Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

73 млн теңге: қытайлық кәсіпкер шымкенттіктерге алданып қалды

11:47, 12 маусым 2024 2441

Шымкентте алаяқтарға 73 миллион теңгесін санап берген Ван Ир Чанг есімді қытайлық кәсіпкер әділдік таппай, елшілік жағалап жүр, деп жазады Alash.kz сайты  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Малдың ішек-қарнын Қытайға алдырып, содан деликатес жасаймын деген 45 жастағы Қытай азаматы Алматыда үш жігітпен танысады. Олар Шымкенттегі қасапханаларда таныстарының көп екенін айтып, төрт айда "30 тонна тауар дайындап қойдық" деп, 73 миллион теңге ақша аудартқызған.

"Қазақстаннан ішек-қарын алдырып, компания ашамын деп ойлағанмын. Әлгілер күнделікті видеомен хабарласып, қойма толы қырыққабат деп аталатын ішек-қарынды көрсеткен соң сеніп, ақша аударып отырдым. Наурыз айында тауарды көзбен көрмекке келсем, еш нәрсе жоқ", - дейді кәсіпкер Ван Ир Чанг.

Шетелдіктің арызынан кейін іс қозғаған полицейлер күдіктілерді ұстап, 756 қап мұздатылған ішек қарынды тәркілеген. Күдіктілер де ақша алғанын, бірақ тауарды бермегенін мойындапты. Дегенмен көп ұзамай айғақ зат ретінде алынған деликатесті алаяқ ретінде күдікке ілінген азаматтарға қайтарып бере салған.

"Ешқандай да мәселе жоқ, іс қысқартылады, біз затты сатып жібердік деп айтқан, мойындаған", - дейді адвокат Нұржан Үсіпханов.

Жәбірленушілер күдіктілердің дауысы жазылған аудиожазбаны Шымкенттегі полиция басшылары мен прокурорларға да тыңдатқан. Бірақ ешкім селт етпепті. Алданған кәсіпкер қорғаушыларын алып полиция департаментіне тағы барған.

Тәртіп сақшылары бұл жолы да қылмыстық іс қысқартылған деп қысқа қайырды.

"Құқықтық қатынастардың азаматтық аяда қаралуына байланысты қылмыстық істі тоқтату бойынша шешім қабылданды. Тергеудің ұшбуынды моделі аясында аталған шешім прокуратурамен келісілген", - деп жауап берді Шымкент ПД ресми өкілі Бағлан Исатаева.

Қазір кінәсін мойындаған үш жігіттің қайда екені белгісіз. Сондай-ақ ақшасы төленген тауардың да қай жаққа кеткенін ешкім білмейді. Ал Шымкенттің құқық қорғау орындарынан әділдік таппаған шетелдік енді Ішкі істер министрлігіне шағым түсірмек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар