Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты концерт өтті

09:27, 17 маусым 2022 284
Қазаққа талай ән сыйлаған Шәмші Қалдаяқовтың қазақ халқының тарихында орны бөлек. Сондықтан Алматы қаласында Шәмшінің әндеріне арналған шаралар жиі өткізіліп тұрады. Соның айғағы жақында ғана Алматының Республика Сарайында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты концерт өтті.

Кеште Шәмшінің көпке таныла қоймаған әндері шырқалып, ал танымал  әндерін халық әншілермен бірге қосыла шырқады. Ұлттық және вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өткен кеш халық көңілінен шықты. Залды көрерменге лық толтырған концерттің ұйымдастырушысы - Түркістан облысының Қалдаяқов атындағы филармониясы. Осы орайда Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Қазақ әні десе Шәмші кімнің болса да көз алдына елестейді. Мұндағы халықтың келуі де, билеттің өтуі де біздің көңілімізден шығып, қатты қуанып отырмыз. Осындай мүмкіндік бергеніне Алматы қаласының мәдениет басқармасына рақметімізді айтқымыз келеді», – дейді.


Шәмшіге арналған ән кешінің Алматыда өткізілуі тегіннен тегін емес. Осыған дейін 2020 жылы Алматы қаласында қазақ вальсі королінің 90 жылдығына арналған кеш өткізілсе, 2019 жылы Шәмшіге арналып ескерткіш те осы қалада қойылған болатын. Алматыда талай әнші Шәмші әндерін шарықтатып елге танытқаны да рас. Сондықтан Түркістан облысының Қалдаяқов атындағы филармониясының мәдениеттің ордасы Алматы қаласында Шәмшінің кезекті ән кешін ұйымдастыруға ұйытқы болып отыр. Қайтыс болғаннан соң ғана Халық әртісі атағын алған Шәмшіге оған дейін ақ халық «Қазақ вальсінің королі» атағын беріп тастаған болатын. Халық болып мойындап, барша халық берген атақтан артық не бар. Сондықтан халық мойындаған, әндері әр үйдің көңілді думанының «әнұранына» айналған тұлғаның ән кештері қалай тойланса да жарасады.


Шәмшінің өміршең әндерін дәріптеуді мақсат еткен концертке Тззүркістан облысының мәдениет қайраткерлерімен қатар, еліміздің танымал әншілері де қатысты. Осылайша ұлтқа ортақ ұлдың әндерінің де жалпы халыққа ортақ екенін танытты.  Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева «Концерттің ерекшелігі «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрімен бәрі жанды дауыста өтті. Шәмші атамыздың бүкіл әні шырқалды», – дейді. Алматының төрінде талай әншінің ән шырқауына себеп болған Шәмшінің мұндай кешінің Алматыда ұйымдастырылуы заңдылық деуге болады. Жанды дауыста шырқалған әндер Шәмшісін сағынған елдің көңілінен шықты.

Атап өтер жайт, Алматыда Шәмшісін жоқтаған халыққа арналып өткізіліп отырған бұл алғашқы шара емес. Жақында «Шәмшісіз өткен 30 жыл» атты кітап көрмесі де өткен болатын. Алматы қаласының Ұлттық кітапханасында мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен  жиында алматылық өнер сүйер қауым бас қосты. Қоғам қайраткерлері мен кітапхана қызметкерлері бас қосқан шарада ұлттық нышандардың мерей-мәртебесін өсіру арқылы өскелең ұрпаққа отансүйгіштік қасиетті сіңіру мәселесі сөз болды. Кездесу аясында «Шәмшісіз өткен 30 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жиналғандардың көңілінен шықты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі. «Шәмші Қалдаяқов – мемлекеттік әнұрамынымыздың авторы. Мемлекеттік рәміздерге қатысы бар адам болғаннан кейін осы шараны өткізіп отырмыз. Мұндағы тағы бір ерекшелік мынау көп адамдар қазір соңғы кезде мына мемлекеттік рәміздерді жерге таптайтын болды. Бұл заңды қатайту керек», – деп өз ойымен бөлісті. Шарадан жалпы халықтың Шәмшіге деген ықыласы ерекше екенін байқадық.

Арамыздан кеткеніне отыз жылдан асса да халық тарапынан құрмет пен қошемет кемімеген тұлғаға жақында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы да берілді. Қазақ халқының музыка өнерін дамытуға айрықша еңбек сіңірген композиторға халық тарапынан әлі де болса талай шара ұйымдастырылары анық. Өйткені мәдениет пен өнер ордасы атанған қала тұрғындарының, алматылықтардың Шәмшіге құрметі ерекше!

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар