Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мединский "Украина Ресейдің негізгі талаптарымен келісті" десе, Киев мұны жоққа шығарады

10:51, 31 наурыз 2022 246
29 наурызда Стамбулда өткен келіссөз кезінде Украина Ресейдің "негізгі талаптарымен" келісті. Сәрсенбі күні Ресей делегациясының жетекшісі Владимир Мединский осылай деп мәлімдеді.



Мединскийдің сөзіне қарағанда, Украина жағы Ресеймен келісуге даяр екенін алғаш рет мәлімдеген. Ресей талаптарының арасында Украинаның НАТО-ға қосылудан бас тартуы, Украинаға шетел әскери базасын шоғырландыру мен әскери контингентті орналастырмау, кепіл мемлекеттердің (арасында Ресей де бар) келісімінсіз әскери жаттығу өткізбеу сияқты талаптар бар.

"Егер бұл шарттардың барлығы орындалса, онда Украина аумағында НАТО плацдармын орналастыру қатері жойылады" деді Мединский. Оның айтуынша, тараптар Қырым мен Донбасс мәселесі бойынша келісімге келмеген.

Мединский "Украина ұсыныстары Ресей талаптарына сәйкес келеді" деп айтқанмен Мәскеу әу баста Украинаға соғыс ашарда Киевке басқа талаптар айтқан. Ресей басқыншылығы басталар тұста президент Владимир Путин "әскери операцияның" мақсаты Украинаны "денацификация" және "демилитаризациялау" деп мәлімдеген. Мәскеу сонымен бірге Киев Қырым аннексиясы мен Донбастағы "халық республикаларының" тәуелсіздігін мойындауы тиіс деген.

Ал Стамбулда Украина тарабы берген ұсыныстар арасында демилитаризация және денацификация жөнінде сөз жоқ, ал Киев территория тұтастығынан бас тартпайтынын мәлімдеген. Киев тек Қырымның статус-квосын тағы 15 жылға созумен келіскен. Осы уақыт аралығында Мәскеумен оның әрі қарайғы тағдырын талқылауды ұсынған.

Владимир Путин Украина ұсынысына байланысты түсініктеме бермеді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сәрсенбі күні келіссөзде "едәуір ілгерілеушілік" байқалғанын айтып, украин делегациясы Қырым мен Донбасс мәселесінің "түбегейлі шешілгеніне" түсіністік танытты деп мәлімдеген.

Ал Украина сыртқы істер министрлігі Лавровтың мәлімдемесін жоққа шығарды. Ведомство түбегейлі шешім "Украина егемендігі қалпына келгеннен кейін" шешілетінін айтты.

Стамбулдағы келіссөздің нәтижесіне түсініктеме берген Украина делегациясының мүшелері және президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, Украина ұсыныстары қабылданса, мемлекет қауіпсіздік кепілдігіне ие болады. Киев Украина территориясынан, оның ішінде Қырым мен Донбастан бас тартпайтынын және Ресей әскерін алып кеткеннен кейін ғана келісімге қол қоятынын айтып отыр.

Келесі келіссөздің қашан өтетіні белгісіз. Украинада соғыс әлі тоқтамады.



Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар