Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

75 жастағы әжей қазақ тілін үйреніп жүр - Алена Малькова

11:49, 07 маусым 2024 523

Қазақ тілін жетік меңгерген отандасымыз Алена Малькова көкшетаулықтарға қазақ тілінен сабақ беріп жүр. Бұл туралы ол Азаттық рухына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

«Клубымыз «Сөйле» деп аталады. Қазір тобымызда 40-тан астам қатысушы бар. Саны артып келеді. Үйірмеміз әртүрлі ұлттың, мамандықтың , жас пен кәрінің басын қосқан үлкен орта: мұғалімдер, дәрігерлер, студенттер, зейнеткерлер бар. Қазір 3 зейнеткер келіп қазақша үйреніп жүр. Олардың ең үлкені 75 жастағы Валентина Иванқызы. Ол қазақтың өлеңдерін, әндерін жатқа айтып жүреді», - дейді Алена.  

Айтуынша, бүгінде еліміздегі азаматтардың арасында қазақша үйренуге талпынысы жоғары.

Алена Малькова-Солопованың негізгі мамандығы биология пәнінің мұғалімі. Ол Көкшетау қаласы құрылыс-технологиялық колледжінде студенттерге сабақ береді. Негізгі жұмысынан тыс уақытында AMANAT партиясының орталығына барып, «Сөйле» клубында қазақша тегін үйретеді.

Мұғалім Көкшетау қаласының Зеренді ауданы Троицк ауылында дүниеге келген. Мектепті орыс тілінде тәмамдаған, тәрбие көрген ортасы да орыс тілді. Алайда Алена университет білімін қазақ тілінде алған.

«Мектеп кезінен қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім жоғары болды. Тілден болатын жарыстарға қатысып, орын алып жүретін едім. Алайда орыс отбасында тәрбиеленіп, орыс сыныбын бітіргеннен соң маған университетте қазақша білім алу өте қиын болды. Ондай кезде топтастарым көмектесіп, қолдау білдіретін, сол үшін оларға алғысым шексіз», - дейді ол.

Алена әрбір отансүйгіш азаматтың негізгі парызы – қазақ тілін білу деп санайды. Ол болашақта қазақ және ағылшын тілдерін үйрететін орталық ашуды армандайды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар