Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда СССР қызыл туын жұлып алған белсенді Жанболат Шәйзада босатылды

20:41, 15 мамыр 2024 694

9 мамырда Алматыда Қызыл Кеңес туын автокөлікке қадаған адамдардың жалауын жұлып алып,олармен шекісіп қалғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынған Жанболат Шәйзада босатылды.  Алматы қалалық әкімшілік соты аталған азаматты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 5 күнге қамаған болатын, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Жанболат Шәйзада қамаудан босап шықты. 14 мамыр кешке қалалық полиция департаменті алдына белсендіні күтіп алуға 50-ге жуық адам жиналды.Олар Қазақ елінің көк туын желбіретіп, құрметпен белсендіні күтіп алды. 

Еске сала кетейік, 9 мамыр күні әлеуметтік желіде ер адамның Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын алып, көліктегі адамдармен сөзге келіп қалғаны бейнеленген видео тарады. Жанболат Шәйзаданың айтуынша, оқиға 9 мамырда күндіз болған. Ол СССР-дың туын желбіретіп жүруді ел бірлігіне сына қағып, "арандату" әрекеті деп санайтынын жеткізді.

Жанболат Шәйзада Ресейдің Украинаға басқыншылығы осындай арандатушы әрекеттерден басталғанын атап өтіп, істеген ісін дұрыс санайтындықтан оған өкінбейтінін, жасағанын мойнымен көтеруге дайын екенін де хабарлады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан КСРО туымен шеруге шыққандарға қарсы болған алматылық Жанболат Шайзаданы қолдауға шақырды.

Жанболаттай ұлтқа тірек, елге керек азаматтарды қолдамай тыныш отыруға тағы болмайды. Сонда не істемек керек? Меніңше, қолданыстағы әкімшілік кодекске бөтен, басқа елдің мемлекеттік символикасын қоғамдық орындарда рұқсатсыз пайдаланғаны үшін бөлек жауапкершілік қарастыру керек. Сонда біз осындай провокациялық әрекеттердің алдын алған болар едік. Әйтпесе, СССР-дің туын желбіретіп жүргендердің әрекеті заңды, ал оған тосқауыл қоямыз деушілердің әрекеті заңсыз болуы әділеттілік қағидатына қайшы, – деп жазады ол.

Орайы келгенде айта кетейік, жыл сайынғы Жеңіс күнінде егемен елдің аспанында өзге сипаттағы нышандарды көтеретіндер көзге түседі. Кеңестік кездегі ұлттық құндылықтардың жаншылып, ұлт тілінің түгесілуі, қазақ тілді мектептердің жабылуы, ашаршылық пен ұлт зиялыларын қуалау сынды қиындықтар тән советтік империяның саясатын айыптайтындар бұл құбылысты құлдық санамен, отарлаушылықты жақтаумен, қазақ халқына жасалған геноцитті бейсана қолдаумен байланыстырып жатады. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар