Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тынысы бөлек туристік қала

09:18, 20 маусым 2022 280
Алматы – туристік аймақ. Қала қай жағынан алып қарасаңыз да, туризмге сұранып-ақ тұр. Табиғаттың сұлу жаратылысынан болу керек, Алматыны көруге келетін саяхатшылар саны жылдан жылға артып отыр. Өз еліміздің тұрғындарынан бөлек, Алматыны көруге келетін шетелдік туристердің де саны еселенуде. Өйткені, Алматы бір жағынан көркем-көрікті, жасыл желекті қала болса, екінші жағынан тарихы терең, мәдени-рухани астана.

Алматы – жап-жасыл саябақтарымен, бау-бақшаларымен көркем. Оның үстіне, арқасын асқақ Алатауға сүйеген шаһар жыл он екі ай туризмге таптырмайды. Шетелдіктердің өзі Алматының жаратылысына таңдай қағады. Мәселен, шетелде мұндай тарихи қаланың жанында асқар тау, айдынды өзен, көл, құмды алқап, жасыл бел, жазира дала кездесе бермейді. Ал Алматыда осының бәрі бар. Мәселен, қаланың түстігі қарлы Алатау, теріскейінде Қапшағай су қоймасы, құмды алқап, шаһардың батысы мен шығысында жасыл бел-жазира дала жатыр. Осындай жаратылысы таңғажайып шаһар туризмді қала болмауға хақысы жоқ!

Алматыға келген қонақтар мен саяхатшылар ең алдымен қаланың тарихи ғимараттары мен музейлерін, саябақтарын аралайды. Бұл жазылмаған қағида сияқты. Қазір шаһарда бірнеше музей жұмыс жасап тұр. Оның ішінде Орталық музей бар. Одан бөлек, Қазақстанға қызмет еткен мемлекет қайраткерлері мен қаламгерлердің де мұражай үйлері бар. Мұражай үйлер ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет. Қонаев, Әуезов, Мұханов, Мүсіреповтердің музей үйлеріне барған жастар Қазақстанның өткен тарихын ғана емес, болашағын да көріп қайтады. Өйткені, бұл музей үйлердің қонақтарға беретін әсері ерекше! Барған адам арқаланып, шабыттанып, өткен ғасырға барып қайтады. Ал орталық музейдің жолы да, жөні де бөлек. Оған кірген туристер қазақ деген халықтың бай мұрасын танып-біліп, Қазақстанның мыңдаған жылдарға созылатын терең тарихын жан-дүниесімен сазынып шығады.

Алматы туризімінің тағы да бір байлығы – саябақтары. Бұл саябақтардың тарихы ұзақ. Онда бірнеше ғасыр болған ағаштар кездеседі. Қала қанша жаңарса да, саябақтар шаһарға сән беріп, қаланың жасын бірнеше ғасырға тереңдетіп тұрады.

Үлкен Алматы көлі қалаға келетін туристер үшін таптырмас аймақ. Жаздың аптап ыстығында саяхатшылар үшін Алатаудың төбесіндегі айдынды көлден артық жайлы мекен кемде кем.

Медеу мен Шымбұлақ – Алматының ғана емес, тұтас Қазақстанның мақтанышы! Шымбұлақ пен Медеу мұз айдыны жыл он екі ай келушілер үшін қызмет көрсетеді. Бұл екі орын – Алматының төлқұжаты. Демалушылар үшін де бұдан артық жер жоқ.

Көктөбе, Көжайлау, Ойқарағай – Алматының жұмақ төрі. Мұндай көркем, көрікті табиғаты бар қаланың көркем болмауға, туристік шаһар болмауға хақысы жоқ. Мысалы, өткен жылғы деректерді келтірсек, әрбір екінші шетелдік турист Алматыға келді екен. Нақты сандармен айтар болсақ, мәселен соңғы 5 жылда шетелдік туристердің саны 301 000 адамнан 435 600 адамға артқан. Бұл 1,4 есе деген сөз. Ал ішкі саяхатшылардың саны 2,1 есеге: мәселен 420 мыңнан 898 мың адамға дейін артқан. Сондай-ақ туристердің жалпы саны 85 пайызға өсіпті.

Қазақстанда туризм индустриясын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалған болатын. Оның аясында Алматыда тау кластерін дамыту қолға алынып жатыр. Пандемия кезінде таза ауада демалудың, тау кластепрін дамытудың қаншалық маңызды екеніне тұрғындардың көзі әбден жеткен болатын. Сондықтан да Алматыда таза ауа туризмі дамуы керек!

Кемел ЖАН

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар