Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан Жазушылар одағы «Жаңа Қазақстанды» қолдайды

05:34, 12 мамыр 2022 355
11 мамыр күні Қазақстан Жазушылар одағының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында публицист-жазушылар "Жаңа Қазақстан" қандай болуы тиіс екендігі туралы пікір алмасты. Спикерлер практикалық ұсыныстармен сөз сөйледі. Енді олар шешімдерін уәкілетті тұлғалардың қарауына ұсынбақ.


- Конституция халқымыз үшін киелі Құран кітаптай болу керек. Оның қасиеті мен қадірін жоғалтпауымыз керек. Атына заты сай болу үшін «Жаңа Қазақстандағы» саяси жүйені жаңашаландыру - құптарлық іс. Сондай-ақ, еліміздегі жемқорлық сынды заңсыздықтан құтылу үшін мықты заң керек. Ал ол заң Конституциямыздан бастау алатыны анық. Сондықтан, Мемлекет басшысының референдумда Конституцияға жаңартулар мен түзетулер енгіземіз деген шешімін қолдаймыз, - деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов.
Жиын барысында Конституцияға енгізілетін жаңартулар талқыланды. "Ата Заң халық мүддесіне бет бұрғанына қуаныштымыз" дейді одақ мүшелері.
- Мемлекет басшысы «Конституциялық кеңестің» «Конституциялық сот» болып өзгеретінін айтты. Ол дегеніміз, Конституциялық сот Президентке қатысты үкім шығара алады дегенді білдіреді. Сонымен қатар, жаңартулар ішінде тағы бір қолдайтын нәрсе – 6-баптың 3-тармағы. Онда былай делінген: «жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады». Бұл барлық жер асты қазба байлығы халыққа тиесілі деген сөз. Осындай жаңартулар көңілімізден шығып жатыр, - деді жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат.
Отырыс соңында публицист-жазушылар Конституцияға байланысты ұсыныстар айтты. Соның бірі - Парламенттің Конституцияға өзгеріс енгізе алу құзыреттілігін шектеу. «Ата Заңға өзгертулер тек халықтың қолдауымен референдум арқылы өткізілсін» дейді жазушылар. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының шешімін оң қабылдағандарын айтады.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар