Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Кілтпен басын шұқыған, мұрны сынған: Комада жатқан Ербаян сарбаздың әкесіне командирлер 25 млн ұсынған

10:35, 04 шілде 2024 8449

Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдында борышын өтеген Ербаян Мұхтардың комада жатқанына жарты жылдан асып барады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Massaget TV -ге сілтеме жасап.

Оқиға 2023 жылы 4 желтоқсанында болған.

Сарбаздың жақындары оқиғаның анық-қанығын анықтамақ ниетте әскери бөлімшеге барған. Бөлімше командирі оқиға болған орынды көрсетіп, "өзі жығылды" дегеннен бөлек, артық ештеңе айтпаған. Десе де, Ербаянның ата-анасы "бұл ертегіге кім сенеді?" дейді.

"Олар, бала үлкен дәретке отырмақ болғанда басын соғып алды дейді. Бірақ баланың басында бірнеше тігіс бар. Оның үстіне мұрны сынған. Бұны біз, білікті маманға баланың рентген суреттерін көрсетіп анықтадық. Ал ұлымызды емдеген дәрігерлер бұны жоққа шығарды. Өзі құлаған адамның осыншама жарақаты болуы мүмкін бе?", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Ербаян, оқиға орын алғаннан кейін санитарлық бөлімде 2 сағат жатқан. Қалалық емхана әскерилер сарбазды таңғы 4:00-те жеткізіпті. Дегенмен, ота таңғы сағат 10:00-ға дейін жасалмаған. Дәрігерлер себебін "науқас басындағы гемотома басыла ма дедік", - деп түсіндірген. Ота таңғы сағат 10:30 басталып, түскі 12-де сәтті аяқталған. Тіпті, дәрігерлер науқастың жақын арада аяққа тұратынын жеткізген.

"Балама ота жасаған хирург жайлы оң пікірлер көп естідім. Сондықтан, ол келген кезде қатты қуандым. Ота сәтті аяқталды. Операциядан шыққан хирург, баламның бастан қатты зақым алғанын, десе де, әлі ақ аяққа тұратынын айтты. 14 күнде реакция береді деді. Айтқандай-ақ, ұзақ өтпей ұлым белгі берді. Сені ұрды ма дегенде - басын изеді", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Адвокат оңалып келе жатқан Ербаянның жағдайын әскери бөлімшеге хабарлапты. Қарындасының туған күнін емханада бірге қарсы алған сарбазды кейінірек, әскерилер әскери госпитальға ата-анасының рұқсатынсыз алып кеткен. Госпитальда сарбазға ота жасалып, миының үштен-бір бөлігі кесілген екен.

"Мен рұқсатымсыз неге баламды емханадан алып кетеді? Ота жасаймыз деп неге айтпайды? Әлде жасыратындары бар ма? Баламды қозғауға болмайды, жолды көтере алмайды дегендері қайда?", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Ананың сұрағына емхана басшылары да, әскери госпиталь мамандары да мардымды жауап қатпаған.

Аурухана басшылығы журналистер келгенде кабинетінен шықпапты. Тіпті ата-анасына баласын бейне, фотоға түсіруіне мүмкіндік бермеген. Баласын жеке клиникаға алып кеткісі келген ата-ана бас дәрігердің сөзінен кейін аяқ тартып қалған.

"Баламды жеке клиникаға апарғым келді. Өйткені, Ербаянның жағдайы ауруханада жатқалы еш оңалмады. Сөйтіп, бас дәрігерге кірдім. Ол кісі маған "жақсы дәрігер тапсаң, емін өзім-ақ көтерейін, жоқ ондай!", - деп бетімді қайтарып тастады. Білдей бір емхананың бас дәрігері болған соң, сөзіне иландым", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Ербаян Мұхтар оқиғаға дейін ақша сұрауды күн санап үдеткен. Қаражатты достарынан, туған-туыстан және әке-шешесінен сұраған. Сарбаз атынан несие алу әлі анықталмады.

"Әртүрлі нөмірмен хабарласып ақша сұрап кетті. Әр сұрағанында 1,500-5000 теңге көлемінде алатын. Неге керек екенін сұрасаң "су ішеміз, донер жейміз", - дейді. Бірақ, уақыт өте даусы өзгере бастады. Агресиямен жауап беретінді шығарды. Командир кілтпен бастан шұқитынын, ұратынын айтатын. Десе де, "шыдаймыз ғой, алаңдамаңыз", - деп, басу айтатын-ды", - дейді бөле ағасы Наурыз Тлеуберді.

Ербаян Мұхтардың анасы, командирлердің бірі жолдасына ақша ұсынғанын айтады. Істі жылы жаппақ болғандардың ұсынған соммасы да аз емес.

"25 млн. берейін істі тоқтат" деп ақша ұсыныпты. Жолдасым, ақша ұсынған командирге "мен саған, сау бала бердім, сол күйінде - қайыр", - деп, бас тартыпты. Біз де бұны кейін естідік, жолдасым бізге айтпаған еді", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар