Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"2030 жылға қарай су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 1700-ден астам адамға жетеді" - вице-министр

18:47, 02 қыркүйек 2024 352

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ел халқына арнаған жолдауында су шаруашылығына қатысты арнайы тоқталды. Президент "ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет" дегенді баса жеткізді. 

Президент өз Жолдауында: "Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек" деп, үкімет пен су министрлігіне нақты тапсырмалар берді.

Президент Жолдауы туралы және осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Alash.KZ сайты ҚР Су ресурстары және  ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияздың пікірін білген еді.    

"Қазіргі уақытта су шаруашылығы жүйесінде («Қазсушар» РМК) Су шаруашылығы және ирригация министрлігінде 10000-ға жуық адам жұмыс істейді. Министрлік орта мерзімді перспективада, яғни 2030 жылға қарай су шаруашылығының кадрларға қажеттілігіне талдау жүргізді. 

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі Үкіметтің әр өңірде су шаруашылығы институттарын құру туралы шешімін ескере отырып, 2030 жылға қарай су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 1700-ден астам адамды құрайтынын көрсетті.

Су ресурстары және ирригация министрлігі осы қажеттіліктерді алға тарта отырып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен оқу жылдарына мемлекеттік оқу гранттарын бөлу мәселесі бойынша бойынша тығыз қарым-қатыныста.

Осы орайда, 2024–2025 оқу жылдарына су шаруашылығы мамандықтарына 500-ге тарта студенттер бакалавриат бойынша грантқа оқуға түсті. Бұл былтыр грантқа түскен 300-ге тарта студенттерден әлдеқайда жоғарғы көрсеткіш.

Соның ішінде 100-ден аса студенттер өз таңдауларын Тараз қаласында қайтадан құрылған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне жасады.

Бұдан өзге Министрлік су кәсібінің беделін көтеру мақсатында ағымдағы жылы «Қазсушар» РМК филиалдары қызметкерлерінің жалақысын 23-25% өсірді. Кадр әлеуетінің біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс көлемі жүргізілуде.

Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК-ның 450 қызметкерінің біліктілігін арттыру үшін мемлекеттік сатып алуды өткізуге конкурстық құжаттама әзірленді.

Сонымен қатар, қытайлық «Power China» компаниясымен, сондай-ақ «Қазсушар» РМК мамандарын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша OiEau француз компаниясымен уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ, министрлік пен Нидерландының IHE Delft су білімі институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында ағымдағы жылдың 26-30 тамыз аралығында Су ресурстары және ирригация мамандарынан бөлек, Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК, «Георграфия және су қауіпсізіді» АҚ, «Қазгидромет» РМК және «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары үшін «Су тасқыны қаупін басқару» тақырыбы бойынша оқыту семинары өтті.

Аталған семинардың екінші кезеңін ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында өткізу жоспарлануда.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар