Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақыртөбеде не көпір жоқ, не жер асты өткелі жоқ: тұрғындар автожолды кесіп жүр

20:55, 24 маусым 2024 829

Жамбыл облысында Ақыртөбе деген ауыл бар. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойындағы елді мекен. Тұрар Рысқұлов ауданына қарайтын осы Ақыртөбе ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері арыз айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

Alash.kz ақпараттық порталының редакциясына қоңырау шалып, бізден ақпараттық қолдау сұрады ауыл тұрғындары. Мәселенің мәніне көз жеткізу үшін бірнеше тұрғынмен тілдесіп, проблеманы зерттеп, қажетті құжаттарды қарап шықтық.

Әңгіме былай екен:

Ақыртөбе ауылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында орналасқандықтан, ауыл тұрғындарының күнделікті шаруасы осы жолға тікелей байланысты. Яғни ақыртөбеліктер халық аузында «автобан» аталып кеткен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автожолын кесіп өтуге мәжбүр. Қалыпты жағдай деп ойлауыңыз мүмкін.

Алайда, ауылдың тұсында жаяуларға арналған жолақ немесе көпір жоқ. Ауыл адамдарына арнап салған жол үстіндегі көпір Ақыртөбеден 1 шақырым қашықта жатыр. Оған барып-қайту қартаң адамдар мен аяғы ауыр, балалы адамдарға ғана емес, жастардың өзіне де жақын емес.

Бір қызығы, көпір тұрған жерде мал бағатын үш адамның үш үйі ғана тұр. Сонда әуел баста бұл көпірді саларда «ҚазАвтоЖол» қайда қараған, қалай рұқсат берген? Ауыл тұрғындары үшін салынған болса, неге Ақыртөбенің тұсына түспеді?

Ақыртөбеліктер сол 1 шақырым қашықтағы көпірді айналып өтуге мәжбүр, бірақ қашанғы алыстағы көпірді айналсын, ауыл тұсынан үлкен жолды тура кеседі екен. Қауіпті! Жолдың ортасында темір қоршау тұр. Содан аттап-пұттап өтіп, ары қарай құстай ұшқан машиналардың арасынан жүгіріп өтеді тәуекел етіп. Жастар үлгеріп өтіп кететін шығар, үлкен кісілерге қиын. Бұны – бір деңіз!

Екінші.

Ақыртөбеліктердің негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Күнде таңертең малын өріске айдағанда «автобаннан» өткізу үшін тағы қиналады. Себебі, не жердің үстінде мал өтетін көпір, не астында өткел жоқ. Ауылдың төрт түлігіне арнап салған жер астындағы өткел екі шақырым қашықта. Ауылдың сауын сиыры, қой-ешкісін тұрғындар күнделікті сол өткелге дейін айдап барады. Өткел жауын-шашында суға толып қалады. Ірі қара болмаса, ұсақ малға қиын. Сондықтан, тұрғындар қашықтағы өткелді айналмай, «автобанның» үстімен сиырын айдан, қойын қуып жүр. Өте қауіпті. Мұны екі деңіз!

Үшінші.

Ақыртөбенің жиырма-отыз отар малы бар. Қыста құмға, жазда жайлауға шығады. Сол малды көшіргенде Ақыртөбеден батысқа қарай 8 шақырым жерде үлкен жер асты өткелін айналып өткізеді екен. Ол да қиямет. Алыс, содан кейін тұрғындарға мүлде қолайсыз. Сондай өткелді ауыл тұсынан салуға еш қиындық жоқ екенін айтып отыр тұрғындар. Жер асты өткелін салуға ауылдың жанындағы жер жағдайы да ыңғайлы дейді. Оны өлшеп, пішіп отыр ақыртөбеліктер.   

Төртінші

Ақыртөбенің 140 тұрғыны Жерасты газ қоймасында жұмыс жасайды. Сол жүзқаралы адам ертелі-кеш «автобанды» кесіп өтеді – бір. Екінші, тура ауыл тұсында аялдама жоқ. Бұрын болған. Сол аялдаманы жаңа жол салғанда 150 метр жерге апарып тастапты. Сонда оны кім үшін көшірген? Жұмысшылар ауыл тұсынан не көлікке міне алмайды, не түсе алмайды – 150 метр жерге баруға тура келеді.

Көпір алыс, жер асты өтекелі қашық, аялдама жоқ. Сонда осының бәрін неге Ақыртөбеліктерге арнап жеңілдетіп жасамағанына таңқаласың?! Ауыл тұрғындары «ҚазАвтоЖолға» талай хат жазған: көпір салып беріңіздер деп! Құлақ асқан ешкім жоқ дейді жұрт. Жамбыл облысының Полиция Департаментіне де талай арыз жолдапты: аялдама салып беріңіздер деп. Ләм-мим деген құзырлы орган болмапты.

Сонда «автобанды» кесіп, темірқоршаудан аттап өтіп жүргенде ақыртөбеліктерді көлік қағып, адам өлімі тіркелгенде ғана, «ҚазАвтоЖол» бұл мәселемен айналыса ма?

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар