Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Міржақып Дулатұлы: Әдебиеті, тарихы жол елді саналы елдердің бірі деуге болмайды

01:36, 13 сәуір 2024 544

Матбұғаты, әдебиеті, тарихы жол елді саналы елдердің бірі деуге болмайды. Құдайға шүкір, бізде жоғары елдің белгілері соңғы жылдарда көріне бастады. Матбұғатымыз, әдебиетіміз, тарихымыз мұнан соң өспесе, өшпейтініне көзіміз жетті. Бұл мақалада матбұғат туралы ғана бір-екі сөз айтып өтпекпін.

Өзіміз қандай жас халық болсақ, матбұғатымыз да сондай жас. Он жыл мұнан бұрын газет деген сөзді құлағымыз естімеген жұрт едік, бұл күнде қай ауылға келсек те, газеттің өзін көресің яки газетте не бар, газет не айтады деген сөзді естисің.

Биылғы жылдың ішінде газет, журнал алып отырмыз. Бұл күнде олардың бірдей шығып тұрмау себебі: ... ісінің жаңалығы, жәрдем ... кісідегі оқушының аздығы, оқушының санаулылығы. Құр көңілмен, талаппен іс ілгері баса алмайды. Әр істің хас құрал-сайманы түгел болуы керек. Бүгінге шейін көзге көрінген газет-журналдарымыздың саны 12-13 болған еді. Осылардың қаншасы өмір сүріп ... оқушыларға белгілі. Бұлардың бәрі қайда кетті? Бұларды біреу итеріп тастаған жоқ. Бәрі де жоғарыда айтылған кемшіліктер себепті аз күн ғана өмір сүрген. Осы күні шығып тұрғандарына қарасақ, әлі негізденіп кеткен жоқ. Газеттеріміз жұмасына бірден артық шыға алмай жүр. Бірлі-жарым баспаханалы болсақ, оларымыз отау үйдің қазанындай. Бұл күнге шейін газет шығаруға мол ақша салып көрген бай жоқ. Былтыр шыққан газеттер биыл жоқ, биыл шыққандарының көбі ендігі жылға дейін жүруіне сенім жоқ...

Матбұғатымыз негізді, дуалды болуы туралы өз пікірімізді баяндағым келеді. Бірауыз тізгінімізді өзіміз алғалы біріміз,... автономиялы болмақпыз. ... ісі матбұғат. Сондықтан бүкіл қазақ-қырғызға ортақ күнде шығатын газетіміз болуы керек. Бұл газет шығаруда пайда болса, сонда шыққан. Алаш болып көркейтуіміз керек. Автономия жаңа нәрсе. Автономиялы бізге земство жаңа. Земствоның бір кішкентай бөлігі автономия. Земство істерін жүргізе білуіміз автономияны іске асыруымызбен байлаулы. Сондықтан әр облыстың областной, земский газет шығаруы керек. Мұның баспаханасы болсын. Баспаханада газеттен басқа халыққа пайдалы кітаптар, оқу құралдар болатын болсын.

Біз секілді жұртқа газеттен журналдың пайдасы артығырақ. Соның үшін мұны негізгі қылу керек. Әр жерде әртүрлі мәселе туралы шала-жансар журнал шығарғанша, бір жерде толық саяси, әдеби, ғылыми бір жақсы журнал шығару керек.

Міне, біз жоғарыда айтылған күндік бір газет, толық бір журнал һәм облыс сайын земский газет шығаратын болсақ, матбұғатымыз негізгі бір жолға түскен болады. Бар күшімізді осыған жұмсауымыз керек. Бұлар ... газет-журнал шығуға жол ашық. Судың ағынын, бұлақтың көзін ешкім тоқтата алмайды. Өзі тесіп шығады. Біз осы күні инемен құдық қазғандай, газет-журналды зорланып шығарып жүрміз. Сондықтан матбұғатымыз артық ілгері баса алмай жүр. Ілгері бастырып жіберу үшін, біздің ойымызша, жоғарыда ұсынған жобаны орындау керек.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Қазақ» газеті, 1918 жыл, №264

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

  Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар