Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

14:29, 01 мамыр 2023 236

Жыл сайын елімізде 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтеді. Биыл да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, «Бұл – тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ. Түптеп келгенде, бәріміз – үлкен қара шаңырақтың, біртұтас қазақ ұлтының перзенттеріміз. Еліміздің өсіп-өркендеуі қолға алған реформалардың тиімді жүзеге асырылуына байланысты. Біз осы іргелі мақсаттарға мызғымас бірліктің арқасында ғана қол жеткіземіз. Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз» деп өз сөзін арнады.


Елімізде 1996 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан мерекеден Алматы қаласы да тыс қылмады. Алматыда Абай алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтті. Салтанатты іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та қатысты. Концерт "ЖасStars" тобы мен ҚР Мемлекеттік Еңбек сіңірген "Салтанат" би ансамблі орындаған "Қазақстан - достық бесігі" вокалдық-би композициясымен ашылды, көрермендер үшін қазақстандық және шетелдік әртістер өнер көрсетті. Бұл күні Алматы қаласындағы барлық ұлт өкілдері қаладағы мерекелік шараларға атсалысып, бірлік күнін бірауыздан атап өтті.

Сондай-ақ өз композицияларын халықаралық байқаулардың лауреаттары Зарина Хасаншина, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан халық әртісі Жеңісбек Пиязов және Беларусь Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жанет Бутерус орындады. Сахнада кәріс, кавказ, түрік, ұйғыр, поляк және т.б. ұлттық билер орындалды. Жылдағы әдетпен Абай алаңында Қазақстан халықтарының тағам фестивалі өтті: 15 мейрамхана қазақ, кәріс, грузин, орыс, ұйғыр және үндінің ұлттық тағамдарын ұсынды. Олардың кейбірі жиналған халыққа ұлттық тағамдарын тегін ұсынды.

Мерекелік іс-шаралар Жібек Жолы, Панфилов көшелерінде және Ғылым Академиясы ғимаратының алдындағы Ш.Уәлиханов атындағы скверде "Алматы Әуендері" әртістері мен "Алатау" дәстүрлі өнер театрының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, музыкалық топтардың және т.б. қатысуымен  өтті.

Мерекелік бағдарлама Абай алаңында кешкісін "Достық әні" концертімен жалғасты. Сахнада Айқын Төлепберген, Qanay, Әйгерім Қалаубаева, Артур Давлетьяров, Ayree және КeшYou тобы өнер көрсетіп жиналған көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?