Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная күйеуінің ісін ары қарай жалғастыратынын мәлімдеді

03:20, 20 ақпан 2024 345

Оппозиционердің әйелі Юлия Навальная  «Алексей Навальный» арнасында үндеу жасады. Онда ол күйеуінің өліміне Ресей президенті Владимир Путинді айыптады.




– Үш күн бұрын Владимир Путин менің күйеуім Алексей Навальныйды өлтірді. Путин менің балаларымның әкесін өлтірді. Путин менің ең сүйікті, ең қымбат адамымнан айырды. Бұған қоса, Путин сіздерді Навальныйдан айырды... Путин Алексей Навальный деген адамды ғана өлтірген жоқ, ол сонымен бірге біздің үмітімізді өлтіргісі келді, – деді Юлия Навальная.



Бұдан бөлек, Юлия Навальная бұрынғыдан да екпінді күресетінін айтып, алдағы уақытта Алексей Навальныйдың ісін жалғастаратынын мәлімдеді.




– Біз үш күн бұрын Путин Алексейді не себепті өлтіргенін білеміз. Біз жақында ол туралы айтамыз. Біз ол қылмысты кім және қалай жасағанын міндетті түрде анықтаймыз. Біз олардың тегін тектеп, түрін көрсетеміз. Біз Алексей үшін және өзіміз үшін бұрынғыдан да екпінді күресетін боламыз, – деді ол.



19 жылға сотталған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың абақтыда жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. АҚШ, Германия, Ұлыбритания және т. б батыс елдерінің басшылары оның өліміне Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған.


Алексей Навальныйдың мәйіті әлі күнге дейін анасы мен адвокатына берілген жоқ. Юлия Навальная үндеуінде күйеуінің мәйітін бермеу арқылы Путин режимі оның неден қайтыс болғанын жасырып отыр деп мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?