Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

88 мектеп онлайн оқиды

10:24, 01 сәуір 2024 575

Оқу-ағарту министрлігі елімізде 88 мектеп төртінші тоқсанды қашықтан оқу форматында бастап онлайн оқытады деп мәлімдеді.

Су тасқыны қаупі сақталған аумақтардағы 56 мектепте және эвакуациялық пунктер ретінде айқындалған 32 мектеп қашықтан оқиды.

«Осы дүйсенбіден бастап 3 миллионнан астам оқушы үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Бұл ретте су тасып жатқан өңірлердегі оқушылар қашықтан оқуға көшеді. Жергілікті жерлерде Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мен өңірлік білім басқармалары жұмыс істеп жатыр. Эвакуациялық пунктердегі балаларға қажет көмек беру үшін психологиялық қызметтер іске қосылды. Балалар қашықтан оқу үшін қажет оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4-сынып оқушыларын тамақтанумен қамту мәселесі бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді ведомствоның ресми өкілі – баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.

Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады. Сондай-ақ қауіпті азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыру үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен елдімекендерде үй салуға 5 млрд теңге бөледі.

Қор мақсаттарының бірі – төтенше жағдай кезінде зардап шеккен халыққа көмектесу. Осыған орай, қор жалпы сомасы 5 млрд теңгеге су тасқынынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсетеді.

«Қайырымдылық көмек жергілікті атқарушы органдардың объектив тексеруі және ауылдық жердегі тұрғын үйді тиісті сараптама ұйымдары жарамсыз деп таныған жағдайда көрсетіледі. Растайтын құжаттар алынғаннан кейін қордың ішінде шешімді бекітудің тиісті рәсімдері жүргізіледі», – делінген хабарламада.

Қор 2022 жылғы сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қайырымдылық көмек беру тәжірибесіне сүйенеді. Сөйтіп қор су тасқынынан зардап шеккен ауылдарда сондай 200 үй салуға болады деп есептейді.

Айта кетейік, Астанада су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау басталып кетті.

Астананың волонтерлық штабы Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинай бастады. Жұмыс волонтерлық және қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп атқарылады.

Айта кетейік, Қостанай облысында су тасқыны қайталануы мүмкін.

«Қазгидромет» мәліметі бойынша, 31 наурыздан бастап Қостанай облысында ауа температурасы күндіз +20 градусқа дейін көтеріледі. Аптаның ортасында түнде облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр түрінде жауын-шашын болады.

«Осыған байланысты Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыстың оңтүстік аймақтарында су тасқыны қайталануы мүмкін деп болжап отыр. Оған қоса облыс орталығы мен солтүстігінде күрделі су тасқыны болуы мүмкін. Қарасу, Әулиекөл, Наурызым, Қамысты, Сарыкөл, Алтынсарин, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарына қауіп төніп тұр», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ресей Федерациясынан ірі өзендер бойымен су келуі мүмкін. Су ағыны өте жоғары. Жітіқара, Денисов, Қостанай, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданына қауіп төніп тұр.  

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар