация қабылдады. Құрамында рекордтық сандағы жергілікті халықтары бар Ресей бұл дек­л­ара­цияға дауыс беруден бас тартты. Алаш неге жеңіліс тапты деген сауалға, міне, осы Ресей үкіметінің ұстанымынан жауап алуға болады. Үшіншіден, барлық елде ұлт зиялылары – ұлттың белгілі бір тарихи кезеңіндегі мақсат-мүддесін анықтаушы әлеуметтік күш. Осы тұрғыдан алғанда, біз алаштық қай­раткерлердің тәжірибесіне тереңірек үңіліп, оны талдаудан өткізуге тиістіміз. Оның күшті жақтарымен бірге, әлсіз қыр­ларын да ой елегінен өткізу қажеттілік болып табылады.
 
Советтік тарихнамада Ә. Бөкейхан бас­таған алаштық зиялылар қазақ қо­ғамын­­дағы таптық жіктелуді мойындамады, ал шын мәнінде қазақ байлары мен буржуазиясының мүддесін жақтады деген пікір қалыптасқан. Мұндай тұжырым, әрине, шындықтан мүл­дем алыс-тын. Алаш зиялылары, олардың, әсіресе, бастаушы тобы байлар табынан шық­­­қандарға жатпайды, сондай-ақ байлар ұстанымынан алыс тұрған тұлғалар болатын. Ұлт зиялыларының мақсатты қызметін қазақ байлары немесе қазақ буржуазиясы қаржыландырды деп тұжырым жасауға ешқандай да фактілік негіз жоқ. «Қазақ» га­зеті басым түрде оны жазып алушылардың қаржысы арқылы жарық көрді.
 
Ұлт-азаттық қозғалысты қаржыландыру ісін қолға алған қазақ буржуазиясы болған емес. Ондай таптың қалыптасуына негіз болатындай қазақ қоғамында экономикалық алғышарттар да қалыптаса қойған жоқ-тын. Осы арада мынадай жағдайға да көңіл аударған жөн. Азаттық қозғалыс басшы­ларының қызметі қазақ қоғамы тарапынан, оның ауқатты бөлігі тарапынан толық түсіністік тапты деген тұжырымға келсек, тым асыра айтқандық болар еді. ХХ ғасыр­дың алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамы бір ауыздан ортақ мүдде төңірегіне ұйысып, шешуші сәтте жұдырықтай жұмылып қайрат-жігер көрсете алатындай деңгейде емес-тін. Аз ғана ұлт зиялыларының қызметін де көре алмай, күндегендер де жетіп артылатын.
 
Сол сияқты, советтік тарихнаманың азамат соғысы жылдары алаштық зиялылар, Алашорда ресейлік кадеттер партиясымен, немесе ақ гвардияшылармен, немесе атты казактарымен одақтасып кетті, сол арқылы өзінің билеуші таптар ұстанымына жақындығын көрсетті деген тұжырымы да ешқандай негізі жоқ байлам болатын. Алаш зиялыларының көздегені кіммен болса да одаққа келіп, түпкі мақсаты – ұлттың еркін даму мүмкіндігіне қол жеткізу болды. 20-30-шы жылдардағы сот процестерінің барысында алашордалықтар осы қазақ қоғамындағы таптық жіктелуге байланысты да өз пікірлерін ашық білдірген.
 
Мәселен, Е.Омаров 1927 жылы 20 қазанда тергеу кезін­де берген жауабында «Алашорда, оның қатарында мен де бармын, қазақ халқының таптық жіктелуіне қарсы болды. Қазақ халқының басым бөлігі байлардың толық ықпалында, соған байланысты оның байлармен күреске шығуы мүмкін емес деп санады. Кедей байдың ықпалында, байдың қанауында деп дәлелдеу мүмкін емес. Ке­дей өз байын жарылқаушысы санады.
 
Алаш­ордаға қазақ халқын кедей және бай деп бөлу тиімді де емес-тін, өйткені кедейлер қо­ғамның басым бөлігі болғандықтан олар­ды өзіне қарсы қойып алуы мүмкін еді. Алашорда болса алдына жалпы қазақ ұлтын азат ету міндетін қойды». Қорыта айтқанда, Совет өкіметі мен Алашорда арасындағы бітіспес қайшылық осы таптық жіктелу мәселесінде ашық та анық көрініс тапты, Совет үкіметіне әсіресе, бастапқы кезеңде қазақ сияқты ха­лықты таптық негізде жіктеу, бөліп-жару империяның тұтастығын сақтаудың басты құралдарының біріне айналды.
 
Өз ретінде Алашорда ұлттық және мемлекеттік еркіндікке ұлттың саяси тұтастығы мен бірлігі арқылы ғана жетуге болады, ал азаттық үшін күрес кезеңінде ұлтқа таптық негізде жіктелу өзін-өзі жеңіліс жолына шығарумен тең деген ұстанымда болды. Советтік тарихнаманың алдында бір-ақ міндет тұрды. Ол советтік биліктің ғана заң­ды, әрі жергілікті халық үшін тиімді билік жүйесі екендігін жан-жақты негіздеу болды. Ал советтік және басқа өздерін бүкілресейлік билік орындары ретінде жария еткен құрылымдардың қазақ қоғамына байланысты құқықтық негізінің әлсіздігіне назар аударылмады.
 
Шын мәнінде бұл құрылымдар қалыптасу әдістері мен саяси-құқықтық негізі тұрғысынан сырттан, империялық өктемдік арқылы белгілеген бас­қару органдары болатын. Олардың құқықтық өкілдігін анықтау және белгілеу ісіне жергілікті халықтың ешқандай қатысы болған емес. Революциялық өзгерістер жағдайында қазақ қоғамы үшін Уақытша өкімет пен Совет өкіметінен басқа жақын тұрған және түсінікті билік орны, әрине, Алашорда үкіметі болатын. Сондай-ақ, Алашорда үкі­меті қалай болғанда да ұлт тарихының күрделі кезеңінде қазақ жерінің барлық өңі­рі­нен 80-нен астам арнайы шақырылған ұлт өкілдері тарапынан жабық сайлау арқылы сайланған, яғни қазақ қоғамы үшін легитимді билік еді. Кезінде кеңестік тарихнама 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында болып өткен жалпықазақ съезін «қоғамның жоғарғы бай феодалдарының және халық мүддесіне қарсы «Алаш» партиясының өкілдері» жиыны ретінде атап, ал съездің Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін құру туралы шешімін ешқандай негізсіз, контрреволюциялық әрекет есебінде баға­лады. Мұндай тұжырым, әрине, тарихи ақи­қатты бұрмалаушылықтардың бірі-тін. Осы ретте желтоқсандағы жалпықазақ съезі­не қатынасқан өкілдерге байланысты мынадай жағдайға көңіл аударған парыз деп білеміз.
 
Бүкіл Ресей империясын шарлаған бере­кесіздік жағдайында Ә.Бөкейхан бастаған топтың бұл съезді ұйымдастыру әрекеті зор жауапкершілікті өз мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі еді. Аға ұрпақтың бұл қызметін кейінгі буындар осы тұрғыдан қабылдағаны жөн. Құрамында Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұрсынұлы, М.Дулатұлы, Сағындық Досжанұлы және Елдес Омарұлы бар топ «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдап, елде қалыптасқан саяси жағдайды талқылау мақсатында өткізілмек жалпықазақ съезіне ел ішіндегі осы мәселеге ықыласты тұлғаларға шақыру жолдады. Арнайы шақыру ел ішіндегі беделді және белгілі деген адамдарға жіберілді, сондай-ақ оған қатынасуға ынталы кісілерге де ешқандай шектеу қойылған жоқ.
 
Менің түсінігімде, бүгін Әлихан Нұр­мұхамед­ұлы мақтауға, мадақтауға мұқтаж емес. Әлекең көзінің тірісінде-ақ елінен мақтау, мадақ естіген. Ұлттың санаулы жақ­сылары мен үлкендері оның сөзіне құлақ асқан, жастары сеніп, соңына ерген. Олар, әрине, көп емес-тін, дегенмен бар-тын. Барлық ұлылардың рухындай, Әлекеңнің рухы біз үшін ояу, оның ойын бір-ақ нәрсе мазалайды, ол – қазақ аталатын елінің бүгіні мен ертеңі, болашағы. Әлекеңнің өмірлік досы, әрі сенімді інісі Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бар: «Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, осы аз ғұмырда елге қызмет жасайық» – деген. Бұл ойды Әле­кең де, оның ұстанымын қабылдап соңына ерген ұлт азаматтары мен жастары да өз ұранына айналдырды. Мемлекеттік тәуелсіздік елімізге жаңа мүмкіндіктер ала келді. Қоғам өзгеру және даму жолына түсті. Алаш қайраткерлерінің мұрасымен емін-еркін танысу мүмкіндігіне ие болған халықтың онда қазақ өмірінен туындаған және оның түпкілікті сұраныс­тарына жауап бере алатын идея және ұста­нымдар бар екендігіне көзі жетті. Қорыта айтқанда, біздің қоғам бүгін Әлекең бастаған Алаш идеясының қайта жаңғыру кезеңін басынан кешіруде. Ал оның жемісті болатынына негіз жеткілікті.
 
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы-ғалым
Дереккөз: egemen.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар