Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Басқа депутаттар сияқты жабық боламын" - Самат Нұртаза

11:59, 10 мамыр 2023 226
«Аманат» партиясы атынан депутат атанған Самат Нұртаза бүгін айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол Фейсбуктегі парақшасына журналистерді жыртқышға теңеген жазба қалдырып, басы дауға қалды.

Ол жазбасында:

«Кеше NatGeoWild» арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда әйгілі Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни, қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін білетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық. Аңғарған адамға» деген.

Әлеуметтік желідегі жұрт оның журналистерді «қолтырауынға» балаған орынсыз теңеуіне өре түрегелгені рас. Ел үміт артқан халық қалаулыларының осындай жазба қалдыруы дұрыс па?

"Алаш" сайтының журналисі депутаттың өзіне хабарласып, неліктен бұлай жазғанын сұраған. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, депутат Самат Нұртаза осы пікірінің орынсыз болғанын айтып, тілші қауымынан кешірім сұрады.  

«Бұған дейін қаншама журналист хабарласты. Айтатынымды айттым. Бұл адамдар мен жануарлар әлеміне қатысты айтылған философиялық теңеу болатын. Депутат бұл теңеуді тікелей қабылдамау керегін айтты.

"Ол үшін кешірім сұраймын. Өзім де орынсыз қалжың болғанын біліп отырмын. Ашылғым келді, бірақ тәсілім өтпеді, ұнамады, қабылданбады. Енді алдағы уақытта мұндай жазбалар қалдырмаймын. Жалпы, мен үшін бұл сабақ болды. Бұл қоғамға классикалық, салмақты, тұйықтау депутат керек екен. Басқа депутаттар сияқты жабық боламын. Солай түсіндім. Өзгереміз. Шынында да, депутаттар шыққанда сіздер (журналистер – ред.) біреуін «ұстап» аласыздар, қызықсыз болғандардың бірін «жібересіздер». Бұл маған жануарлар әлеміндегі жағдайды елестетеді. Тағы да қайталап айтқым келеді, бұл менің тарапымнан айтылған орынсыз қалжың болды», – деді ол.

«Сыйға сый...» демекші, әлеуметтік желіде депутаттың әзіліне журналистер де қарымта жауап қайтарып әлек. Журналист Ақбөпе Тәңірберген «Қолтырауындар бірінші майы іркілдеген, жүгіре алмайтын семіз зебраны бас салады екен. Мына суретті бүгін мәжіліс маңында түсіріп алған дейді» деді.

Айтпақшы, қарамағындағы депутаттың сәтсіз әзіліне байланысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та пікірін білдіріп үлгерді.

«Қолтырауынға немесе басқа хайуанатқа теңеуге болмайды. Егер шынында осындай мәселе болса, онда депутатқа ескерту жасалады», – деді Қошанов журналистердің сұрағына.

Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы. Демек, депутаттар мұнда әзіл-қалжың айтумен емес, елдің басындағы қордаланған мәселелерді ортаға салып, шешу жолын қарастыруға мұрындық болуы тиіс халық қалаулысы. Айтарын айтып алып, «мұным орынсыз теңеу» болды деп кешірім сұраудың өзі ұят жағдай. Задында, кез келген депутат өзінің орнын, міндетін, этикетті білуі керек шығар. Енді бұл басқаларына үлкен сабақ болса игі.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар