Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ - өзге жол бізге бөгелді ғой» - Ұлт көсемінің Дінше Әділұлына жазған хаты

22:20, 11 мамыр 2024 375

«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер. 4., кв.15.

Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. "Шолпанға", "Темірқазыққа" неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар (жастар) жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ - өзге жол бізге бөгелді ғой.

Сүйдім - Ғали-хан» - деп емеуірін арқылы оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді.

Бұл хаттың сыртына: «23/ҮІІ-23 жылы Рысбайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев", - деп түсініктеме беріліп, қол қойылыпты. Демек, тілше жазу Д. Әділевті ұстаған кезде тәргіленген. Ал мұндағы көрсетілген Мызағазы деген адам - Әулие-Ата уезін аралауға шыққан сол кездегі Жетісу облысындағы жер телімі комиссиясының бастығы, «Алашорда» әскери Кеңесінің мүшесі болған Мырзағазы Есполов шығар деп жорамалдауға негіз бар.

Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» - дегені кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды, өз жанына өзі тыныштық бермей аласұрып өмір сүрген жігіттің өз тіршілігінің мағынасын іздеуі - оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады. Алайда соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты осы тергеу барысында кеңес түрмесі «тірі өлік» етіп шығарды. Әл-әзірше бұдан артық сөз айту асылық болар. Өйткені алда оларды шындықтың шырғалаңы күтіп тұрды. Ал бұл мүлдем басқа мәселе.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар