Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан неге "Еуропа хайуандық сапарынан қайтқан жоқ" деді?

14:58, 11 наурыз 2024 428

Бізге даму үшін идея керек. Ол идеяны біз дамыған батыс пен шығыстан іздейміз,отыз жылдық тәуелсіз деп аталатын кейінгі тарихымызда кімнің шапанын иығымызға жамылып, кімнің бөрігін басымызға киіп көрмедік, кебісіне де жабыстық, ол тек біреудің батыcшыл, екінші біреудің шығысшыл болуына, тағы біреулер маргиналданып шетін жолға түсуіне,енді бірінің қарабайырланып орта ғасырға бет бұруына, басқа да көптеген "орысқұл, арабқұл, қытайқұл" деген сияқты «-шылдар» мен «құлдықтарға» әкелді. Гейлер, лезбиандар, кешегіндей "жатыр иеленушілер" пайда болды.

«Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ»,- дейді алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Бірер ғасыр бұрын «өнер» деген сөздің мағынасы кең еді, кейін тілімізге «мәдениет» сөзі енгенде «мәдениет пен өнер» қатар айтыла келе, бүгін өнерді тек «музыка» деп түсіну қалыптаса бастады. “Жігітке жетпіс өнер де аз” деген мақалға қарасақ, ақылы бар адамға ғана тиесілі, өзіне де, адамзатқа да әр салада пайда келтіретін, руханиятты байытатын адамның іс-қимыл, қарекетімен жасалатын туындыны «өнер» деген. Ал біздің ұлттық төл музыкамызды өзіміз қор қылғанымыз бен дүниежүзінде «классика» деп еуропалық музыка қабылданғандығы болмаса, төл өнеріміз тарихы жағынан да әрі барып, көркемдігі мен алуандылығынан да терезесі тең тұр деп ұялмай айта аламыз. Мысал ретінде Еуропада скрипка орта ғасырда крест жорығынан кейін пайда болып, оның атасы арабтың ребабы, қазақтың қобызы екенін айтсақ та жетеді.

Әлихан өнерді мәдениеттен бөлмей айтып отыр. Бұл жерде Әлихан ғалым ретінде «өнер» деп технологияны айтып отыр. Ал технология – оқу-ғылымның туындысы. Бірақ оқу-ғылым жақсы болғанмен одан мінез түзелмейтінін меңзейді алаш арыстаны. Сонда Еуропаның хайуандығы неде? Бізде бар, оларда жоқ не бар? Табиғатпен біте қайнасқан, тіпті көк шөпті босқа баспаған, қасқыр тұрмақ құмырсқаны босқа өлтірмеген, үйге кірген жыланға да тиіспей, басына сүт құйып үйден шығарған көшпелі бабаларымыз ақылымен де, күшімен де ғасырлар бойы әлемді мойындатқан, сөйте тұра жесірін жалғызсыратпай, жетімін жарылқаған, жеріне жауды жолатпаған, әділдігі мен мейірімділігі қоса жүрген мінезі – ұлттың негізгі жоғарғы моралдық құндылықтары бар еді.Кейінгі ғасырларда, бодандық уақытта, әртүрлі соғыстар мен аштықтарда халықтың жақсы мен жайсаңы күресем, құтқарам деп бірінші қырылды, содан келесі ұрпақ нашарлап, яғни кері селекция жүрді.

Қырылып азайған, тағдыр тепкісінен, жоқшылықтан өткен сол ұрпақ кешегі мінезінен, басты құндылығнан айырылып, басқаның құндылығына қызыға қарай бастап, әрі сол технология тұрмысты жеңілдеткендіктен, ал тұрмыс сананы билегендіктен, олардың технологиясымен қоса хайуандығын да құндылық ретінде қабылдап, өзгеріске ұшырап жатырмыз. Тәрбие кетіп, дәстүрді тастауымыз мұң екен, қызымыз некесіз туып, баласын дәретханаға тастады, ұлымыз қолына мылық алып өзі хайуаннан асып, тірі жануар қалдырмай қыра бастады, гейлер мен лесбияндар шықты. Бауырмалдылық жоғалып, ағайынның араласуы тоқтады, бір-біріне қарайласуды қойды, ажырасу, жүкті әйел баласын алғызып тастау нормаға айналды, толеранттылық деп тоғышарлыққа, жөнсіздікке төзу, адам құқы деп үлкенді, тіпті әке-шешесін сыйлау жайына қалды. Толеранттылықтың деңгейі асқынғаны соншалықты, ол жайында мынадай қалжың пайда болды: «Толеранттылық ақылдылардың ойлауына тиым салады, өйткені ақылды ойлар ақымақтардың сезімін қорлайды». Өтірік мақтанға негізделген идеология жемісін берді. Құл төбеңе шықты, күң көшеңе шықты.

алаштанушы ғалым Сұлтан Ыбырай

Facebook парақшасынан

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар