Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бектенов Жақсыбековтың күйеу баласы емес. Бірақ?..

15:32, 08 ақпан 2024 453

"Гиперборей" арнасы үкімет Төрағасы болып бекітілген Олжас Бектеновтың Назарбаевтың сенімді серігі Әділбек Жақсыбековпен жек-жаттық байланысы туралы жазыпты, мұндай қауесет әңгімелер Астана мен Алматының арасында желдей ескеніне куә болдық.


Кезінде Олжас Бектенов Антикордың басшысы болып тағайындалғанда, бұл әңгіме бір көтеріліп басылған болатын.

Бұл жолы «Гиперборей» арнасының жетекшісі, белгілі журналист Вадим Борейко Бектенов пен Жақсыбековтың арасындағы жек-жаттық қатынасты тереңірек білуге тырысыпты.

Әріптесіміз кезекті эфиріне саясаткер Санжар Боқаевты шақырып, Бектенов пен Жақсыбековтың арасында қандай жек-жаттық қарым-қатынас бар екенін білуге талпынады. Ол Боқаевқа «Бектенов Жақсыбековтың күйеу баласы ма?» деген сұрақты төтесінен қояды.

Журналистің бұл сұрақты Боқаевқа қоюының өзіндік логикасы бар. Өйткені, Боқаев Бектеновтен бар болғаны екі жас қана кіші, екеуі де Алматының тумасы. Сол себепті Борейко Боқаевтан Бектенов пен Жақсыбековтың жек-жаттық туыстығы жайында бір хабарды білсе, Боқаев білер деп үміттенсе керек. Өкінішке қарай, Борейконың үміті ақталған жоқ.

– Бектенов пен Жақсыбековтың арасында қандай жегжаттық байланыс бар екенін білмеймін. Егер алдағы уақытта билік басындағылар бір-біріне «брат-сват» болып шығып жатса, өз басым оған таңқалмаймын, – деп Сәкең қысқа қайырыпты.

Бірақ журналист Борейко Бектенов пен Жақсыбековтың арасындағы жекжаттық қарым-қатынасты біраз зерттеген екен.

Ол Бектонов Үкімет басшысы болардың алдында Википедия сайтына кіріп, Әділбек Жақсыбековтың өмірбаянына үңілгенде, онда Олжас Бектеновтың Әділбек Жақсыбековтың күйеу баласы екені тайға таңба басқандай анық жазылғанын көреді.

Артынша әріптесіміз Википедиядан Бектеновтың автобиографиясын көз салғанда «Жақсыбеков Бектеновтың қайынатасы» деп жазылғанын байқайды. Сұхбат барысында Борейко мұның бәрін видеоскриншотқа түсіріп, компюьтеріне жүктеп алғанын тілге тиек етеді.

Олжас Бектенов Үкімет басшысы болып бекігеннен кейін Википедия сайтындағы әлгі деректердің бәрі өшірілгенін журналист байқайды.

Борейко Википедиядағы саяси тұлғалардың өмірбаян деректерін кез келген адамның толтыру мүмкін екенін ескеріп, Зокон.кз сайтындағы деректер базасына көз салғанда онда Әділбек Жақсыбековтың туыстарының қатарында Бектеновтың жоқ екеніне көз жеткізеді.

Айтпақшы, Жақсыбековтың биографиясына үңілген кез келген адам оның кіндігінен тараған қыз баланың болмағанын бірден байқайды.

Вадим Борейко мұнымен шектелемей, Данияр Әшімбаев шығаратын «Кто есть кто в Казахстане» жинағын парақтағанда Әділбек Жақсыбековтың жалғыз ұлы Дәурен Жақсыбековтың бар екеніне тағы да көз жеткізеді.

Демек, бұдан Бектенов Жақсыбековтың тікелей күйеу баласы емес деп қорытынды шығаруға болады.

Сонда Бектенов пен Жақсыбековтың арасында қандай жек-жаттық байланыс болуы мүмкін?

Борейко Олжас Бектеновтың еңбек жолына көз салғанда оның 2015-2016 жылдары Әділбек Жақсыбеков Астана қаласының әкімі болып тұрғанда Астана қаласы әкімдігі аппаратының басшысы болып қызмет атқарған байқайды.

Демек, «Бектенов пен Жақсыбековтың арасында жек-жаттық байланыс бар» деген жел сөзді таратушылар, қос саяси тұлғаның бірге қызмет еткенін алға тартып әңгіме таратуы ықтимал.

Алдағы уақытта екі азаматтың өзара қандай байланысы бар екенін өздері ашып айтар деп үміттеніміз. Әзірше Борейконың көмегімен білгеніміз осы.

Нұрлан Жұмақан, даланевс
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар