Қазіргі қоғамда мамандық жыныс таңдамайтын болды. Ас үй әйелдердікі болғанымен, дәмхана-мейрамханаларда бас аспаз болып, қазан-ошақ жағалап жүрген ерлер көп. Сол сияқты тік ұшақ басқарып, мал жайып жүрген қыз-келіншектерді де көп кездестіреміз. Бұл нарық талабы. Өйткені мынау еркектің, анау әйелдің жұмысы деп қол қусырып отыруға болмайды.
Ер-азаматтармен иық тіресе жұмыс істеп жүрген арулар кез-келген салада бар. Солардың бірі Айнұр Пржекенова. Ол, Алматы облыстық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында» сарапшы болып жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда облыс аумағында төселіп жатқан тас жолдардың сапасына жауапты маман. 10 жыл бойы зертханашы болып жұмыс істеген. Яғни, облыстық немесе республикалық маңызы бар жолдардан сынама алып, сапасын бақылайды.
-Жол зертханаларының негізгі мақсаты, құрылыс материалдарының сапасын бақылау. Яғни асфальттың, битумның құрамын зерттеп, технологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етеміз. Ол үшін тас жолдардан сынама алып тексереміз. Жол төсейтін құрылыс материалдарын шелекке салып алып, зертханаға әкелеміз. Құм-тас өте ауыр. Бірақ мамандығым негізгі жұмысым осы болғандықтан ешкімге шағым айтпай-ақ шелекке салынған асфальтты арқалап жүре беремін. Оны зертханаға әкеліп жіті тексереміз. Өйткені технологиялық талап бұзылса, жолдың сапасы болмайды. Бір маусымға жетпей шұрық-тесік болып ойылып, мүжіліп кетуі мүмкін. Сондықтан жұмысыма өте жауапты қараймын-дейді Айнұр Пржекенова.
Ол Алматы облысындағы жолдардың сапасын бес саусағындай біледі. Қай ауданға қандай асфальт төселгенін де жаңылмай айтып беруге дайын. Өйткені жол салатын компаниялардың құрылыс материалдарын өзі сүзгіден өткізіп шығады. Мамандығына деген адалдықтың арқасында Айнұр Пржекенова бүгінде сарапшы лауазымына дейін көтерілді. Жол саласында жүргеніне 14 жыл болды. Білімі мен біліктілігінің арқасында ұжымда өте сыйлы қызметкер.
«Жол активтерінің ҰСО» Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі