Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ресейдегі су тасқыны: Путин түгіл, Үкімет басшысы да бармады

12:30, 12 сәуір 2024 731

Ресей ТЖМ-інің хабарлауынша, топан судың үлкен көлемі енді келе жатыр. Шырқау шегіне жететін күні алда. Соған қарамастан, мұны "жергілікті деңгейлердегі апат" санаған Мәскеу о бастан баса мән бермеді. Қатты зардап шеккен өңірлерге Ресей Президенті түгіл, Үкіметінің төрағасы да арнайы сапарламады.

Тек губернаторлар және РФ төтенше жағдайлар министрі Александр Куренков қана шапқылап жүр. ТЖМ басшысы кеше Түмен облысына барды. Онда ғаламат қарғын су келмей жатып, 10-нан астам шағын қала су астында қалған. Сондықтан 8 сәуірден бастап, өңірде тасқынға байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.

Түмен облысында Тобыл және Есіл өзендеріндегі су деңгейі көтеріледі деп болжануда. Былтырдан бірнеше метр тереңдікке дейін қатқан тоң әлі жібіген жоқ, қар ғана қарқынды еріп жатыр.

РФ ТЖМ басшысы соның алдында Орынбор және Қорған облыстарында болып қайтты.

Жалпы алғанда, қазіргі кезде Ресей федерациясының қырықтан астам өңірін қызыл су жаулап алды. Әсіресе, биыл буырқанған Жайық (Ресейде Орал аталады), Еділ (Волга), Сібір өзендері мен сағалары жағаларынан тасып төгіліп, өз жолындағы елді мекендерді жаңқаша шайып кетіп жатыр.

Түрлі деректер бойынша РФ-ның бір ғана Орынбор облысында 20 мыңға дейін баспананы, 35 мыңдай саяжай-бақшаны су басқан.

Бұл тек басы ғана көрінеді. Тасқын су тағы екі өңірді жапқаны анықталды. Томь өзенінің асаулануы нәтижесінде Томск және Кемеров облыстарында елді мекендерді – қалашықтарды, деревняларды су шая бастады.

Топан суға қарық болған ресейлік өңірлер ішінде Орынбор облысы және Ор (Орск) қаласы бәрінен көп зардап шекті. Оларда федералдық ауқымдағы ТЖ енгізілді. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бұл – соңғы 100 жылда болмаған ең алапат тасқын.

Ресейліктердің түсіріп, таратып жатқан видеоларында су бетінде тек шатыры ғана көрініп, тасқынмен бірге "жүзіп" бара жатқан үйлер бейнеленген. Яғни, қуаттылығы сонша, іргетасынан жұлып әкеткен.

Көршіде бөгет-дамбалар бірінен соң бірі жарылуда. Мысалы, Ор қаласындағы бөгеттің жарылуы салдарынан қаланың мыңдаған үйі су астында қалды. РФ ТЖМ-і және губернаторлар көмекке келуге құтқарушылар жетіспейтінін мойындауға мәжбүр болды.

Ресейлік ақпарат құралдары адамдардың құрбан болу оқиғаларын жазуда.

Проблеманы тағы бір жайт ушықтырды: су басқан қалалардағы, аудандардағы, деревнялардағы үйлерді ұрлықшылар "үптеп" кетуде. Ресейлік пабликтерде мародер бандалардың тұтас топтары жұмыс істейтіні хабарланды. Салдарынан, жиған дүние-мүліктерінен айрылып қалудан қорыққан тұрғындар эвакуацияланудан бас тартады.

РФ телеарналарынан көрсетілген сюжетте тасқын су көшесіне дейін кірген қалашықты арнайы үрмелі қайықтармен аралаған ТЖ қызметкерлері көрсетілді: олар көшелерді қайта-қайта кезіп, дауыс үдеткішпен эвакуациялану қажеттігін қанша ескертсе де, сыртқа бірде бір адам шықпаған. Соңынан елді мекендер терең судың астында қалады.

"Облыс аумағында қарғын суға қатысты жағдай өршіп барады. Үлкен су келмейді деп үміттеніп, көптеген тұрғын эвакуацияланудан бас тартады. Сөйтіп, санасыз тірлігімен өмірлерін қауіпке тікті. Құрметті тұрғындар, шұғыл оперативті қызметтердің нұсқауына салғырт қарамаңыздар! Су басатын аймақтарды ертерек тастап шығыңыздар", – деп ақпарат құралдары арқылы жалына үндеу тастады РФ ТЖМ-інің Орынбор облысындағы Дағдарыстық жағдайларды басқару орталығының бастығы Андрей Мельников.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар