Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескеннен кейін мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Ердоған Тоқаевты бауырым деп атап, Қазақстанды түріктердің тарихи отаны, ал Түркияны қазақтардың екінші отаны санайтынын айтты.
– Биыл Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толып отыр. Жаңа ғана қол қойған ортақ декларация арқылы біз әріптестік қарым-қатынасымызды стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан екі бауырлас ел. Біз Түркия Қазақстандағы тұрақтылық пен тыныштыққа үлкен көңіл бөлеміз, – деді Ердоған.
Түркия басшысы биылғы қаңтарда Қазақстанда болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, жаралылардың тезірек сауығып кетуін тіледі. Оның айтуынша, қиындықтар Қазақстанды тек нығайтты.
– Аса құрметті Тоқаевтың жаңа Қазақстанның қалыптасуындағы ынта-жігері мен табандылығы мақтауға тұрарлық. Осы шеңберде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар мен бағдарламаларды қолдайтынымды білдіремін. Қазақ бауырластарымыздың тұрақтылығы, тыныштығы және қауіпсіздігі үшін біз жауапкершілігіміздегі нәрселерді жасауға дайын екенімізді тағы бір рет атап көрсетемін. Әрі саяси, әрі сауда жағынан, әскери, экономикалық, мәдени жағынан барлық салада осы ұйымшылдығымызды жалғастырып, болашаққа иықтасып мықты қадам басамыз деп ойлаймын., – деді Ердоған.
Түркия президенті екі ел арасындағы өзара тауар айналымының 5 миллиард доллардан асқанын және жаңа мақсаттың тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу екенін түсіндірді.
– Ертең түрік бизнесмендерімен өткізетін кездесуіміз осы тұрғыда пайдалы болады деп үміттенемін. Біз түрік компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға ынталандыруды жалғастырудамыз. Кездесулерімізде көлік, қорғаныс өнеркәсібі, білім және мәдениет, энергетика және басқа салалардағы өзара инвестиция туралы пікір алмасып келістік, – деп сендірді Ердоған.
Шағын құрамда президенттер Украинадағы жағдайды талқылады.
– Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына негізделген дағдарысты бейбіт жолмен шешуге қатысты біздің көзқарастарымыз сәйкес келеді. Сіз сондай-ақ Украинадағы соғысты тоқтату үшін басынан бері тығыз жұмыс істеп келе жатқанымызды білесіз. Әрине, бұл соғыс тағы бір мәрте Түркі мемлекеттерінің екіжақты деңгейде және түркі мемлекеттерінің шаңырағы астында ынтымақтастығы мен ынтымақтастығы маңыздылығын атап өтті. Біз құрметті бауырым Тоқаевпен БҰҰ, ИЫҰ және экономикалық ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық платформаларда ұйымшылдығымызды жалғастыратынымызға келістік.
Атамекеніміз Қазақстаннан біздің елімізге келіп отырған президент, аса мәртебелі Тоқаев және оның құрметті делегациясын өз жеке атымнан және делегациямның атынан тағы да алғыс білдіремін, – деді Ердоған.
Президент Тоқаев Ердоғанға Түркияға шақыру және қонақжайлылық үшін алғысын білдірді.
– Бүгін біз ең маңызды мәселелер бойынша жан-жақты келіссөздер жүргіздік. Президент Режеп Тайып Ердоған дана әрі құрметті саясаткер, сондықтан оның пікірі өте маңызды. Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер, – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ қоныстанушыларының түрік жерінен пана тапқанына биыл 70 жыл толғанын еске салды. Оларға сол кезде Түркияның премьер-министрі болған Аднан Мендерес көп көмектесті. Мемлекет басшысы жуырда Алматыдағы көшелердің біріне осы көрнекті саясаткердің есімі берілгенін атап өтті.
Ердоған осы жылдың қазан айында Қазақстанға келеді және Қазақстан мен Түркия арасындағы төртінші Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысады деп күтілуде.
Дереккөз