Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Толыққанды демократияға, түбегейлі сөз бостандығына қол жеткіздік деп айту әлі де ертерек» - Әміржан Қосанов

13:42, 19 шілде 2024 862

Alash.KZ Ұлттық порталы белгілі саясаткер Әміржан Қосановтан Қазақстан саясатындағы ең өзекті және маңызды тақырыптар төңірегінде сұхбат құрды. Айталық, Думан Мұхаметкәрімнің түрмеден ауруханаға жедел ауыстырылуы, саясаткер, Англия азаматы Серікжан Мәмбеталиннің Қазақстан түрмесінде жатқан Боранбаевқа депутат Бапимен бірге баруы, Айдос Садықовтың өлімі, Назарбаевтардың активтері төңірегіндегі даулы әңгімелер туралы өрбіді.    

Alash.KZ: Әміржан мырза, қоғамда өте өзекті болып отырған тақырыптардан бастасақ сұрақтарымызды. Түрмеде жатқан журналист Думан Мұхаметкәрім ауруханаға шығыпты. Бұл Думанның билік талабымен келіскенін білдіре ме, әлде шынымен денсаулығы нашар ма?

Ә.Қосанов: Бізде бір жаман әдет бар: билікке қарсы шыққан адамның жағдайына қатысты кез келген шешім не оқиғаны әсірелікке салынып, «астарлатып» жібереміз, «астыртын әрекет теориясына» сай түйін түюге әуеспіз. Ең алдымен, Думанның амандығын тілейік. Түрмеде отыру оңай емес.

Билікті қанша ұнатпасақ та, ескі Қазақстанмен салыстырғанда белгілі бір деңгейде еркіндік пайда болғаны рас. Кезінде саяси репрессияның сорақысын көрген біз де соны мойындауға мәжбүрміз. Оған да шүкір.

Алайда, алға ілгеру болғанмен, толыққанды демократияға, түбегейлі сөз бостандығына қол жеткіздік деп айту әлі де ертерек. Думан сияқты азаматтардың түрмеде отыруы соның бір дәлелі. Билікке қарсы шыққан азаматтар бостандықта болуы тиіс! Ол - өркениетті саяси өмірдің аксиомасы.

Меніңше, бізде бір артық кетушілік бар: алыста жүріп, елді арандатып отырған тұлғаларға деген биліктің теріс, жеккөрініш көзқарасы осындай адал азаматтарға өз салқынын тигізіп қалады. Сол тұлғаларға сеніп талай адамдар да алданып қалып жүр.

Alash.KZ: Жуырда ғана депутат Ермұрат Бапи мен Англия азаматы, сіздің досыңыз Серікжан Мәмбеталин екеуі Өскемен түрмесіне барып антиресейшіл көзқарасы үшін сотты болған Марғұлан Боранбаевпен кездесіп қайтты. Бапиді қайдам, ал Мәмбеталин шетелдің азаматы емес пе, оның түрмеге баруға, Қазақстанның саяси шешімдеріне араласуға қандай хақы бар? Бұл жерде бізге жұмбақ Ақорданың әлдеқандай саяси ойындары жатқан жоқ па?

Ә.Қосанов: Марғұлан -  азамат, оған өзіңіз атын атап отырған екі азаматтың барғаны да дұрыс болар. Мұндай қадамнан да астыртын ой іздемей-ақ қоялық: әркім өз шама-шарқына қарап тірлік жасайды емес пе? Билік те сол азаматтармен тіл табысып жатқан болар. Оның несі жаман? Жайдан жай ешкім депутат болмайды, түрмеге баруға рұхсат алмайды. Кезінде Арон Атабекке барайық деп ұсыныс айтқанда, билік пысқырмаған да.

Марғұлан аман болсын, саяси ойындардың құрбаны болмасын.

Айтпақшы, Серікжанды «сіздің досыңыз» депсіз. Иә, кезінде жақсы араластық, «Жаңа Қазақстан» форумын құрдық. Ол тепкіге ұшыраған кезде, сотталғанда қасында болуға тырыстық. Алайда, бүгінде жақын араласамын деп айта алмаймын. Оның өз себептері бар.

Alash.KZ: Айдос Садықовтың жатжұртта жамбасы жерге тиді. Марқұмның жақындары мен әйелі Садықовтың өлімін Астаданан көруде. Әлде кейбір саясаттанушылар айтып жүргендей, бұл Батыс пен Украинаның ойыны ма?

Ә.Қосанов: Бәрі мүмкін. Алайда Айдос Садықов соншалықты биліктің бас бәсекелесі болды деп айту артықтау болар. Иә, өткір сыни материалдар жариялады, әсіресе, биліктегі коррупция туралы небір деректер келтірді. Ондай Ютуб-арналар ел ішінде де баршылық. Билік бәрін өлтіре бермейтін шығар. Бәлкім, ол кланаралық тартыстың құрбаны болды ма, кім біледі. Қазір «оның өліміне Тоқаевтың жеке басының қатысы жоқ» десең, биліктің адвокаты боп шыға келесің, өзін радикал оппозиция санайтындар үре қарсы шығады. Кез келген айып тағу үшін нақты дәлелдер керек.

Alash.KZ: Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстан арасындағы қырғиқабақ соғыс қашан ашық майданға шығуы мүмкін? Нақтырақ айтқанда, Назарбаевтың үш қызына, күйеу баласы Құлыбаевқа, жиендері мен немере бауырларына және ең жақын достарының активтеріне қатысты терсеру жүріле ме жуық арада? Әлде Боранбаев, Сатыбалдылармен ғана шектеле ме?

Ә.Қосанов: Билік пен байлықтан айрылып жатқан «ескі қазақстандықтар», әрине, Тоқаевқа қарсы, жаны қасы. Өзіңіз айтып отырған «қырғиқабақ соғысы» жалғаса берері хақ. Ол ашық майданға ұласуы да мүмкін. Меніңше, ол күштер алдағы саяси науқандарға әзірленуде. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көретін болармыз.

Бір қызығы сол: ертеңгі күні ол күштер саяси, демократиялық, жалпыхалықтық, оппозициялық ұрандармен атойлап, алаңға шығуы мүмкін, бәлкім, ел ішінде танымал тұлғаларды да өз мүддесі мен қажетіне пайдалануы мүмкін. Нағыз қызық сонда болады. Ең бастысы, ел аман болсын, арандатушылар қан төгіске жол бермесін!

Alash.KZ: Осыдан бірер апта бұрын ғана Шаңхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммит өтті Астанада. Саммит барысында Қазақстан мен Қытай арасында отыз шақты құжатқа қол қойылды, танысып шықтыңыз ба? Кейбіреулер Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының тым жақындауы мен жиілеуінен аса үлкен қатер күтеді. Ал біреулер Ресейден қорғану үшін Қытайға жақындау өте дұрыс саяси шешім деген пікір айтады. Сіздің пікір қандай: қытай басып кетеді деген пікірді қолдайсыз ба, әлде орыстан қорғану үшін қытайға жақын болу деген саясатты қолдайсыз ба?

Ә.Қосанов: Назарбаев кезінде көпвекторлы саясат жариялаған еді, өкінішке орай, ол көпвекторлы емес, «қосвекторлы» – Қытай мен Ресейге ғана бағытталған дипломатия боп шықты. Еуропа мен АҚШ-ты ұмыттық, шынын айту керек, олар да бізді ұмытты. Осы қилы кезеңді Қытай мен Ресей өте тиімді пайдаланып жатыр. Өз басыма осындай біржақтылық ұнамайды. Әрине, көршілермен тату-тәтті өмір сүру – бұлжымайтын талап. Бірақ Қытай мен Ресейдің экономикамызды біржақты жаулап алып жатқаны да дұрыс емес.

Сөзімнің түйіні сол: біздегі ішкі және сыртқы саясатта көпвекторлы ұстаным қажет!

«Анау оппозиция екен, сонымен тіл табысайық, қалғанын қайтеміз» деген саясат жақсылыққа апармайды! Сыртқы қарым-қатынаста да сондай солақай саясат болмауы тиіс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар