Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

21 млн теңге пара алған антикор қызметкері 7 жылға сотталды

09:08, 09 маусым 2022 181
 



Атырауда 21 млн теңге пара алған антикор қызметкері 7 жылға сотталды.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы М.-ға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айып тағылған.
«Сотта мына жайттар анықталды: 2021 жылдың сәуір айында сотталушы М.-ға «П.П» ЖШС басқарма төрағасы Б.-ға қатысты департамент қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені белгілі болған. М. 26 маусымда жәбірленуші Б.-мен кездесіп, оған қатысты тексеруді тоқтатуға ықпал ете алатынын айтқан. Департамент пен агенттіктің басшылығы арқылы оның пайдасына оң шешім шығаратынын айтып, ол үшін 30 млн теңге талап еткен. М. сол жылғы 30 маусымда сотталушы мен жәбірленушінің қайта кездесуінде 21 млн теңгеге келіскен. Бұл ақшаны сотталушы М. танысы арқылы Б.-ның пәтерінен алып кетуді сұраған. Сол күні М.-ның танысы жәбірленушінің пәтерінен ақшаны алған» деп хабарлады қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері ақша беру кезінде куәгерді ұстаған. Көрсетілген мән-жайлар және сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, Whatsapp мессенджеріндегі хат алмасумен, аудио, бейне жазбалармен, сараптама қорытындыларымен расталған. Прокурор М.-ға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
«Сот сотталушы М.-ны Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 28-бабының 4-бөлігімен, 367-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп таныды. Сотталушы М.-ның қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағаны жазаны ауырлататын жағдай ретінде қарастырылды. Сотталушының жасы мен отбасылық жағдайы ескерілді» деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімімен сотталушы М.-ға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталушы 5 санатты біліктіліктен де айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.





Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?