БАУЫРЫМ АХМЕТ!
11 маусымда жазған хатыңды алдым. Профессор тамыз және қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын болып уәде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен одан Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірлерге барсаңыз, Ахмет Байтұрсынұлын ұшырастыруға тиіссіз. Бұл кісі сізге серік болады» – дедім мен тағы да.
Енді сенің келісіміңді біліп, оған хат жазып, хабарласып, ақпаратымды Мәскеудегі Неміс өкілдігіне тастап кетпекшімін.Ол өзі біздің Қазақ өкілеттілігіне соғып, анықтап сұрап алатын шығар!
Тамыз айында өзің қайда бармақсың? Мырзағалиұлын неміспен ұшырастыруға жіберерсің! Еуропа сүзектің микробын әлдеқашан тапқан. Лизажанның профессоры дәріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің профессорым), жоқ, мен бе, бұл микропты тапқан сияқтымыз» – деп.
Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бәлкім, оның зерттеуінің нысанасы да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді.
Біздің Орталық баспада көрнекті құралдар шеберханасы бар. Олардың қаржысы жеткілікті. Жұмыс жоспары ауқымды. Бүкіл КСРО бойынша халық ағарту ісіне қажетті нәрселер әрбір ұлттың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жасалынбақшы. Мен оларға Қазақ академиялық орталығымен байланысыңдар деп кеңес айттым. Академиялық орталық енді қазақ мектебі мен көшпелі оқу үйлеріне келеді-ау деген ережелерін көрсетіп, арнайы жұмысымен қоса осы мүмкіндікті пайдаланып, өз бағасын берсін.
Академиялық орталық, осыны орындауға тырысыңдар!
Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой!? Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны бірыңғай әншілердің үйіне апарып, ән салғыздырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де ән салған кезде, мен қатты ұялдым: айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы!
Парижде мәнді ән талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің болса да сөзін жаттатқызуға болады ғой!
Әміремен бірге баратын басқа халықтардың әншілері ұлттық киімдерін киген, ал біздің Әміре орыс мешанынша киініпті. Бұл соншалықты қиын ба еді?
Абай мен Алтынсарының баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең де кеш емес. Нәзір де Абай туралы жазбақшы. Мейлі, жазсын. Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ.
Сенің ересек сауатсыздарға арналған кітабыңды «бізге» керексіз қазақ хандары мен билерінің сөздері бар екен. «Еңбекші қазақтың» 30-санындағы 19 қосымшасында Ғаббас: «Кітапта бір де коммунист жоқ» – деп жазыпты. Оған жолдас Мардан «Ақ жол» бетінде жауап қайтарды. Мардан жақсы айтыпты. Мен Марданның мұны неге жазғанын білдім: Біздің «жазушы» қазақ коммунистеріміз саған риза емес әрі араз көрінеді. Сен кітабыңда Мағрифаның інісіне дейін орын беріп, мына «жазушылардың» еңбектерін кіргізбепсің. Орыстың мұндай кітаптарында Лениннің мақалалары толы болады екен.
Ондайлар біздің қазақ кітаптарында байғұс Сәкендікінен басқаларда жоқ. Мұны маған жақында болған коммунистің бірі айтты. Мен оның есіне мынадай мысалды түсірдім: «Көктем шығып, күн аспанға жоғары көтеріліп, тіршілік атаулы ояна бастағанда, Юпитер бұқа кейпінде жерге төмен түсіп, сиырлардың арасында ұрпақ өндіру қамымен жүреді екен. Бірде жай ғана кәдімгі бұқа Юпитер құдай болуды ойлапты. Сонда біреулер айтыпты: «Бұқаның Юпитер боламын деп армандауы – сандырақ, бос қиял»– деп.
Қазақ коммунистері Ленин болуды қаласа, жол ашық. Әлгі бұқаның кебін құшып жүрген қазақ коммунистері Ленин бола ала ма дегенімде, мына «төрем» көңілсізденіп әрі өкпелеп қалады.
Келініне барды! деп, Күрден әкесі Едігеге қол жұмсағанда, Едіге айтқан екен: «Егер сүліктей арғымақты болдырсаң, жақсы ат қайдан келмек? Қара сұңқарды қорласаң, ондай құсқа қолың қайта жете ме? Егер жерді өртесең, азықты қайдан алмақсың? Суды қанға бөктірсең, қара суды кім берер? Шашымды ақ шалып, көзімді шел басып, қартайған шағымда өз атаң – мені сынасаң, қайдан жақсы боласың»– деп («Көксілдір»). «Көксілдір» мен «Шайырда» осындай өлеңдер бар. Осыны жазуға болады ғой.
Орталық баспаның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұмабайұлы әліппе мен өз бетімен оқитындарға арнап кіріспелік жазған-ды. Кеше Нәзір айтады: «Мағжан Жұмабайұлының жазған кітабы Байтұрсынұлының кітабынан жақсы» – деп. Ол кітаптар әлі басыла қойған жоқ. Маған көрсетпеді де. Бірақ, Нәзір сыншы емес.
Меңдешұлы жолдас «Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитет жанындағы баспа бөліміне түсіпті. Мені әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді.
Мәскеу коммунистері: «қазақтар – ұлтшылдар» – деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: Айтып жүргендерің не? – деп сұрасам, олар: - Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың, – деп айтады.
Жазғандарымызды аяқтадық. 30-маусымда елге қарай шығамын.
Мадиярдың балалы болуымен құттықтаймын деп едім, бірақ мекен-жайын білмеймін. Осы жөнінде Мадиярға жазып жіберші. «Еңбекші қазақ» маған тиесілі ақшамды бөлер ме екен, соны Жолдыбайұлынан білші…
Хат жаз. Әлихан.
Мәскеу,23. VI – 25 жыл.
Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. XII том, Астана, 2018 ж.