Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

МЕН ҚАЛАЙ «КӨКБӨРі» АТАНҒАН ЕДІМ?

10:15, 21 ақпан 2024 752
1991 жылы 1-шілдеде Алматы әуежайына бауырлас Түркие распубликасынан «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін ұзақ жыл басқарған Хасен Оралтай ағамыз бастатқан жүзден астам Түркиенің ұлтшыл, миллетшіл, түрікшіл азаматтары отырған бір ұшақ қонып жатты. 

Түркиеден келгендер арасында: профессор, доктор Туран Язған, Еродған Асылүйже, Шабан Қараташ, Сыдыхан Ұлышай, т.б. азаматтар болды.

Алматының әуе алаңында оларды: Сәбетқазы Ақатай, Марат Шорманов, Мұхтар Шаханов, Фәдли Әли, Хамза Абдуллин, Жұмаш Кенебай, Батырхан Дәрәмбет, Хасен Қожа Ахмет, т.б. қазақ елі тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген азаматтар қарсы алғаны, бүгінгідей көз алдымда.

Ұшақтан бірінші болып шыққан профессор Тұран Язған жата қалып, қазақ жерін сүйгені бәрімізді қатты толқытқан еді. Ол «біз мың жылдан кейін жүздесіп тұрмыз» деп көзіне жас алған. Ұшақтан ең соңғы болып, көзінде жас Хасен Оралтай ағамыз түсе сала біздің құшағымызға кіріп кеткен. Қызыл империя бұғауында отырған біздердің бәріміз жылап тұрдық. Түркиядан келген қонақтар осында тұрған бәрімізді құшақтап ,бауырына басып, елжіреп тұрды. Біз алыстан ат арытып келген асыл қонақтарымызға қазақтың қымызын, бауырсағын ұсынып жаттық.

Осылайша ұзақ уақыт мауқымызды баса алмаған біздер «ЦУМ» дүкенінің қарсысындағы «Жетісу» қонақүйіне келіп, жайылған дастарханға отырдық. Ертесінде Алматының көрікті жерлерін қонақтарға аралаттық.

Сол кездесуден екі жағдай есімде қалды. Бірі, Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінде Мұрат Әуезовтың Түкияның коммунист ақының өлеңін оқып, бәріміздің наразылығымызға қалғаны.

Екінші оқиға, Алматының Медеу жағындағы бір биік төбеде қонақтарға дастархан жайып, ақжарқын әңгіме өткізгеніміз.

Осы әңгіме кезінде Хасен Оралтай ағамыз Әмина Нұғыманова апайымызды қасына шақырып, екеуінің "Алаш"маршын қазақ даласында тұңғыш рет орындауы еді. Біздер қатты толқыдық. Көбіміз егіліп жылап тұрдық. Біз ұзақ жыл қазақ елінің тәуелсіздігін қатты аңсаған едік. Осында бізбен бірге жүрген коммунистер Ғадылбек Шалахметов, қасындағы Қазақстан Ком Орталық Комитетінің жауапты қызметкері екеуі ана кісілердің асқақтата орындаған жігерлі, рухты «Алаш» маршынынан қатты қорқып кетіп, қаша жөнелгені, біздердің бәріміз хормен: «әне, коммунистер қашты!» деп айғайлағанымыз, шын мәнінде қызыл империя бұғауындағы тұңғыш рет оларға ашық сес көрсетуіміз еді...

Айтпақшы, осы жолы Түркиядан келген профессор Туран Язған «Азат» тәуелсіз саяси газетін көп қиындықпен шығарып жүрген Батырхан Дәрімбет пен мен Жұмаш Кенебайға құпия ат берген еді. Батырханды түрікше БОЗҒҰРТ, мені қазақша КӨКБӨРІ деп атаған. Менің сол атым күні бүгінге дейін менен қалған жоқ...

Содан бері арада ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Біздің сол жылдарғы асқақа рухымыз басылып бара жатқандай ма, қалай?..

Төмендегі Хасен Оралтай бастатқан суреттегі тұлғалардың бүгінде көбі марқұм болған...

Жұмаш КӨКБӨРІ

1991 жыл. Суретте Хасен аға бастатқан Түркиеден Қазақ еліне келген қонақтар.

Солдан оңға қарай. Артта түрегеп тұрғандар: Мардан Бәйділда, артындағы Жұмаш Көкбөрі, Хасен Қожа-Ахмет, Батырхан Дәрімбет, Хасен Оралтай, Фәдли Әли, Кәрішал Асан-Ата, Хамза Абдуллин, Ерік Асқар. Отырғандар, сол жақтан: Қиял Сабдалин, Жағда Бабалықұлы, Хасекеңнің жұбайы.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар