Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев пен Макронның ортасындағы қазақ қызы кім?

15:27, 07 қараша 2024 1435

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапарынан кешелі бері дүркін-дүркін фото-видеолар тарап жатыр. Мемлекет басшысымен бірге меморган басшыларынан бөлек, Парижге Димаш Құдайберген, Елдос Сметов, Давид Дягтерев, Ақмарал Науатбек сынды мәдениет, спорт өкілдері де барған. Біздің назарымызға Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макронның ортасында фотосуретке түскен Париждегі қандасымыз ілікті, деп жазады Alash.KZ ulysmedia.kz материалына сүйеніп.

Суреттегі бойжеткен – Францияның Крей қаласы мэрінің орынбасары, қазақ қызы Иешім Мақмұдқызы Саваш. Есім 1993 жылы Парижде дүниеге келген. Оның әке-шешесі Түркияда тұрып, кейін Францияға көшкен.

Есім Саваштың аталары Қытайдың Алтай аймағында өмір сүрген. Өзі ХХ ғасырдың басында қытайға қарсы соғысқан әйгілі Зуқа батырдың жиені. 

Есім білімі бойынша мұғалім және экономист. 18 жасынан бастап саясатта. Бұған дейінгі сұхбаттарында Марокконың Дахла қаласында жастардың сапалы өмір сүруі үшін күрескен қозғалысқа атсалысқанын айтқан.

Есім Саваш (Мінбер.кз)

– Мен – тағдыр тәлкегімен атажұртынан аласталған қазақтың ұрпағымын. Аталарым ХХ ғасырдың ортасында Анадолы жеріне қоныстанған. Өзім  Францияда дүниеге келдім, балалық шағым Париж аймағында өтті. Менің 13 жасымда Крейге көшіп келдік.  Лицейді бітірген соң Технология инстутында жергілікті өзін-өзі басқару мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін,  кейін Ұлттық жоғары біліктілік және білім беру институтында (Institut National Supérieur du Professorat et de l’Éducation) білім магистрі дәрежесін тәмамдадым, – дейді сұхбаттарының бірінде Есім.

Есім 2021 жылы Париж аймағының Крей қаласының орынбасары болып сайланған. Оның алдында мэрдің мәдениет жөніндегі орынбасары болған.

“Мен саясатқа жаңа тыныс, серпін бергім келді. Мен өз жобаларымнан жастардың өзін-өзі тани білгенін, қажет дүниелерді білгенін қалаймын” дейді ол.

ЗУҚА БАТЫР ЖАЙЛЫ

Зуқа батыр 1866 жылы Зайсанның Кендірлік өңірінде білімді отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Шығыс Қазақстанда аса танымал болған Сәбит Дамолла еді. Арғы атасы да атақты Нұрмұхаммет абыз. Бала кезінен бастап өжеттілігімен, өткір ойларымен, әділеттілігімен көзге түскен Зуқа батыр жас кезінде жетім қалса да, әкесінен алған, әсіресе діни саладағы білімімен қоғамдық өмірге ерте араласа бастаған. Кейіннен жат жұрттық әкімшіліктің еліне, жұртына көрсеткен зорлық-зомбылығына төзе алмай, қалған өмірін ұлт азаттығы үшін жұмсаған. Екінші жақтан ұлтына және дініне қарамастан мыңдаған жетім-жесірге, кедей-кепшікке, әділетсіздікке  ұшыраған қорғансыз жандарға пана болған. Пайғамбар жасына келген шағында діні үшін, елі үшін, отаны үшін үздіксіз күрескен Зуқа батыр, отаршыл қытай әкімшілігінің әдейі дайындалған жендеттерінің қолынан 1929 жылы желтоқсанда Алтайдың Көктоғайында басы алынып, шаһит болады...

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?