Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қостанайда Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған төрт азаматқа үкім оқылды

07:57, 22 шілде 2022 268
Қостанай қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған төрт азаматқа үкім оқыды. Сот Дамир Әбілов пен Андрей Бурдюктің әрқайсысына – үш жылдан шартты жаза, Әмірбек Ануханов пен Ерназар Рамазанның әрқайсысына төрт жылдан шартты жаза берді. Бұл жөнінде Tobolinfo сайты хабарлады.



Сайттың жазуынша, төрт адам 5 қаңтар күнгі аяғы "тәртіпсіздікке ұласқан наразылыққа қатысқаны үшін", "полиция өкіліне күш көрсеткені үшін" айыпталған. Сот барысында соңғы айтылған бап алынып тасталған.

Ақпаратқа қарағанда, 19 шілдеде айыпталушылар "кінәларын толық мойындап, кешірім сұраған", процессуалды келісімге қол қойған. Олар митинг кезінде "бүлінген" Қазпошта, Қостанай облысының полиция департаменті және тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөліміне келтірген шығын көлемін (шамамен 277 мың теңге) де толтырған. Сот жаза тағайындар кезде олардың өкініп, келтірген шығынды толтырғанын және кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Айыпталушылар сот залынан босатылған.

"Қазақпараттың" жазуынша, қостанайлықтар Қаңтар оқиғасы кезінде "Қазпошта" ғимаратына төселген тастар мен кафельдерді бөлшектеп, "полицейлерге лақтырды" деп айыпталған. Оларға сонымен бірге полиция департаментінің екі қызметтік көлігін бүлдірді, орталық көшедегі қоқыс жәшіктері мен сәкілерін қиратты деген айып тағылған.

  • Биыл қаңтардың басында Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан, жұмыссыздық пен кедейліктен қажығанын айтқан халық наразылық митингісіне шығып, үкіметке талап қойған. Әлеуметтік проблемалармен бірге саяси талаптар да айтылған. Бұл наразылық толқыны Қазақстанның өзге де өңірлерін қамтыған. Кейінірек бірқатар қалада наразылық дүрбелеңге ұласып, қантөгіспен аяқталған.

  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адам тергеу изоляторында көз жұмған. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.




[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар