Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Асау үйрететін Александра

17:44, 19 мамыр 2024 401

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының аруы Александра Ден шу асауды ауыздықтап, сәйгүліктің құлағында ойнайды, - деп жазады alash.kz cайты 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Бала күнінен бәйгеге қатысқан батыл қыз қызқууда соңынан қуған жігіттерді шаңына да ілестірмей кетеді. Жылқыға құмар жан қазір ұлттық спорт түрлерін жандандырып жүр. Жастарға тізгін тартып, жамбы атуды үйретеді.

Александра Ден садақ атудың Еуропалық және азиялық әдістерін жетік біледі. Қазақ даласында өскен орыс қызы бала күнінен тоқым ұшы тимеген шу асауды жуасытып, саятқа шыққанды сүйеді. Бүгінде қазақтың ұлттық дәстүрін ұлықтап, көпке дәріптеп жүр. Ауданда садақ ату және атбегілер клубын ұйымдастырған. Тақымы берік әрі жебесі мүлт кетпейтіндерді іріктеп, "жамбы атуға" баулиды. Александра бұл өнерді елімізде 20-ға жуық қыз-келіншектің игергенін айтып отыр. Сондықтан ұлттық спортқа қыздарды көбірек тартуды көздеген. Қазір үйірмеге 40 тәлімгер жазылды.

"Қыздардың қызығушылығы басым. Бірінші нысананы бір орыннан тұрып көздейміз. Садақты игергеннен кейін жылқы үстінде шауып келе жатып атуды да игереді. Бұл істі одан әрі дамытқымыз келеді. Ұлттық спорт түрлерінен кәсіби спортшыларды тәрбиелеу жоспарда бар", - деді спортшы Александра Ден.

Александра Деннің оқушыларының арасында 9 жасар қызы Жанель де бар. Анасы сияқты ол да бала күнінен сәйгүліктің тізгінін тартып мінген. Аттың құлағында ойнайтын жас шабандоз қазір ел біріншілігіне дайындалып жүр. Бәйгіге қосар ағылшын тұқымынан сәйгүлігі де бар. Еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық спортты дәріптеп жүрген мұндай жандардың арқасында бабалар дәстүрі ұмыт қалмасы анық. Ал қыркүйекте Астанада өтетін Көшпенділер ойындарында Александра Ден сияқты спортшылар еліміздің туын асқақтатары сөзсіз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар