Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Үкімет басына қойылатындар халық анық сенетін адамдардан болсын деп депутаттар айтып отыр

22:30, 28 сәуір 2024 351

Государственни Дума ашылды. Депутаттар мемлекеттің ішкі-тысқы істерінің қандай күйде екенін айтып, мұнан әрі де сол күйде қалуға болмайтындығын мәлімдеді. Бұл күйде қалмас үшін не істеу керек екендігін де айтты. Мемлекетті осы күйге жеткізіп отырған үкімет басындағылар. Олар кетіп, үкімет билігін өзгелерге беру керек һәм үкімет басына қойылатындар халық анық сенетін адамдардан болсын деп депутаттар айтып отыр.

Депутаттардың бұл сөзін құлақтары естімес үшін, сылтау тауып үкімет басындағылар депутаттардың оларға айтатын сөздерін Дума үйінің төрт керегесіне айтқызып, шығып кетіп қалғаны төмендегі "Петроград хатынан" көрініп тұр. Онымен қоймай, депутаттар сөзі Думаның төрт керегесіне тысқары естілмес үшін сөйленген сөздерді газет біткенге жаздырмай қойды.

Мемлекет жым-жырт, қайтер екен, бұл күні қаншаға дейін һәм қайда барып тоқтар екен деп күтуде. "Р.В" ["Русскіе ведомости". Құраст.] газетасы Росияның қазіргі күйін терезесін қараңғылап, қатты ауру баққан үйге ұқсатып айтады: жұртты "бәрі қайтер екен, қалай болар екен" деген ойға түсірген оқиғалар болып жатыр. Талай ерлігін, талай шыдамдылығын, қандай құрбандыққа болса да даярлығын ашпаттаған халық қамында әңгіме болып, ісі билікке түсіп, әкім кесілейін деп тұр.

Бірақ билік те, әкім де халықтан жасырын. Басшылары әкеліп батпаққа түсірген жерден аман өту жолын қарастырған шақта, айналасында не барын көрсетпес үшін отты сөндіре тастаған сияқты болды, - дейді.

Бұл қараңғылық қаншаға барарын қазір болжап болатын емес. Үкімет пен халық арасы өткелі жоқ тереңге айналды. Қалай өткел салынып, қалай қатынасары белгісіз.

Дума жиылысы 11-інші ноябірден 19-на дейін патша указымен уақытша тоқталды. Мұның мәнісі не екені әзіріне жұмбақ. Бас министр Штурмер [Штюрмер. Құраст.] түсіп, жол министрі Трепов Бас министр болған. Мұнан не мағына шықпағы тағы белгісіз. Бірер министр өзгергеннен, әсіресе Штурмер түсіп, Трепов қойылғаннан қалып өзгермейтіні анық.

Октәбристен болған министр Протопопов оңнан болған министрлерден қысымшылығын он есе арттырып отыр. Белгілі программасы бар, жөні мәлім, жолына табанды партиялардан үкімет басына адам қойылғанша, министр анау болды, мынау болды дерлік емес. Бәрібір сол адам бөркінің артын алдына айналдырып киіп келген сияқты ғана өзгеріс болады.

Әлихан БӨКЕЙХАН

"Саясат күйі" мақаласынан

"Қазақ" газеті, №205, 1916 жыл

Дереккөз: Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).

Шығармаларының 9 томдық толық жинағы.6 том.– Астана, 2013.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар