Алматыда ұсталған Қайрат Сатыбалды Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, соңғы жылдары кәсіпкер ретінде танылған.
ҚазТАГ хабарлауынша, ол кәсіпкерлікпен бірге ұзақ жылдар арнайы қызметте жұмыс істеген.
Қайрат Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасы Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Сатыбалды Назарбаев 1981 жылы жол апатынан қаза тапқан. Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаева «Дәуір» баспасының бас директоры. Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш қаңтар айының басындағы қайғылы оқиғадан кейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған.
Қайрат Сатыбалдының өзі де ұзақ жылдар арнайы қызметте қызмет еткен:
- 1991-1998 жылдары ҰҚК-де офицер;
- 1998-2000 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары;
- 2000-2003 жылдары «Қазақ мұнай» ұлттық компаниясының вице-президенті;
- 2003-2005 жылдары қайтадан ҰҚК-де басшылық қызметтерді атқарды;
- 2005-2006 жылдары бірден «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-на кетіп, вице-президент қызметін атқарды.
- 2006-2010 жылдары «Дүние» корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы;
- 2010-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының хатшысы;
- 2015 жылдан бастап ол Alatau Capital Invest басқарушы серіктесі ретінде тіркелген.
Сонымен бірге ол Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығын, халықаралық «Көк-бөрү» федерациясын және республикалық «Ақ Орда» қозғалысын басқарады.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, Қайрат Сатыбалды ұсталған қаржы жымқыру ісі бойынша «Қазақтелеком» АҚ барлық акцияларының 22,01%-ына иелік ететін Skyline Investment Company S.A. оффшорлық компаниясына иелік етеді. Сондай-ақ оның 2018 жылға дейін Kaspi Bank-тің ірі үлесіне ие болғаны белгілі.
Айта кетсек, Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросының сайтында 2010 жылғы 11 қарашадағы «Қазақстан: биліктегі «салафиттер»» материалы жарияланған, онда Сатыбалды салафизмнің меценаты деп аталады.
«Мемлекет басшысының туысы тоқсан сайын «Сәләфилер» қорына 50 мың доллар аударып тұрады. Оның үстіне Сатыбалдыға жақын адамдардың айтуынша, жазда Алматы облысының Құшшы ауылында сәләфилерге арнап тағы бір мешіт салып берген» делінген мақалада.
Еске салсақ, Сатыбалды қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаржысын жымқыру фактілері бойынша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы да қазір тексеріліп жатыр.
Дереккөз