Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақ елінің жері саудаға түспейді" - Ә.Бөкейханның нұсқауымен жазылған қазақтың тұңғыш конституциясы

18:09, 10 наурыз 2024 481

Назарларыңызға 1911 жылы Алаш қайраткері, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның нұсқауымен жазылған Қазақ елінің тұңғыш конституциясы, заңгер Барлыбек Сыртановтың "Қазақ елінің уставы" еңбегін ұсынамыз.

І. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында

1.Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.

2.Қазақ елінің жеке туы бар.Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады.Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар.Жасыл түс-елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл-ел қорғауда төгілген қан, сары-қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.

3.Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.

4.Қазақ елінде ең басшы орыны-Ұлт мәжілісі.Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.

5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ;

6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.

7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.

8. Қазақ елі президентінің орынбасары - Вице-президент. Ол президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.

9. Қазақ жерінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады.

ІІ. Адам баласының хұқы туралы

10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.

11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.

12. Қазақ елінде ер адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.

13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруға һәм партияларға кіруіне тиым жоқ.

14. Нәсілдерді бір-біріне қарсы итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тиым салынады. Кінәлілер законға жауапты.

15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хұкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.

16. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру - соттың мойнында.

17. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан ауыру законмен, құнын төлеу арқылы болады.

ІІІ. Қазақ жері турасында

18. Қазақ жері оның меншігінде болады.

19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.

20. Жердің кені, орман, суы, көлі һәм тауарлары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады.

IV. Сот турасында

21. Сот билігі өз еркімен іске асады.

22. Соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне жүгінеді.

23. Судьялар дау шешкенде хүкметке яки адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелеріне сүйеніп хүкім шығарулары шарт. Субьяларға әсер жасағандарға соттың хүкімі кесіледі.

24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.

25. Орнынан алуды адам баласының арызы негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса судья өз атына қайтарылады.

26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.

27. Пристяжный соты ауыр қылмыстарды шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам.

28. Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алады.

Дереккөз: Сәкен Өзбекұлының "Барлыбек Сыртанов" атты еңбегінен алынды

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар