Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Менің ойлауымша, «сайлау – талас емес» деген сөз қазақтың құлағына кіріп, көңіліне қонып, түсінсе, талас дерті басылар еді

23:36, 05 маусым 2024 423

Народный сот жоғалса иə оның қуаты кемісе, талас кемір еді деген сөзді оқып, мен өз ойымды айтып өткім келеді. Менің байқауымша, сайлаудың қазаққа бəле болып жүрген себебі народный сотқа берген қуаттың молдығы емес, халықтың сайлауды сайлау деп ұқпағандығы. Сайлауды қазақ бір ерегіс деп ұғады. Солай ұғатыны сайлауға «талас» деп ат бергеннен де көрініп тұр. Ерегіс деп ұққан соң, сайлаудың мағынасы жалғызақ жеңу мен жеңілуде деп біледі. Мұнан басқа сайлауда мағына бар, яғни жұртқа келер пайда, яки сор бар деп білмейді. Сайлауды ерегіс-талас деп ұқпай, сайлау мағынасында ұқса, талас дерті мұндай зораймас еді. Қазақ мұнша арып, шіріп, азбас еді. Би, болыс, ауылнай сайлауы шыққанға 40 жылдан асты. Сонша жыл сайлауды көріп келе жатып, ойға қалған қазақ аз шығар: «Сайлау атыстырып, шабыстырып, таластыруға шығарған нəрсе ме, яки мұның басқа бір мағынасы бар ма?» – деп.

Сайлаудың мағынасын білетұғын жұрттар талас демейді, сайлау дейді. Народный сотты жоқ етсек, болыстық, ауылнайлық қалады. Оларды сайламаймыз ба? Сайлауды талас мағынасында ұғып тұрғанда, олар үшін талас болмай ма? Кім білсін, қазаққа депутаттық, мүфтилік беретұғын күн болар. Солардың бəрін өзіміз сайлап оңдыра алмаймыз, бізге болысты, ауылнайды, мүфтиді, депутатты хүкімет өз қалап қойсын демек керек пе, яки басқа жол керек пе? Менің ойлауымша, басқа жол керек. Ол жол – сайлауды талас емес, сайлау деп халыққа түсіндіру, құлағына сіңіріп, көңіліне қондыру. Сайлауды сайлау деп білсе, пайдасына баспай, зарарына неге жүрсін? Зарарын біліп тұрса, хайуан да жоламайды. Қазақ хайуан құрлы жоқ па? Сайлауды сайлау мағынасында тұтынбайды да, қазақтар: «Сайлау бəле болды», – дейді сайлау рас бəле болса, білімді, өнерлі халықтар ісінің бəріне басынан бастап, аяғына шейін неге сайлау кіргіз- 159 ді? Сайлауды өз мағынасында алып қарап көрелік, бəле болып табылар ма екен? Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр. «Адам баласы ғой, пайдасын, зарарын айыра білер, өзіне-өзі қастық ойламас. Жұртқа жағымды, пайдалы болар – зарары тимес деген адамдарын өздері сайласын. Зарарлы болар деген жер иесі адамдарын өздері де сайламас», – деді де, хүкімет қазаққа сайлау берді. Сайлау көп үшін берген нəрсе, көп пайдасын көздеп сайланса, яғни «мынау – халыққа тынышты, пайдалы, зарарсыз адам, анау – бұзық, зарарлы, зорлықшыл, қиянатшыл адам» деп, тексеріп, таңдап сайласа, сайлау дұрыс өз мағынасында болғаны. Халықтың пайдасы, зарары қаралмай, «мынау туғаным тұқымдасым я құда-құрмаласым» деп, иəки «мынау анадан пəлендей сомын артық беріп тұр ғой» деп сайланса, ол – сайлау емес, құр талас я сауда. Талас болған соң, таласқан ит бірін-бірі аяй ма? Сол сықылды, жеңген ит жеңілген итті қандай талайды, – талас біткеннен соңғы қазақтың істейтұғын істері де сондай болады. Талас жұртты бүлдірді деп, жұрттың бəрі де шулайды. Таластыратұғын – жұрт, атыстыратұғын – жұрт, өзі таластырып, атыстырып отырып, жұрт сайлаудың мағынасын білсе, қалай еткенде тыныштық болады дер ме еді? Жұрт тыныштық ойласа, тыныштықтың тұтқасы өз қолында емес пе? Жұрт өзіне тыныштық, зарарсыз адамнан ауылнай сайласа, көптің пайдасын, өз басының пайдасын көздеп, ақшаға сатпайтұғын адамнан елубасыларын сайласа, бұзық би, бұзық болыс шығар ма еді? Əлбетте, шықпас еді. Олай болғанда, біздің дерттің тұқымы народный сотта емес, халықта жатыр. Бұзық билер, бұзық болыстар сыртқа шығып, көзімізге көрінген дерттің іріңі, шірігі. Іріңін, шірігін сүрткенменен, тұқымы жоғалмай, ауру кетпейді.

Сайлау қазаққа балалардың асық ұтысқан ойыны сықылды көрінеді. Қарауылшыл, зорлықшыл болса да, одақтасы ұтса екен дейді. Халықтың пайда, зарары асықтай елеусіз нəрсе ме?

Пайдалы адамды сайлау менен зарарлы адамды сайлау арасында ешбір парық болмаса, жұрт неге азды? Өз басының уəдесі табылып, ақша алып тұрған кезде, иəкижақынын сайлап, дегені болып тұрғанда жақсы болып, бар мақсаты табылғандай 160 көрінеді, жалпақ жұртты алып қарағанда, жұрт жұрт болмай, азып бара жатқанын көреді. Халал, харамды талғамай, жақыным деп я ақша берді деп, би, болыс сайлайтындардың өздері де айтады, «жұрт бұзылды, сайлау бəле болды» деп. Өзінің не істеп отырғанын білсе, солай деп айтар ма еді?

«Народный сот – жаман, жоқ қылу керек» дейміз. Народный соттың орнына болатұғын сот қандай боларына көзіміз жете ме? Бұл сотымызда туралық болмай жүргенін хүкімет білмей жүр ме? Білсе де, народный сотты жоқ қылып, өзге сот беруден тартынады. Ол сот народный соттан артық болып табыларына көзі жетпейді. Надан судиялардың орнына ғалым судиялар жіберер, бірақ ғалым болғанменен, қазақ жайын білмесе, расына жетіп іс қыла алмас. «Орысқа өтірік айтсаң, құтыласың» деген қазақта сөз бар. Орыс шенеуніктері расына жетіп, дұрыстықпенен істейтұғын болса, бұл сөз қайдан шығып жүр? Қазақтың лауазым иесі адамдарының жолсыз істері народный сотқа емес, казенный сотқа тиісті; казенный сотпенен мақсатқа жететұғын болсақ, би, болыс, ауылнайлардың бұзықтығын, қиянатшылдығын неге тыймай жүрміз?

Енді қалай етпек керек дейміз ғой. Народный сот дегеніміз қазақтың ғадетіндегі қағидалар бойынша айтылатұғын билік. Бұрынғы əділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дəрі еді, бұл күнгі арам билердің қолында дəрі болмақ түгіл, у болып жұғып тұр. Дəрі жаман ба, дəрігер жаман ба? Дəрі жаман болса, басқа дəрі алу, дəрігер жаман болса, басқа дəрігер шақыру дұрыс емес пе? Бір дəрігердің қолында талай ем болып сыналған дəрі екінші дəрігердің қолында ем болмаса, шипа дəріде емес, дəрігерде.

Олай болғанда, дəрігерді жаңалау керек, яғни билерді жаңарту керек, мұны істеу оңай болмас. Көп еңбек, көп уақыт керек болар, бірақ сонан шыққан жеміс дəмді һəм жұғымды болар. Бойға сіңіп, ескіріп, үйреншікті болған ауру тез жазыла қоя ма? Сол сықылдынəрсе ғой. Қазақта білімді адам жоқ емес, көп, бірақ солардың көбі, құты, бəрі білімін халалға емес, харамға жұмсап ғадеттенген. Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де, келістіріп істейді. Қазақтың білімді адамдары жамандық істесе де, халық оған сүйінеді, 161 келістіріп істеген себепті. Өзге жұрт білімді бұзықтыққа жұмсағанға күйінеді, біз оған сүйінеміз. Бұл адасқандық емес пе? Жаман іс əркімнің қолынан келеді, жақсы іс қолдан келуі қиын. Біз қуаттап, қостау керек жақсылық істі емес, жамандық істі өнер көруіміздің жөні жоқ. Бұзықтықты қуаттап, көкке көтерсек, бұзықтық өсіп, көбеймей, кемір ме? Халық бұзылмай, түзелер ме? Адасқанымызды байқағандарымыз, бетімізді түзу қойып, жөн мынау делік, ерген – ерер, ермеген – қалар. Адасқанменен бірге адаспай, тым болмаса өзіміз жөнімізбенен өлелік. Мұсылманша, орысша оқыған қазақ балалары білген жөнін не түрменен, не жолменен болса да халықтың құлағына жеткізуге тырысса, көптен не шықпайды. Айтқанымызды алатұғындар да, алмайтұғындар да болар. Сайлау кезінде жұрт жалғыз таласқанды көреді де, сайлаудың мағынасы талас екен деп ұғады. Асыл мағынасы ол емес, мынау деп ешкім айтпайды. Менің ойлауымша, «сайлау – талас емес» деген сөз қазақтың құлағына кіріп, көңіліне қонып, түсінсе, талас дерті басылар еді. Сайлаудың мағынасын түсініп сайлағанда, қандай сайлайтұғын түрін кешегі думаға депутат сайлағанда қазақ көрсеткен жоқ па? Мынау жұрттың пайдасына сөйлер я көздер деген дəмелі адамдарын сайлады ғой. Халықтың ойлаған жерінен сайлаған адамдары шықты ма, шықпады ма – ол басқа сөз, бірақ сол дəмелі адамдардан жалғыз қазақ емес, өзгелер де үмітті еді. Барын сайлады, басқасы болып, сайлай алмай қапыда қалған жоқ. Сайлаудың бəрін солай түсініп сайласа, таласқа орын аз болар еді.

Біз хүкіметтен сұрарлық мұң-мұқтажымыз көп. Сұрағанымыздыберугежалғыз мұқтаждығымыз шарт емес, хүкіметтің өз есебіне дұрыс келу де шарт. Біз сұраушы, ол беруші. Сұраушы сұрағанменен, берушінің жайы, ықыласы біледі. Народный сот – өзіміздің қазақы билігіміз, өз нəрсемізден өзіміз безіп, құтқар деп сұрамай, бізгежөн сұрауға керекжат нəрсежағымсыз болды деп. Билердің абақты кесетұғын билігі – қазақтың əдетінде жоқ жат нəрсе. Басқа шүберектен қойған жамау сықылды, қолайлы болар орны жоқ. Билер орыс законын білмейді, абақты кесу турасында қазақта қағида жоқ. Закон білмесе, қағида жоқ болса, билер не жолменен абақты кеседі? Əрине, жолсыз кеседі. Жолсыз болған соң, олар не хакім?!

Екінші, народный сот турасында істерлік іс; народный судияларды бетіменен жайылтпай, қазығынан айналтып ұзатпасқа ғамал. Қазақта қандай оқиғалар турасында қандай қағидалар бар – жиыстырып, кемі болса, толықтырып, ескірегі болса, жаңартып, я ақсақалдар, яки народный судиялар сондай қағида қазақта барлығын куəландырып, тиісті орынға бекіттіріп, бастырып шығарса, билерге ол қазық болар еді. Осы күнгі билер қағида бойынша істемейді, ойына келгенін істейді. Қазақ қағидасын жийу оңай жұмыс емес, бірақ ниет болса, қолдан келерлік жұмыс. Əр жерден «Айқап» сықылды бір жерге жиыла берсе, жиылып болған соң қағида, шариғат, низам білетұғын адамдар бас қосып, жиылған нəрсені қарап, қолайлысын алып, қолайсызын қалдырып, кемін толықтырып (шариғаттан, низамнан алып), жоғарыда айтылған ретпенен бекіттіріп, «Қазақ қағидасы» деп шығарса, соған муафик салған билік хүкім болып, оған халық билік хүкім болмаса, судиялар бетіменен жайыла бермес еді деймін.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

"Тағы да народный сот хақында" мақаласынан, 1913 жыл

Дереккөз: А.Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. IV том. - Алматы, 2013

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар