Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан дипломатиялық форумға қатысып жатыр. Бұған дейін оның президент Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Түркияға барғаны хабарланған.
Дәстүрлі Анталия дипломатиялық форумы 11-13 наурыз аралығында өтеді. Форумда талқыланатын бас тақырыбының бірі – Украина-Ресей соғысы. Қатысушыларға арнап жұма күні Түркия президенті Режеп Ердоған сөйлеп жатқанда залдағы қонақтардың арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та отырды. Оның форум аясында қандай да бір талқылауға қатысатыны-қатыспайтыны белгісіз. Форум сайтындағы қатысушылар тізімінде Назарбаевтың есімі жоқ, Назарбаевтың форумға қандай статуста барғаны да түсініксіз.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев кемі 227 адам көз жұмған Қаңтар оқиғасынан соң екі рет көрінген. Бірінде "билікті тұтас президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанын" айтса, екінші рет "Нұр-Отан" партиясының (бұл партия жақында атауын "Аманат" деп өзгертті) кезектен тыс съезінде сөйлеген.
Бұл - Назарбаевтың Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейінгі ресми хабарланған алғашқы шетелдік сапары.
Ол президенттік қызметін 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берген. 2021 жылдың сәуірінде Қазақстан халқы ассамблеясы басшылығын да, "Нұр Отан" төрағалығын да Тоқаевқа тапсырған. Ал биыл қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесі Тоқаевтың қолына өтті.