Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өзімді түрмеге жапты": Жақиянов компаниясын Огай мен Назарбаев қалай тартып алды?

14:23, 12 маусым 2024 699

Назарбаев жүйесіне қарсы белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов миллионер Эдуард Огайды Нью-Йорк сотына берді. Жақияновтың айтуынша, 2002 жылы саяси себеппен қамалған соң Назарбаевтың ықпалындағы "Қазақмыс" компаниясының басшылары Семейдегі "Қаражыра" кенішін тартып алған, - деп хабарлайды Alash.kz сайты.  

Бұл мәселеге қатысты Ara Media арнасы ауқымды зерттеу жүргізген. Арна мәліметінше, Огай - қазақтың мысы мен алтынына, көміріне ие болған миллионер деп жазды Dalanews.kz. Ол - 800 миллион доллары бар, Форбсте тізіміне кіретін кәсіпкер.

Форбс мәліметінше, Огай жай ғана миллионер емес, ықпалы кәсіпкерлердің қатарында бар. 54 жастағы Огай 2001 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. 32 жасында "Қазақмыстың" атқарушы директоры болған, ал 2005-2006 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол кезде ШҚО әкімі - Храпунов. Кейін Огай тағы "Қазақмысқа" келген. Қазір ол - "Қазақмысты" иеленіп отырған екі адамның бірі. 

"Эдуард Огай кейін көмірге де ауыз салған. Семейдегі "Қаражыра" көмір кенішіне кіретін "Қаражыраның" 70 пайыз акциясы Огайға тиесілі. Әйелі, өзі, бауыры бөліп алған. Жақиянов дәл осы "Қаражыра" кенішіне байланысты Огайды сотқа берді. Ол "Огай Қаражыраны заңсыз иеленді. 2002 жылы Назарбаевтың қысымымен сотталғанда, өзінің меншігіндегі Семей көмір компаниясынан тартып алды" деп санайды", - делінеді арна мәліметінде.

Ал Қаражыра - құрамында 1000-нан аса адам жұмыс істейтін, жылына 7-8 миллион тонна көмір өндіретін аса ірі кен орны. Бүгінде осы байлыққа ие болып отырған Огайдың компаниясының есебінше, кеніштегі көмір қоры 1 млрд 231 млн тоннаға жетеді. 

Арна Daily Beast газетінің де деректерін келтірген. Оған сүйенсек, Огай - Қазақстанның экс-президенті Назарбаевпен тығыз байланысы бар адамдардың бірі. 

"2002 жылы акционерлердің қолдан жасалған хаттамасы негізінде Огайдың адамдары компанияға басып кірген. Содан соң өзінің менеджерлерін компанияға кіргізген. Семей көмірдің активтерін біртіндеп тартып алған. Осы схема барысында "Семей көмір" банкрот деп танылған. Жасанды аукцион өткізіп, оған Огайдың бауырының компаниясы мен өзінің компаниясы қатысқан. Сонда аукцион өз араларында өткізілген", - делінеді арна мәліметінде.

Огай кейін Сауд Арабиясы сұлтанының үйін, Трамптың АҚШ-тағы ғимаратынан зәулім сарай сатып алған. Огайдың тағы бір сарайларының құны 100 миллион доллардан асады екен.

Халықаралық басылымдар осынша байлықтың иесі Огайдың Назарбаевпен тығыз қарым-қатынасы барына сенімді.

"Қазақмыстың Назарбаевпен байланысы бар екені бұл күнде еш құпия емес. Қазақмыс компаниясының 30 пайыз акциясы Огайға тиесілі болса, қалған 70 пайызы миллиардер Владимир Кимге тиесілі. Ал Назарбаевтың көп жылғы сенімді серігі Владимир Нидің Владимир Киммен байланысы бар екені ақпарат құралдарында жиі жазылады. Владимир Ни "Қазақмыста" 1999-2010 жылдар аралығында директорлар кеңесінің мүшесі, төрағасы болған.

...Ал Қаражыра компаниясы акциясының 10 пайызы Ерлан Нығматуллиннің меншігінде. Ерлан Нығматуллин - көп жыл Назарбаевтың айналасында жүрген Нұрлан Нығматуллиннің егізі. Ал Владимир Нидің "Қазақмыстың" басшысы Владимир Киммен де, Нұрлан Нығматуллинмен де қожайын атынан, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сөйлескен әңгімесі дейтін аудиолар YouTube-та көп", - делінеді арна мәліметінде.

Сонымен қатар, Ara media дерегінше, "Қазақмыс" Назарбаевтың қорларына кейінгі 4 жылда 79,4 млрд теңге берген. 

"Ким мен Огайдың Назарбаевпен алыс-берісі айта берсек көп, таусылмайды. Яғни Жақияновтың "Семей көмір" компаниясын банкрот деп танып, Қаражыра кенішін Огайдың иелегіне өткізу процесіне Қазақстанның бұрынғы билігінің ықпалы бар екенін айқын аңғаруға болады", - делінеді арна ақпаратында.

Бұл мәселеге Жақияновтың өзі де пікір білдірген. 

"Біз, Семей компаниясының акционерлері ақылдасып, Эдуард пен Марина Огайды сотқа беріп отырмыз. Ал неге Америка Құрама Штаттары десеңдер, Огайлар және басқа да жауапкерлер Америкада тұрып жатыр, сол жақта үйлері бар, шаруа-жұмыстарын сол жақта бітіріп жатыр. Былайша айтқанда, осы жақтан алып кеткен ақшаларын сол жақта жуып-шайып жатыр. Сол себептен дәл осы Америкада өтуге тиісті. Екінші жағынан Қазақстандағы соттың жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Көп жыл бойы билік басында Назарбаев болды ғой, Огайлар болса Назарбаевтың ең жанында жүрген адамдар. Кім біледі?! Назарбаевпен бірлесіп істеген дүние шығар?! Сол себепті Назарбаев 2022 жылы биліктен түгелімен кеткенше бұл шаруаны қозғауға келмеді. ... Жалғыз ғана емеспін, бірнеше акционер бар. Бәрінің қолында осындай құжаттар (акционер екені туралы - еск.) бар. ...Бұл оқиға 2001 жылы басталды. 2001 жылы Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевпен үлкен бір әңгіме болды. Артынан Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы ұйымдастырылды. Одан кейін Үкімет орнында, мемлекеттік қызметте жүргендер отставкаға кеткен болатынбыз. 2002-ге ауысқан кезде Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қалың тексеру келді. Аяғынан үлкен көлемдегі айыппұл салды. Ол кезде өзімді түрмеге жапты. Сот өтіп жатты. Артынан компанияны (Қаражыраны - еск.) бір адамдар келіп басып алды. Компания басшысыз қалды, компанияның ішіндегі көп адам қудалауға ұшырады. Мен бұл әңгімені артынан естідім. Ол кезде Құсмұрында абақтыда жаттым. Артынан Огай дегендерді білдік. ...Тонап кетті десе де болады. Заң тілімен айтсақ тонау ғой. Қарадан қарап отырып тегін қолдарына алып кетіп отыр. Бұл рейдерлік қана емес, шын мәнінде тонаушылар. Оның артында Назарбаев бар ма, Ни бар ма, Қазақмыс бар ма, оны сот шешеді", - дейді Жақиянов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар