Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қараe ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы деп есептеймін - Е.БАПИ

06:00, 11 сәуір 2023 335
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «ұлтараздықты қоздырды» деген айып тағылып, 5 жылға сотталған блогерлер Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевты босатуды сұрады.

Депутат бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында баяндады.

Ол сондай-ақ таяуда Петропавл қаласында «Қазақстаннан тәуелсізбіз» деп жариялаған сепаратистік топтың іс-әрекетіне тоқталды.

Ермұрат Бапидың айтуынша, аталған оқиғаны «Жаңа Қазақстан» идеясына қарсы бағытталған және оған тікелей төнген қатердің бірегей белгісі деп бағалау керек.
«Ел ішіне жік салу синдромы қоғамның қатты алаңдаушылығы мен зығырданын туғызып отыр. Сіз бен біз бұл мемлекеттік қаскүнемдікке қызмет бабымен ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен перзенттік парыз тұрғысында алаңдаушылық білдіруіміз керек. Біздің елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар Марғұлан Боранбаев Пен Данат Намазбаев «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кетті. Анығында, бұл азаматтар ұлтаралық араздықтан бұрын қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Бұл жігіттерге өрескел қиянат жасалды. Көршілес елдердің елірмелері аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, М.Боранбаев пен Д.Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды?», – деді ол.

Депутат ел намысына араша түскен екі азаматтың сотты болуы әділетсіздік деп санайтынын жеткізді.
«Көрші елдің ұраншылары қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысына араша түскен екі жігіт неге сотты болады? Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін! Қазақстанның Жоғарғы сотынан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты Сот Үкімін қайтадан қарауға, оларды түрмеден босатуға пәрмен беруіңізді сұраймын», – деді Ермұрат Бапи.

Айта кетейік, жақында Петропавлда бір топ адам өздерінің Қазақстаннан «тәуелсіз» екендерін айтып, «Халық кеңесін» құрғанын әлеуметтік желіге жариялаған болатын. Олар Қазақстанды заңсыз жарияланған мемлекет деп атады.

Қазір бұл топтың үстінен Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі «сепаратизмді насихаттау» бойынша тергеу басталды.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар