Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Каспий гамбиті: пешканы беріп, ладьяны алу

06:11, 11 сәуір 2023 231




Тоқаев қоятын мат һәм Ильхамның қазаққа әсері. Немесе Ильхам Әлиев Әлиевтердің (Рахат Әлиев, Арыстанбек Әлиев, Әли Әлиев) ішіндегі қазаққа жақсылығы ең көп сіңген Әлиев болуы мүмкін. Ол үшін бір қадам жасау ғана қалды.



Астанада шахматтан әлем чемпионатының екінші күні өтуде. Атақты гроссмейстерлер Ян Непомнящий мен Дин Лижень 14 партия ойнайды. Кешегі алғашқы партия тең аяқталды. Кім жеңетіні белгісіз.



Бірақ нағыз шахмат партиясын бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев жасайды. Қарама қарсы емес. Екеуі де ақ фигура жағында. Екеуі бір команда. Өткенде Бакуда Кремльге шах қойылды. Енді Астана кездесуі матпен аяқталатын сияқты.



Назарбаев Еуропа есігін Ресей арқылы 1996 жылы ашқан болатын. Араға 27 жыл салып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Еуропаға жаңа есікті Әзірбайжан арқылы ашайын деп тұр. Ескі есіктің сықыры көп еді. Қайта-қайта жабыла берді. Енді жаңа есікке 19 миллион қазақтың үміті артылып отыр.



Қазақстан Ресейді Каспий теңізінің үстімен айналып өтіп, өзі тікелей Еуропаға шықпақ. Ол Әзірбайжансыз жүзеге аспайды. Себебі, Ақтаудан танкер/паромға тиелген жүк Бакуға барады. Қазір еліміз осы Орта дәліз (Миддл коридор) деп аталатын транзит жолына баса мән бере бастады. Әзірбайжанмен бірлесіп, Жол картасы жасалған болатын. Сол құжаттағы шаруалар орындалса, онда Ресейге логистикалық тәуелділіктен құтыламыз.



Ол нақты қандай жұмыстар?



Бізге Қытайдан Каспийге баратын теміржол составтарының санын аптасына 24-тен 120-ға дейін өсіру керек. Ол үшін Ақтау портында жаңа контейнерлік хаб құрылысын бастадық. "Достық-Мойынты" теміржол учаскесінде екінші рельстер салынады және Алматыны айналып өтетін темір жол жасалады. Сонда Қазақстан-Қытай көлік дәлізінің өткізу қабілеті 5 есеге өседі. Ал танкерлер флоты үшін Ақтау және Құрық порттарында тереңдету жұмыстары жоспарланды.



Болашақта Миддл коридормен жылына 5 миллион тонна мұнай тасымалдай алсақ, басқа да диверсификация перспективалары ашылады.



Тағы бір тәтті бонус. Каспий теңізінен түбімен оптоволокно тартылады. Сонда Қазақстан интернетке Ресей арқылы емес, Еуропа жақтан шықпақ. Ол қазіргі жылдамдықтың үш есе көбейетінін айғақтайды. Бұл енді мат.



Екі елдің өзара тауар айналымы 500 миллион долларға жеткен. Әрине, көп емес. Бірақ ішкі нарықтарымыз азғантай. Сондықтан біз транзитке көп елеңдейміз.



Шахматтан әлем чемпионатын қабылдап жатқан Астана гроссмейстерлер отанына айналып отыр. Бірақ, ең мықты гроссмейстердің Ақорда төрінде отырғанын ұмытпауымыз керек. Егер "Каспий гамбиті" ойдағыдай орындалса, бұл тарихта қалатын жүріс болады.

Айбар ОЛЖАЙ

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар