Қазақстан одақтың шын мәнінде көшбасшысына айналуы мүмкін.
Биыл Еуразиялық экономикалық одақ біраз тоқырағандай көрінеді. Мысалы, оның ресми сайтында статдеректер биылғы ақпаннан бері жаңармаған. Одақ аясындағы өзара және сыртқы сауда-саттыққа қатысты наурыздан бергі жаңа ақпаратты іздегенде, ескерту атып шығады. Онда "Маңызды, ЕАЭО мүше-мемлекеттерінің уәкілетті органдарынан сыртқы және өзара сауда статистикасы деректерін толық көлемде ала алмауына байланысты статистикалық ақпарат жарияланбады" делінген.
Қазақстан, Қырғызстан, Армения үкіметтері сұралған ақпараттарды одақтың басты органына уақытылы жолдап тұр. Ал санкция астындағы Ресей экономикаға, өндіріс пен саудаға қатысты көптеген деректерді құпияландырды, енді өз халқына да, сыртқа да жарияламайды.
Дегенмен бар ақпараттың өзі одақ аясындағы құрылымдық өзгерістерден хабар береді. Жыл басында-ақ Еуразиялық одақтың бүкіл әлеммен алыс-берісі Қазақстанның арқасында артыпты. Еліміз бұл тұрғыдан одақтың локомотивіне, драйверіне айналды. Ал одан кейін Ресей және Беларусь АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Еуропа, Жапония және басқа елдердің алапат санкциясының астында қалғанын, яғни сыртқы әлеммен саудасы күрт шектелгенін ескерсек, одақтың көрсеткіштері әрі қарай да Қазақ елінің арқасында көркейе бермек.
"Еуразиялық одақтың ЕАЭО-ға кірмейтін басқа елдермен сыртқы саудасының көлемі 2022 жылғы қаңтарда 76,3 млрд долларды құрады. Соның ішінде экспорт – 50,8 млрд доллар, импорт – 25,5 млрд доллар. 2021 жылғы қаңтарға қарағанда одақтан тыс аумаққа тауарлар экспорты көлемінің артуы негізінен Қазақстаннан экспорттық жеткізілімдердің 94,1%-ға артуы есебінен болды (2022 жылғы қаңтарда 7,09 млрд доллар, былтырғы қаңтарда 4,08 млрд доллар болған). Ресейден экспорт – 76,8%-ға, Армениядан – 59,5%-ға, Беларусьтен – 41,5%-ға өсті", – деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссияның Сыртқы және ішкі сауда статистика бөлімінің бастығы Марина Сабельникова.
Егер қаңтардан кейінгі айлардың ресми статистикасы жариялана қалса, оған білу қызықты болар еді. Себебі халықаралық сарапшылар қазіргі кезде Қазақстанның Еуразиялық одақтың шын мәніндегі лидері тұлғасы сомдалып жатқанын айтады.
Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) бойынша да Қазақстан лидер саналады. 2022 жылғы қаңтар-наурызда оның ЖІӨ-сі – 104,4%-ға, Қырғызстанның ЖІӨ-сі – 104,5%-ға, Ресейдің ЖІӨ-сі – 103,5%-ға өскен. Беларусь ЖІӨ-сі 99,6% ғана болып, құлдырады. Бұл тағы да соғысқа дейінгі көрсеткіштер. Бұл ретте алып Ресейдің жалпы ішкі өнімі 408,7 миллиард долларды құрады. Қазақстанның ЖІӨ-сі – 41,3 млрд, Беларусь – 15,1 млрд, Армения – 3 млрд, ал Қырғызстан – 1,6 млрд доллар болды. Экономистер девальвация болмаса, Қазақстан таяу жылдары 100 миллиард долларлық межені бағындыра алады деседі.
Ал Ресейдің ЖІӨ-сі, Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2022 жылы минус 6%-ға құлдырайды (бұған дейін 8,5%-ға құлайды деп тұспалданған). Дегенмен келесі жылға болжам -2,3%-дан -3,5%-ға дейін нашарлатылды. Себебі Кремль қарулы жанжал келесі жылға ұзайтынын аңғартты.
Bloomberg дерегінше, биылғы екінші тоқсанда РФ ЖІӨ-сі 4,7%-ға кеміді. Ендеше Қазақстанның одақтағы позициясы күшейе беретінге ұқсайды.
Осының көрінісіндей, қазіргі кезде Қазақстан Еуразиялық даму банкіндегі (ЕАДБ) Ресейдің үлесін сатып алу мүмкіндігін талқылап жатқаны белгілі болды. Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ресейлік үлестің бір бөлігін сатып алу мәселесін екі ел пысықтап жатқанын растады. Егер мәміле жүзеге асса, Қазақстан ЕАДБ бақылау пакетінің иегеріне айналуы мүмкін. Е.Жамаубаев талқылау жұмыс тәртібінде жалғасып жатқанын, ақырғы шешім әзірге қабылданбағанын хабарлады. Еліміздің бас қаржыгері Қазақстанның ресейлік үлесті барынша арзанға сатып алуға күш салып жатқанын меңзеп өтті. Қаржылық тұрғыдан Қазақстанға тиімді болуы шарт.
Қаржы министрі ЕАДБ бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, әзірге санкциялар бұл халықаралық банктің жұмысына көп қатысты еместігін мәлімдеді. Ресейдің үлесін сатып алу да еуразиялық банкті ықтимал санкциядан құтқарып қалуға тырысудың қамы болса керек. Қазіргі кезде Ресей Еуразиялық даму банкі акцияларының бақылаушы топтамасына (65,97%-ына) ие. Қазақстанға 32,99% акциялар, Беларуське – шамамен 1%, ал қалған үлестер Тәжікстан, Армения және Қырғызстанға тиесілі.
Егер бұл мәміле өмірге жолдама алса, онда ол да Қазақстанның Еуразиялық одақтағы, тіпті ТМД кеңістігіндегі көшбасшылығын бекемдейтін болады.
ЕАДБ дерегінше, бүгінде бұл банктің инвестициялық портфелі 240 жоба бойынша 11 млрд долларды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның үлесі 36,2% немесе 88 жоба бойынша шамамен 4 млрд доллар.
Қазақстан банктің бақылаушы пакетіне қол жеткізсе, оның инвестпортфелінде қазақстандық жобалар басымдыққа айналуы мүмкін.
"Қазірдің өзінде Қазақстанның инвестпортфельдегі үлесін арттыру жоспарлары бар. Бірінші кезекте бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматында Қазақстанда ауруханалар салу пулын қаржыландыруға қатысты. Банк Денсауминімен тиісті меморандумға қол қойды. Бұған қоса, "Самұрық-Қазына" қорымен жасыл қаржыландыру нарығын кеңейту және жасыл экономика саласында ынтымақтасу жоспарланып отыр. Соңғы уақытта банк Қазақстанда Түркістандағы халықаралық әуежай құрылысына қатысты. Оған кеткен 165 млн доллар қаржының 134 миллионын осы банк берді. Сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысына атсалысты. Жоба 743 млн доллар тұрады, оның 135 миллионы – ЕАДБ үлесі", – деді ЕАДБ басқарма төрағасының экс-орынбасары Амангелді Исенов.
Тағы бір синдикат аясында банк Алматы халықаралық әуежайын кеңейту жобасына 40 млн доллар құйып жатқан көрінеді.
Бұдан бөлек, ЕАДБ Батыс Қазақстанды ауыз сумен қамту проблемасын шешуге көмектеседі. Астрахан (РФ)-Маңғышлақ (ҚР) магистральді су құбырын реконструкциялап, кеңейтуге 120 млрд теңге бөлуге дайын. Жоба жүзеге асса, Атырау, Маңғыстау облысы тұрғындары кәусармен қамтылады.
Сонымен қатар Қазақстанда жаңғыратын қуат көздерінің 7 жобасына 240 млн доллар бөлмек. "Сарыарқа" газдандыру жобасын да қаржыландыруға ниетті. Әрине, егер РФ кесірінен бұл банкке қарсы санкция енгізілсе, жобалар дағдаруы мүмкін. Сондықтан одақтың көшбасшысы ретінде Қазақстан қазірден оған жол бермеудің жолын іздеп жатқаны байқалады.
Қалай болғанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи кездесуіне жақсы базамен, мықты позициямен барды.
Осының алдында Мәскеу түрлі сылтаумен Қазақстан мұнайының 90%-дайы экспортталатын Каспий құбыр консорциумының алып құбырын жауып тастағанда, халықаралық сарапшылар Кремль "арнайы әскери операциясын" қолдамағаны, көмекке қазақ әскерін жібермегені, батыстық санкцияларды айналып өтуге жол бермегені үшін Астананы жазалап жатыр деп, жариялаған болатын. Алайда Ақорда КҚК магистралін қайта ашуға иліктіретіндей мықты "аргумент" тапқанға ұқсайды. Қазақтың қара алтыны қазір бұл магистральмен жаһандық нарыққа ағындап жатыр. Сонымен бірге Қазақстанның өзін айналып өтетін баламалы бағыттарды дамытуына да Мәскеу қарсыласа алмады.
Халықаралық саясаттанушылар мен сарапшылар бүгін Сочиде өтетін Тоқаев пен Путиннің кездесуіне қызығушылықпен көз тігіп отыр. Жүздесудің күн тәртібі кең: халықаралық, өңіраралық, жаһандық және екіжақты күрделі мәселелерді қамтиды.
"Жоғарғы деңгейдегі тұрақты диалогтың жалғасы ретінде ресейлік-қазақстандық стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық қарым-қатынастарды әрі қарай дамыту мәселелері талқыланады деп жоспарланған", – деп қысқаша хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.
Бұған қоса, президенттер ТМД аясындағы ықпалдастықты талқыға салатын көрінеді. Биыл достастыққа Қазақстан төрағалық етеді.
Бұдан бұрын қос мемлекеттің басшылары биылғы маусымның ортасында Петербор экономикалық форумы аясында кездескен болатын. Форумда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ЛХР/ДХР, Оңтүстік Осетия және басқа да квазимемлекеттік құрылымдардың тәуелсіздігін Қазақстан мойындамайтынын, сондай-ақ еліміз Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспейтінін ашық айтты. Саясаттанушы Марат Шибұтов содан бері қатты ашуланған Кремль біраз тулап-тулап алғанына назар аудартады. Тіпті Мәскеу жақтан қазақ жеріне және тәуелсіздігіне көз алартқан ауыр сөздер де естіліп қалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары Мәскеудің кеудесін басып, сабасына түсіріп, қалыпты, достық қарым-қатынастарға оралтуға бағытталса керек. Себебі шілде айының ортасында Тоқаев пен Путин телефон арқылы тілдескен. Ақорда қос көшбасшы "ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалына қанағаттанатындарын білдіргенін" мәлімдеді. Яғни Кремль Қазақстанның тәуелсіз, көпбағдарлы саясатына мойынсұнған сыңайлы.
Жанат Ардақ
inbusiness.kz