Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құтқарушы құрметке лайық мамандық!

09:22, 19 қазан 2022 234
 

Өз басын қатерге тігіп, ең алдымен өзгені құтқаруға ұмтылатын, басты мақсаты адамзатты құтқару, соның жолында жанып жатқан өртке де, ағын суға да тіпті қорқынышты биіктік пен иісі адам шыдатпас әжетханаға да қарамастан миссиясын орындауға ұмтылатын ерекше мамандық иелері бар. Олар құтқарушылар. Елімізде осынау құрметке лайық мамандық иелеріне арнайы атаулы, кәсіби мерекелік күн де белгіленген. Әр күні ерлікке бергісіз құтқарушылардың кәсіби мерекесі 1995 жылдан бері атап өтіліп келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылуына орай белгіленген 19 қазан биыл 27 рет кәсіби мереке ретінде атап өтіліп отыр.
Биыл да мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев бұл күнді атаусыз қалдырмай, кәсіби мерекесімен құтқарушыларды арнайы құттықтады. «Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық. Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін. Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» - деді Президентіміз.
Расында да бар құрметке лайық құтқарушы мамандарының көмегін, қызметін біз әр сәт сайын сезінеміз. Үйі құлыптанып есігі ашылмай қалған тұрғындарға да, көпірден секірмекші болып суицид жасағысы келгендерге де, суға кетіп қалғандар мен өрт кезінде үйінен шыға алмай қалғандарға да ең алдымен құтқарушы мамандар көмекке ұмтылады. Сондықтан бейбіт күннің батырлары қашан да құрметке лайық!
Негізі Тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ елімізге арнайы құтқарушы мамандар қажет екенін сезініп, төтенше жағдайларға қарсы қызмет құрылған болатын. Ал сол кезге дейін бұл міндетті қоғамдық ұйымдар мен құтқару бекеттері атқарып келген еді. Арнайы қызметтің құрылуы саладағы мәселелердің шешіліп, төтенше жағдайлардың азаюына, оқыс жағдайда қаза табатын жандардың санының төмендеуіне ықпал етті. Осы орайда мемлекеттік маңызы бар қызмет осы жылдар ішінде өзін өзі ақтады деп толықтай айта аламыз.
Үлкен жауапкершілікті талап ететін Төтенше жағдайлар қызметіне талапқа сай, физикалық мүмкіндігі жоғары, оқыс жағдайларға епті мамандар тартылып, олардың көмегімен төтенше жағдайдың зардаптары да азая бастады. Уақыт сұранысына сай бүгінде Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің медициналық, психологиялық әзірліктері де күшейтіліп, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отыру да талап етілуде. Өйткені құтқару қызметі оңай емес, өте қауіпті мамандық. Осы орайда атап өтсек, ҚР «Азаматтық қорғау» заңы бойынша Төтенше жағдайлар қызметіне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және жою, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде ең алдымен адамдарды құтқару, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті қамтамасыз ету жүктелген. Бүгінгі күні олардың қызметін қалтқысыз атқарып келе жатқанын статистика айғақтап отыр. Яғни төтенше жағдайлардың да, оның зардаптарының да азайып келе жатқанын статистикадан байқауға болады.
Атап өтер жайт, қашан да апат айтып келмейді. Тосыннан, аяқ асты орын алған апат кезінде бүкіл қоғам абдырап қалса да, төтеншелік құтқарушылардың тосылып қалуға қақы жоқ. Апат кезінде халыққа ең бірінші болып ұмтылып, көмек қолын созуы керек. Бұл кез келген адамның қолынан келмейді. Сондықтан алда жалда біреу өзгенің өмірін құтқаруға себепкер болып жатса оны бейбіт күннің батыры ретінде құрмет тұтып, қоғам болып үй әперіп, сый көрсетіп жататынынан-ақ құтқарушы маманы болудың оңай емес екенін түсінуге болады. Құтқарушы болу үшін үлкен жүрек, шебер машық, физикалық дайындық, білім мен білік және жылдар бойғы тәжірибе, күшті батылдық, жылдың төрт мезгілінде де, тәуліктің кез келген сәтінде де дайын тұра алатындай дайындық керек. Еліміздің барлық өңіріндегі Төтенше жағдайлар қызметінің жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше бөліктен тұратын құрылымы да бар. Ерекшеліктеріне сай олар үнемі кәсіби дайындықтарын шыңдап отырады. Өйткені олардың әрқайсысындағы мамандардың құрамының толық, сақадай сай болып отыруы маңызды. Кейбір төтенше жағдай кезінде сол жергілікті жердегі төтеншеліктердің күші жетпей көрші облыстарға да жүгінуге тура келіп жататындықтан төтеншелік мамандардлың құрамының толық болуына да мән беріліп отырады.
Осы орайда атап өтсек, биылғы жылдың тоғыз айының ішінде еліміздің құтқарушылары үш мыңға жуық авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, 700-ден астам адамды құтқаруға атсалысыпты. Ал мыңға жуық адамды қауіпсіз жерге көшірісуге көмектескен. Еліміздің құтқарушыларының кәсіби дайындығы күшейген сайын елімізде төтенше жағдай азайып, одан келетін зардаптар да айтарлықтай азая түсе бермек. Мәселен бір ғана Ақтөбе қаласының аумағында өткен жылы 233 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 20 пайызға азайып, 188-ге түскені байқалып отыр. Сәйкесінше өрт салдарынан қаза тапқан адамдар саны да кеміген. Өткен жылы өрттің салдарынан 4 адам қайтыс болса, биыл сол уақытта 3 адам өлімі тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары да жыл басынан бері 2400-ден астам шақыртуға шығып, 200 ден астам адамды құтқарып, мыңнан астам адамды эвакуациялауға қатысыпты.
Мұндай кему көрсеткіші еліміздің барлық өңірінің төтеншеліктеріне тән болып отыр. Өйткені осы жылдар ішінде Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша тиімді жүйе құрылып, кешенді жұмыстар жүйесі қалыптасты. Мемлекет тарапынан да төтеншелік мамандардың техникалық жабдықтарына айтарлықтай қаржы бөлінді. Бүгінде тәжірибелі, техникалық әлеуеті жоғары азаматтық қорғаныс саласы еліміздің төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуде. Құтқарушы маман болуға да дайындығы мықты мамандар таңдап алынуда. Қашан да ерлік жасауға бар, өзін құрбан етуге дайын кәсіби мамандарымыз өз қызметтерін қалтқысыз атқаруда. Мерейлі мерекеде олардың өздерінің де бір ауыз жылы лебізін білуге тырысып, арнайы хабарластық.
Солардың бірі оралдық құтқарушы Айбар Айтқалиев «кішкентай кезімде кинолардағы өзгелерді құтқаруға ұмтылатын кейіпкерлердің әрекеті құтқарушы мамандығына жетелеп келген секілді. Өзім мамандығыма ерекше құрметпен қараймын. 2005 жылдан бері осы салада істеп келемін. Әсіресе өмірін, дүние мүлкін құтқарып қалғаннан кейінгі халықтың жүзіндегі ризашылық сезімді көру ерекше қуанышқа бөлейді. Бұдан артық миссия жоқ екеніңе көзің жете түседі. Негізі адам өзіне сенімді болса кез келген қауіптің алдын алуға болады. Талай рет жанып жатқан өрт ортасынан газ баллондарын сүйреп шығардық. Жалын атып тұрған үй ішіне үлгеріп кіріп адамдарды алып шыққан соң шатыры ортасына түскен жағдайлар болды. Бірақ барлығында адам күшінің, ептілігінің тілсіз жау алдында да мықты екендігіне сеніп қимылдадым. Күн түн демей кез келген қауіптің алдын алуға даяр тұратын барлық әріптестеріме құрметім ерекше. Сондықтан жастарды да құтқарушы мамандығына шақырамын. Бұл нағыз ер жігіттердің мамандығы. Қолайсыз ауа райына қарамастан өртпен, су тасқынымен алысып, құйын мен боранда да өз өмірінен бұрын өзгелердің өмірін жоғары қойып, құтқаруға ұмтылатын құтқарушы мамандарының мәртебесі өсе берсін деп тілеймін. Және еліміздің әбір азаматынан кез келген жағдайда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауын сұраймын. Әрбір адам соған машықтанса елімізде тіркелетін төтенше жағдайлардың саны азая түсер еді. Өйткені төтенше жағдай халықтың сана сезіміне де тікелей қатысты дүние. Қауіп қайдан деуге болмайды. Кез келген сәтте адам өміріне қауіп төнуі әбден мүмкін. Әсіресе кішкентайларды қауіпсіздік ережелерімен жастайынан таныстыруға тырысуымыз керек» дейді.
Пікірінің өзі халықтың қауіпсіздігіне бағытталған азаматқа еріксіз риза болыстық. Осы орайда атап өтер жайт, құтқарушылардың ерен еңбектері мен ерліктерінің арқасында жыл сайын мыңдаған адамның өмірі мен мүлкі төтенше жағдайдан сақталып қалады. Сондықтан құтқарушы мамандары қашан да құрметке лайық!

Ерзия Ерсұңқар
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар