Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

АЛТЫН АДАМНЫҢ АТАМЕКЕНІНДЕГІ «МУЗЕЙ ТҮНІ»

07:26, 10 маусым 2022 188
2022 жылдың 09 маусымында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей түні» іс-шарасы өтті. Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен ақпарат алуына үлкен мүмкіндік туды.  «Есік» музей-қорығы атаулы шараны алтыншы рет өткізіп отыр.



«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, т.ғ.к. Мухтарова Гүлмира райылқызы іс-шараның ашылу барысындағы алғысөзінде барша қонақтарды осынау мерекемен құттықтай келе, «Есік» музей-қорығындағы «Музей түнінің» неге мамыр айында емес, маусым айында өтетінінің себебі музейдің құрылған күнімен байланысты екенін атап өтті.

«Музей түніне» келген қонақтарға 4 бірдей экспозициялық залдар бойынша тегін экскурсиялар жүргізілді.

«Музей түні» алдымен «Алтын адам құпиялары» атты жастар мен мектеп оқушыларына арналған квест ойынымен басталып,  жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуға деген қызығушылықтарын оятты.

«Есік» музей-қорығының бас суретшісі Д.Бектемировтің авторлық көрмесі ашылып, автордың қолынан шыққан тың туындылардың дайындалуы жөнінде шеберлік сабақ өткізіледі.



«Ұста Дәркембай қолөнер музейінің» шеберлері «Шеберлер жауһары» атты көрмесімен бірге зергерлік өнер мен көзе жасаудан шеберлік сабақтарын музейге келген қонақтарға көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қ. Қ. Көдековтың «Ғасырлар толғауы» және шәкірті Т. Қ. Калиеваның «Шамшырақ» атты көрмелері де көпшілік қауымға жол тартты. Әбу Ақмаралдың «Шебер қолдар» шеберлік сабағы қазіргі таңда тренд болып жатқан қыз-келіншектердің тақиясын тігудің қыр-сырымен бөлісті. Музей түніндегі қонақтардың арасында тақияға деген қызығушылық танытушылар көп болды.

Балалар жылына орай «Айлин» және «Renior art» шығармашылық орталықтарының «Бәрі өз қолымызда» атты көрмесі де көпшілік қауымға ұсынылды. Балалар шығармашылығының көрмесінде келуші қонақтар сақ ханзадасы, сақ жауынгерінің келбеті, тарихқа жаңа көзқарас сынды түрлі тақырыптағы майлы бояумен және қарындашпен салынған картиналарды тамашалады. Балаларға арналған аквагрим өнеріне деген көпшілік қауымның қызығушылықтары ерекше болды. Сонымен қатар сақ мың бояуы шығармашылық ойындары да балаларға ұсынылып, гипстен жасалған түрлі мүсіншелер боялып, петроглифтердің көшірмесі жасалды.

Музейдің жас қонақтары аспан астында құрылған сахнадан «Күлтегін», «Мұзбалақ» мультфильмдерін тамашалады.

Байдаралы отбасы ұсынған ерте көшпенділердің «Бес қару» жауынгерлік өнеріне деген көпшілік қызығушылығы тіпті ерекше болды.  Есік қаласынан орын тепкен Алматы облысының балалар мен жасөспірімдердің спорттық туризм және экскурсия орталығының білім алушылары көрсеткен шеберлік сабақтар мен жаттығулар музей қонақтарының көңілінен шықты.

Музей аумағында қазақтың ұлттық ойындары садақ ату, арқан тарту, алтыбақан және асық ату ойындары да ойнатылды.

Музей түні шарасы аясында Қаракемер мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасында әсем ән айтылып, күмбірлеген күй тартылды.

Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды.

Қанағат Көдеков. ҚР суретшілер одағының мүшесі, кеш қонағы

Еліміздің мәдени өмірінде, әсіресе ірі қалалардан шалғай жатқан аймақтарда осындай игілікті іс-шаралар жиірек өтіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, ел дамуына, ел азаматтарының рухани өміріне мәдениеттің әсері орасан зор. Қандай да бір мемлекет экономикасының дамымауынан емес, мәдениетінің тоқырауынан ақсайды. Қоғам мәдениетті болған жағдайда елдің ертеңіне алаңдамауға болады. Бүгінгі «Есік» музей-қорығының осынау іс-шарасына өзім де көрме авторы ретінде қатыстым. Бұл музейдің мәдениет және ғылым саласында атқарып істері көңілімнен шығады. Осыған дейін мәдениет ошақтары үлкен қалалар болып келсе, осындай игілікті іс-шаралар арқылы ендігі жерде ауыл-аймаққа да мәдениет дәнегін сеуіп, сеуіп қана қоймай жайқалтып өсіруге тиіспіз.



Ардақ Тұрыссбай. «Аспан» баспасының директоры, кеш қонағы

Бүгінгі «Есік» музей-қорығындағы «Музей түні» маған айырықша әсер қалдырды. Баспамыздың көрмеге қойылған кітаптарын жұрт жылы қабылдады. Тіпті кейібір кітаптарымызды таласа-тармаса сатып алып та жатты. Әрине, қашанда руханиятқа сусай білген жұрттың келешегі кемел болмақ.

Бауыржан Орысбек. Есік қаласының тұрғыны, кеш қонағы

«Есік» музей-қорығы «Музей түні» іс-шарасын талай жылдан бері өткізіп келеді. Шынымызды айтсақ оған дейін мұндай іс-шара жөнінен   бейхабар екенбіз. Өз басым бұл музейде өткен бірде-бір «Музей түнін» құр жіберген емеспін. Өзіме де, отбасыма да осындай музей мерекесі қатты ұнайды. Мұнда сан түрлі көрмелер де, неше түрлі қызықты іс-шаралар да өтеді. Биылғы «Музей түні» де көңілімізден шықты. Әсіресе, балаларға көңіл бөлінгені, балалар шығармашылығын насихаттауға назар аударылғаны қуантып отыр. Ауданымыздың мәдени өміріне жаңаша леп әкелген музей ұжымына зор жетістіктер тілейміз!

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?