Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Жақсы мінезге тоқтаған адам аз, білім біліммен, мінез - мінезбен

14:19, 02 сәуір 2024 625

Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап, сөз болып сөйлетеді, я жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл,сөз, іс - сырат көпірінен өтпей жұмысқа айналмайды.

Бұл ақыл, сөз, іс үшеуінің қиындығын "көпті көрген білер, алысты жүрген білер" дегендей ойлаған, сөйлеген, жазған, жұмыс қылған білер: "көкіректе сайрап тұр, тілді құдай байлап тұр" деген, ойын-ақылын сөз қылып сөйлей алмаған бейшаралардан қалған.

Ақылды сөз қылу сондай қиын. Лев Николаевиш Толстой жазған хатына өзі ғұмырында риза болмай өлді, адамзатта мұнан жүйрік жоқ десе кінә болмас. Орыс жұртының жұрттан асқан ақыны Пушкин бір хатын отыз қайтара түзетіп басушы еді. Ал сөз сөйлетті, сөз жазды, бұл іс бола қоя ма? Адам баласы сөзін жазып, тасқа басып сақтағанынан бері қанша түзулік әділдік, жақсылық жол айтқан кітаптар жазылған; қане, бұл кітаптардың сөзі іс бола қойғаны?! Бұл кітаптар ышкафта шаң болып жатқан жоқ па.

Дүниеде не болса бірте-бірте, аздан ілгері басып болады. Жас баланың һәм шаш-сақалды өскені мысалды. Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын.

Ақсақал Досмайыл қажы Қашқынбаев (қажының "Қашқынбаев" дегені қалай, Қашқынбайұлы емес пе еді?!) қазақтың шәкірттеріне болмас дау салып жүр.

Қазақта қанша шәкірт бар? Жылына бес жүз қазақ баласы үлкен медреселерде оқиды десек, бұл екі мың үйге бір шәкірт болады. Бұл жалғыз шәкірт екі ұлыс ел ешінде шалғынға түскен инедей жоғалмай ма?

Қазақ жұрты түптеп келе жатқан зорлық, тепкіде өскен. Бастықпын десе көлеңкеде тік тұрып, сүттей ұйып, бейшара шәкірт сөзін, мұның басына нұр жауып тұрса, тыңдай ма?

Осы күнгі шәкірттен мұнша сұрайтын бұлар кім еді?

Жазылған, айтқан сөзді қайда болса да, қашан болса да жұрт ресми жықпақ қыранда неше жерде жазылған әділ деп: айыр тұяқ төрт аяғында сегіз бақай (мұнда шошқа жоқ). Жылқы айыр тұяқ емес, төрт аяғында сегіз бақайы жоқ. Қазақ жылқыны, қыранды бірдей ұстап жүр; қыран мұның қалай демейді, молласы жұрт рәсіміне қарсы тұрып айтпайды. Жұрт рәсімінің күші осы.

Осы күнде біздің қазақта бала оқыту рәсім бе? Үйінде тамағы бар бала - ер жетсе қатын алмай ма? Мұнан асатын мал болса, "сайлау" деп арамтерге кірмей ме?

Мұсылманша оқу іздеп, жанын жалдап, талап қылып жүрген қазақ баласы - сыпыра кедей балалары емес пе? Мұның ішінде ілуде біреуі болмаса бай баласы.

Жаз болса тамақ үшін жұрт қыдырып, ел ақтайтыны шәкірттердің осы кедейлігі емес пе? Осылайша бейшара ... біреуге қонақ болып жүріп, бұл шәкірт не үйретпек, үйде қолға су құйып, қонаққа саба пісіп, қымыз сапырып жүрген қызметші сөзін кім тыңдамақ?

Өзі осындай халде ғұмыр өткізген шәкірт мінезі бұзылмай тұрар ма? Осы көріп жүрген қиын жамандықтың бәрін аттап өтіп жақсы шәкірт шықса, бұл бір қазақ жұртының алтыны емес пе, отқа-суға салса тот баспайтын?

Бала оқытуға рәсім қылған жұрт баласын қыс оқытады. Жаз бала қуанышта, үйінде болады.

Біз шәкірт тамақ асырай келді деп, жас баланы қызықты ғұмырынан қалдырып, ит-арқа астына қамап, абақтыға саламыз, оларға ақсақал Досмайыл қазаққа жол айтпадың деп ұрысып отырған шәкірттерді күзетші қыламыз. Осыны да бала оқытқан деп мақтау қылып газетамызға жазып жатырмыз, надан болған соң не шара?!

Сонау қырдан талпынып, алты-жеті жыл оқу қуалап Қазан, Уфа, Орынбор, Тройскі баарған талапкер балалар, екінің бірі бос қазақ емес қой! Жігіттігі бар, жігіті аз қазақ жұртына осы жігерлі балаларды жүдетпей оқуын бітіруге жиһат қылып, ақша жиып, әр ел өз шәкіртіне беретін жөні бар ғой!

Осылай көтермелеп: жаз қаңғыртпай, тамақ-ай деп көңілін бөлмей шәкірттерді жұрт пұлына оқытып, осының ішінен шыққан жүйрігіне мұның қалай? - деп Досмайыл ақсақал дауын сонда айту керек қой!

Осы оқу туралы Досмайыл ақсақал хаты сияқты газетада жазылған хаттардан көрініп тұр: бір сөз қисық шығып барады. Ол оқу; оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлар болса, бұл адасқандық болды. Оқу-білім бір, оқу ұлғая білім болады. Білімнен мақсат шықпайды. Әзәзіл ұжмақтан надандықпен шыққан жоқ. Балқан соғысында екі жүз мыңнан аса адам өлді, бұл соғыс білімсіздіктен емес. Ұлтыңа, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. Адам баласын өзіңдей жақсы көр, сүй деген мінез айтылғалы екі мың жыл болған, онан бері білім отарба, телеграм, телефон, айроплан шығарды, жақсы мінезге тоқтаған адам аз, білім біліммен, мінез - мінезбен. Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы бола ма, жаман бола ма, мұны Құдай білер.

Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білетіндерінен көріп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай? Бұл білім-мінез жолы таусылмайтын ыстатия жолы. Бүгін Досмайыл ақсақалдан сөз айыруға қысқартып жаза салдым, Құдай бұйырса, тағы бұл сөзге айналармын.

Әлихан Бөкейхан "Ашық хат" мақаласынан, "Қазақ" газеті, №21, 1913 жыл.

Дереккөз: Бөкейхан Ә.Н. Шығармаларының толық жинағы. 7 томдық.– Астана,2010 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар