Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Алпыстан асқандар Президенттікке таласпай-ақ қойса» - Дос КӨШІМ

06:17, 07 сәуір 2023 284
-Дос мырза, екі күннен бері әлеуметтік желі қолданушылары Сізді сыртыңыздан Президенттікке үміткер ретінде ұсынып, тіпті дауыс жинап жатыр. Өзіңіз неге үнсіз жатсыз?

– Әрине, мені қолдап, өзіңіз айтпақшы “сыртымнан” үміткерлер тізіміне қосып, маған үлкен үміт артып жатқан әлеуметке алғыстан басқа айтарым жоқ. Бәрін көріп отырмын. Бұл жолы халық өздерінің сайлау құқықтарын пайдалануға, қорғауға белсенді түрде атсалысатынын байқатып отыр. Бірақ, мен сіздерге бір кесімімді айтпас бұрын, әттеген-ай дегізген бірнеше жәйттарды атап өтейін.
Біріншіден: Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңы сайлаудың ашық әрі жариялы түрде өтетініне кепілдік бере алмайды. Осы уақытқа дейінгі сайлаулар әділетті өтті дей алмаймын. Мұны шетелдік бақылаушылар да жоққа шығарған емес. Мен бүгінгі ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаев мырза Президент сайлауын осы жылдың аяғына қойып, оған дейін Парламент ҚР Сайлау туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, сайлау комиссиясының жұмысы мен міндеттерін қайта қарап, жалпы еліміздегі сайлау жүйесін өзгертіп қалар деп үміттенген едім. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, билік тағы асығыс қадам жасап отыр. Осы жолы да ескі сценарий бойынша билік сайлаушыларға өздері таңдаған адамды тықпалап, биліктің әкімшілік күші де сол адамның өтіп кетуіне жұмыла жұмыс істейтін түрі бар. Сондықтан, үміткерлердің қатарында қара көрсетудің еш мәні жоқ.
Екіншіден, меніңше жасы алпыстан асқан адамдар жастарға жол бергені жөн. “Ақыл жастан” демекші, ел билеуге жастар жағы көбірек ұмтылуы керек.
Үшіншіден, бұған дейін де айтып жүргенімдей, мен ешқашан атқарушы немесе заң шығарушы билікке ұмтылған адам емеспін. Өйткені, бұл жүйе менің көңілімнен шықпайды. Жаңа өзгерістер, саяси реформалар, демократиялық иниституттар жасалмаған қоғамда қай жүйеге қызмет етсеңіз де, сол саланың сойылын соғасыз. Одан да менің қоғамға, ұлтыма, еліме дәл осы қалпыммен шама-шарқымның келгенінше қызмет еткенім мың есе артық.

– Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңына сәйкес үміткердің мемлекеттік қызметте кемі бес жыл өтілі болуы шарт. Сіз бұрын соңды мемлекеттік қызметте жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Жоқ. Он тоғыз жыл Абай атындағы педагогикалық иниститутта мұғалім болдым. Одан кейінгі жылдардың барлығында қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрмін.
Көп адамдар маған: “Сайлау туралы заңға дәл осы бап саған бола енгізілген” – деп әзілдеп жатады. Олай емес шығар. Бірақ, осыдан бір жарым жыл бұрын енгізілген бұл норманы орынсыз талап деп есептеймін. Ешбір елде мұндай жоқ. Демек, бұл мемлекеттік қызмет жасап, сол жүйенің ішінде болған адам ғана келіп сол жүйені одан әрі жалғастыру керек дегеннен шығып отыр. Яғни, бұл “саяси жағдайды өзгертеміз, басқаша жұмыс істейміз, бұдан да әділетті қоғам жасаймыз” – деген адамдардың билік басына келуіне заңды түрде тосқауыл қоюмен бірдей. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Польшаның алтыншы президенті Лех Валенса мемлекеттік қызмет атқармаған. Ол қатардағы жұмысшы, қарапайым электрик болды. Чехияның президенті болған Вацлав Гавелдің де бұрын кочегар болғаны оның ел басқаруына кедергі келтірген жоқ. Сөз соңында маған қолдау білдіріп, үміт артып отырған азаматтарға алғысымды айта отырып, олар менің азаматтық ұстанымымды, саяси көзқарасымды оң бағалайды деген үміттемін!

Сұхбаттасқан
Каусар Мұхтарқызы,
“Заң АЙНА”
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар