Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда алаңда қалғандарға прокуратура мен әкімдік өкілдері келді. Полиция бірнеше адамды ұстап, босатты

03:42, 14 ақпан 2022 242
13 ақпанда күндіз Алматының Республика алаңында қалған ондаған адамға жергілікті прокуратура және әкімдік өкілдері келіп, шараның "заңсыз" екенін ескертіп, тарауды сұрады. Жексенбі күні бірнеше сағатқа созылған Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасынан кейін жиналғандардың бір бөлігі тарап, бір бөлігі қалған еді.



Полиция демонстранттарға дүкеннен тамақ әкелуге кеткен үш әйелді ұстаған. Олар Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Алаңдағы наразылар оларды босатуды және алаңға әкелуді талап етті. Ал прокуратура өкілдері наразылар митингіні тоқтатса, демонстранттардың талабын орындайтынын жеткізген.

Күндізгі 4 жарым шамасында ұсталған үш адамның босатылғаны хабарланды. Прокуратура өкілдері жиналғандарға өздерімен бірге прокуратураға барып, талаптары жазылған өтініштерін тапсыруды ұсынған. Жиналғандар келіскен. Алаңда қалғандардың басым бөлігі – "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастама топ өкілдері. Артынша он адам микроавтобуспен прокуратураға қарай кетті.

Кешкі сағат 5 жарым шамасында алаңда ешкім қалмады.

Жексенбі түсте Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап етті. Кейбір президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан. Бірнеше сағатқа созылған шарадан кейін наразылардың бір бөлігі тарап кеткен. Ал алаңда қалған ондаған адам палатка құрып, наразылықты жалғастыруға оқталған еді. Олар қала әкімі Ерболат Досаевтың алаңға келуін талап еткен. Көп ұзамай оларға құқық қорғау орган өкілдер келді. Аумақта полиция көбейіп, автозактар байқалған.

  • Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 227 адам қаза болды.

  • Құқық қорғаушылардың айтуынша, олардың басым бөлігі бейбіт азаматтар. Қоғам талабына қарамастан билік олардың аты-жөнін жарияламай келеді.

  • Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер қаза болғандардың аты-жөнін өз бетінше анықтап, жариялаған. Азаттық та олардың тізімін құрастырған. 11 ақпанда кешке оқиға құрбандарының тізімі жарияланған Азаттық парақшасы кенет ашылмай қалды. Елдегі ең ірі провайдер "Қазақтелеком" компаниясы түсініктеме бермеді.

  • Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақты ұрлау" және өзге қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды. Ұсталғандардың көбінің туыстары қамау кезіндегі азаптауларға шағымданды: олардың сөзіне қарағанда, полиция бөлімшелерінде жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен және электрошокермен күйдірген, қатты ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. Бұған дейін Бас прокуратура ұсталғандардан азаптау және заңсыз тергеу әдісін қолдану бойынша 300-ден астам шағым түскенін, 170-і бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Дегенмен ведомство әлі күнге дейін қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр.

  • Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар мен ұйымдар Қазақстан билігінен оқиғаны жан-жақты тәуелсіз ашық зерттеуге шақырған. Осы аптада Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды зерттеу тобына тәжірибелі халықаралық сарапшыларды да қосуға үндеген.




[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар