Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақтың Шалва Аманашвилиі»: журналист Balapan телеарнасын басқаруға өзін ұсынды

14:25, 03 маусым 2024 660

Балаларға арналған телеарна – Balapan-ды осы уақытқа дейін бірнеше адам басқарды. Бір қызығы, олардың бәрі әйелдер екен. Осы орайда белгілі тележурналист Данияр Есен өзінің facebook-парақшасында телеарна басшылығына өзін ұсынып жатыр, деп жазады Alash.kz.

Ол өз жазбасы арқылы «ер азаматтардың бала тәрбиесіне қатысы жоқ па?» деген сауалды ортаға тастайды.

«Балапан» арнасын осы уақытқа дейін тек хатун-қызлар басқарыпты: Жанар Шәмел, Ләйла Сұлтанқызы, Мақпал Жұмабай, Қымбат Досжан, Индира Тұрсынбай. Әрине, әрқайсысының өз орны бар деп жазды,Ulysmedia.kz.

Бірақ неге еліміздегі жалғыз балалар арнасын тек әйелдер басқарған? Сонда ер азаматтардың бала тәрбиесіне қатысы жоқ па? Онсыз да білім саласында - әйелдер, бала жүрген жердің бәрінде - әйел.

Бала тәрбиесіне жауапты болып, отбасын сүттей ұйытып отырған қаншама Әке, еркек бар. Бала тәрбиесіне тек әйел ғана емес, Әке де жауапты, - дейді Данияр Есен.

Осы орайда, тележурналист «нағыз тау қопаратын жаста» екенін, Balapan телеарнасын басқаруға білімі мен қабілеті жететінін айтты.

Балалар мен жасөспірімдер тақырыбында жазып жүргеніме жеті жылдан асты. Бұл туралы Инстаграмдағы оқырмандарым жақсы біледі. Тіпті, біреулер маған «Қазақтың Шалва Аманашвилиі» деп ат қойып алыпты.

Мақтанғаным емес, бала тәрбиесіне атсалысып жүрген аз ғана Әкенің бірімін. «Әкелер одағы» төрағасының орынбасары болдым. Баланың тілін мен сияқты түсінетін Әке аз.

«Балапан» телеарнасын басқаруға менің қабілетім де, білімім де жетеді.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясына бөтен емеспін. 20 жылым осы корпорацияда өтті.

Осы уақытқа дейін басшылық қызметтерге менің кандидатурам қаралғанда, «Даниярдың мінезі жұмсақ» деп айтады екен. Мәселе жұмсақтықта емес, біліктілікте деп білемін. Оның үстіне, агрессия қаптаған біздің қоғамда жетіспей тұрғаны - сол гуманизм мен кәсібилік емес пе?

Идея көп. Нағыз тау қопаратын жастамын. Керемет контент ұсынар едім, - деді Д. Есен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар