Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Асыңды ішіп, аяғына тышып"... Қазақстан футболына легионерлер неге ағылып жатыр?

16:43, 22 сәуір 2024 800

Соңғы кезде ел спортына айтылып жүрген сын аз емес. Басым көпшілігі шет елден келіп, ел намысын қорғайтын спортшыларға қатысты. Оның ішінде футболдан Қазақстан чемпионатындағы командаларға легионерлердің ағылып келуі және оларға мемлекеттік бюджеттен миллиондап жалақы төленуі жұрт наразылығын тудырып отыр деп, хабарлайды alash.kz.

Журналист Айнат Қабидуллаевтың айтынша, бұл мәселені тәуелсіздік алғаннан бері қолы бостың бәрі сынап-мінеп жатты. Арасында қолдағандары да бар. Биылғы футбол маусымында легионерлерге лимит алып тасталынып, бір уақытта алаңға 11 шетелдік ойыншының шығуына рұқсат етілді. Осы ереже қабылданғаннан кейін Премьер лигадағы клубтар жалпы саны 150 легионерді өз қатарларына қосты. Олардың ішінде расында бомбардир атанып, команданы алға сүйреп жүргендері де бар, қосалқы құрамнан көз ашпаса да қалтасын қампайтып отырғандары да аз емес.

Халық легионерлерге сын айтып, мінеп жатса, легионерлер де қалыспай, қазақ футболының, тіпті, қазақ елінің кем тұстарын айтып, сұхбат беріп жүр дейді halyq-uni.kz. Шетелден келген спортшылар қазақ елі мен спорты туралы не деп жатыр? Бір шолып шығайық...

2015 жылы «Қайсар» футбол клубында 12 матч ойнап, бірде-бір гол салмаған Беларусьтің ойыншысы Антон Матвеенко жақында «На банке» Youtube арнасына берген сұхбатында:

Қазақстандағы жағдай өте нашар. Қызылордада адамдардан түйе көп. Алғаш ұшып барғанымда ойылған асфальтты көрдім. Әуежайда жүгімізді оңды-солды лақтырып жатты. «Қайсардың» базасы жаман емес. Тіпті, жақсы дер едім. Ал жаттығу жасайтын және ойын өткізетін алаңның быт-шыты шыққан. Сол жылдары жақсы легионерлерді жинады. Ал қазақтардың өзі онша емес, – деді.

«Атырау» футбол клубында доп теуіп жүрген Конго Демократиялық Республикасының ойыншысы Жоэль Каямба жақында Meta-ratigs.kz-ке берген сұхбатында футболдағы трансляцияны сынаған.

Қазақстандағы футбол көрсетілімі қалалық футбол лигасының екінші дивизионындағыдай. Тіпті, ұялғанымнан Instagram-ға пост сала алмаймын. Әрине, Еуропада трансляцияның сапасы жақсы. Халық Еуропадағы футбол трансляцияларын көрсін, сосын Қазақстандағы көрсетіліммен салыстырсын. Транслация сапасын жақсарту үшін лига басшыларында барлық ресурс бар. Онда неге сапасын жақсартпайды? Мен түсінбеймін, – деген.

Azh.kz сайты шотландық Scottish Sun газетіне сілтеме жасап, Юинг Грэмнің Kazakh racists made my life misery немесе қазақшаға аударғанда «Қазақ нәсілшілдері менің өмірімді тозаққа айналдырды» тақырыбындағы мақаласын жариялады. Мұнда «Атырау» футбол клубының бұрынғы қара нәсілді легионері Микаэль Антуан-Кюрье өзінің Қазақстанда ойнаған кездері туралы әңгімелеген. Оқып отырсаңыз, Микаэль Антуан-Кюрьенің еш дәлелсіз айтқанына көз жеткізуге болады. Оның бұл пікірі жекелеген адамдарға ғана қатысты болмаса, жаппай халықтың ой-өрісіне, шетел азаматына деген көзқарасына мүлде қатысы жоқ деп білеміз. Сонымен Микаэль Антуан-Кюрье не деді?

Біздің кейбір жанкүйерлеріміз клуб директорына шығып, командада қара нәсілді ойыншылардың ойнағанын қаламаймыз деп жариялапты. Маған пәтер жалдап тұруыма рұқсат берген. Алайда пәтерге барғанымда, үй иесі: «Жоқ, мен оның қара екенін білген жоқпын. Мен үйімде оның тұрғанын қаламаймын», - деді. Осылайша, менің тұратын үйім болмады. 15 шаршы метр бір бөлмеде тұрдым. Мен осы тұйық кеңістікте 24 сағат бойы өзіммен-өзім қалдым. Өйткені ешкім ағылшынша сөйлей алмайды. Қаралығым үшін маған тырнағын тигізуге арланатын. Мен енді ол жаққа ешқашан қайта барғым келмейді. Бұл менің өмірімдегі ең жаман 4 ай болды. Мені маймыл деп мазақтап, алаң қапталына жақындағанда маған қарай түкіретін.

Командалас жолдастарым Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде менімен жақсы қарым-қатынаста болған. Ал қалай Қазақстан жеріне келдік, бәрі менен сырт айналды. Олар өздерінің қара нәсілді адаммен бірге жүргенін көргенді қаламаған шығар», – деп наразылығын білдіріпті.

Биылдан бастап шетелдік футболшыларға лимит алынып тастағалғаннан кейін, елімізге легионерлердің көптеп ағылып келіп жатқанын жоғарыда сөз еттік. Осы кезге дейін еліміз легионерлердің мұндай ашық айыптауларын ешқашан естіп-көрмеген еді. «Естіген құлақта жазық жоқ» демекші, енді олардың қазақ футболына деген сыни көзқарасын ескеріп, өзімізге сыртымыздан бір қарап, кемшіліктер мен проблемаларды шешуге мемлекет болып атсалуымыз керек-ақ. Ол үшін легионерлердің айлығына берілетін миллиондаған теңгені мемлекеттің қазынасынан емес, клубтардың өздері төлеуі керек деген заңды іске қосып, үнемделген миллиардтаған теңгені спорт инфрақұрылымдары мен жергілікті футболшыларды дайындайтын академиялардың құрылысына жұмсалғаны жөн деп білеміз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар